21 Ақпан, 2019

Мүмкіндігі шектеулілерге – шексіз көмек

975 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі де­путат­тық тобының ІV сессияға (VI шақырылым) арналған жұмыс жоспарына сәйкес кеңейтілген отырыс өтті.

Мүмкіндігі шектеулілерге – шексіз көмек

Күн тәртібінде «Қазіргі қо­ғамдағы мүгедектігі бар ба­ла­лар жағдайының өзек­ті мә­се­лелері» деген тақы­рып қа­ралды. Жиынға Мәжі­ліс депутат­тары, министр­лік­тердің жа­уап­­ты қызмет­кер­лері және қо­­ғамдық бірлес­тіктердің өкіл­­дері қатысты. 

Отырыстың басында депу­тат­тық топтың жетекшісі Сауыт­бек Абдрахманов ке­йінгі күн­дерде әлеуметтік желілер­де жарияланып жүр­ген, мемлекеттің ұлт саяса­тының түбегейлі мәселелеріне қа­тысты постарға қатысты өз ойын білдірді. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде әлде­біреудің басқа ұлт өкіл­дерінен «кек қайтаруға» ша­қыр­ған роликтері жарияла­нып, кө­бей­тіле таратылып келеді. Дені сау деуге ауыз бара қой­­май­тындай адам­ның ол сөз­дерінің ақылға қоным­сыз­­дығына, ашықтан ашық, аран­­датушылық сипаты бар бұл роликтер желі қол­дану­шыларының ашу-ызасын туғызып отыр. Жалпы, мұн­дай ұстамсыз әңгімелер ұлт­аралық араздықты қозда­туы әбден мүмкін. С.Абдрах­манов тиісті органдар бұл оқи­ғаға өз бағасын береді деп се­нетінін жеткізді. Мәжіліс­тегі Қазақстан халқы Ассам­блея­сының депутаттық тобы бұл мәселені назарда ұстайтын болады деді депутат. 

Ал отырыстың күн тәрті­біндегі мәселе бойынша Қа­зақ­­стан Республикасы Пар­ла­менті Мәжілісінің депу­таты Магеррам Магерра­мов және басқа сөз сөйлеуші­лер мем­­лекеттің басты міндет­тері­нің бірі мүмкіндігі шектеулі адам­дардың әлеуметтік ық­пал­­дасуын, тең құқықтары мен мүм­кіндіктерінің болуын қам­тамасыз ету болып табыла­ты­нын атап өтті.  

Елімізде мүмкіндіктері шек­теулі адамдарды, соның ішін­де балаларды қорғау жө­нін­де заңнамалық негіз, нор­ма­тивтік актілер  бар. Бұл ма­­ңызды мәселеде мемле­кет­­тік органдар, жұртшы­лық, үкі­меттік емес ұйымдар бір­лесе жұмыс атқаруда. Мү­ге­дек­тігі бар балаларға, сондай баласы бар отбасыларға тиісті көмек көрсетіліп жатқанын және болашақта жәрдем ету қажеттігі туралы айтылды. 

Отырысты Мәжіліс Төр­аға­сының орынбасары Владимир Божко  қорытындылады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»