Кино • 21 Ақпан, 2019

«Түн құдайы» фильмі Үндістандағы кинофестивальге қатысады

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Түн құдайы» фильмі Bengaluru International Film кинофестивалінің Asian Cinema Competition атты конкурстық бағдарламасына қатысады. Аталған кинофестиваль ақпанның 21- 28 аралығында Үндістанның Карнатака штатындағы Бангалор қаласында өтеді.

«Түн құдайы» фильмі Үндістандағы кинофестивальге қатысады

Айта кетсек, Бангалор қаласы – Үндістандағы кино өндірісі бойынша ең алдыңғы қатардағы орталықтарының бірі. Жыл сайын бұл қалада 200-ге жуық фильмдер жарыққа шығады, олардың көбі халықаралық кинофестивальдерде биіктерден көрініп, киносыншылардың жоғары бағасына ие болған туындылар.

«Біздің фильм мифологиялық негізде заманауи әлемді абстракты сюжет ретінде ұсынады. Ежелгі дүниетанымды қазіргі логикалық көзқараспен ауыстырсақ не болар екен деген фантазиялық ойдан туған туынды. Сондықтан да маған осы тұрғыдан көрсетуге қызық болып көрінді. Фестивальдің басталғанын асыға күтіп жүрмін, менің ойымша бағдарламасы қызы болатын секілді», - дейді режиссер Әділхан Ержанов.

Естеріңізге сала кетсек, «Түн құдайы» фильмі 40-Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурсы шеңберінде көрсетілген болатын. Сондай-ақ аталған кинотуынды Парижде өткен L’Etrange Festival және Ресейдегі «Край света» кинофестивальдерінде көрсетілді. Одан бөлек, «Түн құдайы» фильмі Индонезияда өткен Jogja кинофестивалінің «Азиялық фильмдер» байқауына және 14-Ш.Айманов атындағы халықаралық кинофестиваліне қатысқан болатын.

Bengaluru International Film Festival кинофестивалінде азиялық және үнді фильмдеріне арналған екі конкурстық бағдарлама бар. Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде конкурстан тыс «Әлемдік панорама» бағдарламасы, сондай-ақ, ФИПРЕССИ және НЕТПАК қазылар алқасы жұмыс істейді. Биыл фестиваль шеңберінде Ингмар Бергманның ретроспективасы (мэтрдің 100 жылдығына орай) және Махатма Гандидің өмірі туралы баяндайтын (үнді саяси және қоғам қайраткерінің 150 жылдығына орай) фильмдердің ретроспективасы ұйымдастырылған.

Халықаралық кинофестивальдерде танылған фильмдерге арналған «Әлемдік панорама» конкурстан тыс бағдарламасы аясында «Қазақфильм» киностудиясының тағы да бір тың туындысы – режиссер Эмир Байғазин түсірген «Өзен» фильмі көрсетіледі.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше