Аймақтар • 21 Ақпан, 2019

Адамдары автобуспен жүретін қала бақуатты

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбектің тұрғын­дармен есептік кездесуінде шаһардағы әлеу­меттік инфрақұрылыммен бірге көптеген өзекті жайттар, әсіре­се қала экологиясының мәсе­лесі қанша шаралар қабылданып жатса да шешілмей, керісінше үдей түскені кеңінен сөз болды. 

Адамдары автобуспен жүретін қала бақуатты

Дәріханаларда баға әркелкі

Алматылықтарды толғандырып жүрген мәселелердің бірі – дәріхана­лардағы бағаның ала-құлалығы. Осы шағымға байланысты есептік кездесуге қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев бөлшек саудадағы дәрі бағасын мемлекет өз бақылауына алғанын айтты. Ол дәрілік заттардың айналымы бойынша заң қабылданғанын, сәуірден бастап мемлекеттің бөлшек саудадағы баға нарқын реттейтінін, бұл Еуропадағы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп қабылданғанын атап өтті. «Бұл орайда бизнесте табыс қалады. Дәрілік бизнестің табысын шамамен білеміз. Мемлекет бизнес пен тегін дәрі алатын пациенттер арасында дұрыс қатынас қалыптастыруға тырысып жатыр», деді Е.Досаев. Ол сондай-ақ өңірлерде ешкімге қажеті жоқ дәрілерге тапсырыс берілетінін айтты. Осы орайда жүйе тұңғыш рет электронды құжат айналымына келтіріліп, бөлшек сауда бақыланатынын, енді дәрігерлер қажеті жоқ дәрілерді жазбайтынын, бұл жұмыс биыл шегіне жеткізілетінін айтты. 

Шаһар басшысы Премьер-Министр орынбасарының сөзін қуаттап, цифрлы технологиялар субъективті факторды болдырмайтынын, дәрігерлердің де өзара байланысы болатынын, олардың үстелінің үстінде белгілі бір фирманың логотипі бар қалам жататынын жа­йып салды. Мұндай бассыздыққа жол бергендер лауазымымен қош айтысатынын да ескертті. Мәселен, былтыр медициналық мекемелердің басшыларына қатысты 29 тәртіптік шара қолданылды, 12 басшы қызметінен қуылды. Сондықтан қалада денсаулық сақ­тау жүйесін қалыптастыру мақ­сатында жол картасы қабылданды.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы

Жалпы, Алматы қаласының әкімі де қала тұрғындарына, оның ішінде көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетудің тиімділігін арттыруға назар аударды. Бұл ретте еліміздің ең ірі мегаполисінде «Бақытты отбасы» арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы қолға алынбақ. Бүгінде кезекте тұрған 1276 көп балалы және толық емес отбасының көпшілігі тұр­ғын үйдің алғашқы жарнасын төлей алмайтындықтан оларға қала бюд­жетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары берілетін болады. «Алғашқы жарна пәтер құнының 10%-ын құрайды, төлем 18 жылға 2%-бен беріледі. Біз өткен екі жыл ішінде «Алматы жастары» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырдық. Құны 10 миллионға дейінгі 238 пәтер жас отбасыларға 5% несиемен берілді. Бұл істе тәжірибеміз бар», деді Б.Байбек. 

Жаңадан салынған үйлердегі құны 15 млн теңгеден аспайтын шағын пәтер­л­ерге ғана несие беріледі. Биыл Алатау және Наурызбай аудандарында осы іспетті 500-ден астам пәтер беру жоспарланып отыр. 

Қала әкімінің айтуынша, соңғы екі аптада 600-ден астам анамен кездесу өткізіліп, жүздеген өтініш сараланды. Ең өткір мәселелер қатарында тұрғын үй, коммуналдық қызмет төлемі, оқу мен жұмысқа орналасу тұр. Барлық өтініштер Үкімет жанындағы жұмыс тобына жіберілді. Б.Байбек көп балалы және мұқтаж отбасылардың балаларын балабақшаға тегін апаруға мүм­кіндік бар екенін айтты. «Ата-аналар бала­бақ­шадағы баланың тамағы үшін 18 мың теңге ғана төлейді, қалған 27 мың теңгені мемлекет субсидиялауда. Тек өткен жылы мемлекеттік тапсы­рыс бо­йынша балабақшадағы 51 мың орынға 16 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл сома 1,8 миллиардқа артты. Егер көп балалы тұрмысы төмен отба­сы­ның екі және одан да көп баласы бала­бақшаға баратын болса, онда отбасылық бюд­жет жүк­темесі де жоғары болады. Сон­дық­тан «Бақытты отбасы» бағ­дар­ламасы аясында тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға тегін беруге болады», деді қала әкімі.

Б.Байбектің айтуынша, полицияның материалдық-техникалық қамтылуына жергілікті бюджеттен 14 млрд теңге бағытталды. Қазіргі таңда қалалық полиция бейнебақылау камераларымен, GPS навигаторлармен 87 пайыз қамтылды. Бұл жұмыстар қалада сыбайлас жемқорлық көрсеткішінің санын азайтуға септігін тигізеді. 

Ауаны көліктер ластайды

Алматы әкімі қаладағы авто­тұрақ­тарды азайту шарасының соңы дауға ұласқанын жеткізді. Тұрғын­дар­ пікірінің бір жерден шықпауы шаршатқан шаһар басшысы тіпті мұның таза ауаны қалыптастыруға да әсері бар екенін ашына айтты. «Мен де сол лас ауамен демалып жатырмын. Балаларым үшін де, жақындарым үшін де, Алматы тұрғыны ретінде де алаңдаймын», деді ол. Қала әкімі Алматы ауа бассейні­нің ластануына 70 пайыз көліктер­дің бөлетін улы газы себеп болатынын жеткізді. Сондықтан 10 шараның жетеуі көлік санын азайтуға бағытталып отыр. «Қалада 30 жолайрық салынды. Көліктер азайды ма? Керісінше, ың­ғай­лы жағдай жасаған сайын көлік саны көбейе түседі. Қаланың кедей тұр­ғын­дары көлікпен жүретін қала бақуат­ты емес, керісінше жағдайы жақсы адамдар автобуспен жүретін қала бақуат­ты. Біздің міндет – бәрін авто­бусқа отыр­ғызу», деді ол.

Қазір қалада жеңіл рельсті көлікті іске қосу бойынша байқаудың бірінші ке­зе­ңі аяқталды. Биыл қалада ЛРТ желі­лері салынады. «Метроның екі стан­­­сасының құрылысы басталды. Бұл күн­­делікті жолаушылар ағымын 86 мың­­ға арттырмақ. Қосымша тағы вагон­­дар сатып алады», деді Б.Байбек. Соны­­мен қатар қызмет көрсету сапасын көтермеген тасымалдаушылармен келісімшарт бұзылатыны белгілі болды. 

Жалпы, Алматыдағы өмір сүру сапасының жоғары деңгейі адамдарды көшіп келуге ынталандырады. Жыл сайын қала халқы 50 мың адамға артып келеді. Алдағы 15 жылда Алматы халқы 3 миллионға жетпек. Бұл жұмыспен қамту, әлеуметтік сала мен қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік сияқты көптеген салада жаңа кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»