Қазақстан • 21 Ақпан, 2019

Семейлік оқушы-кәсіпкер Нәдір Сәбитов жиһаз шығаратын цех ашты

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семейлік Нәдір Сәбитов «Startup Battle» байқауының грантын жеңіп алып, жұмсақ  жиһаз шығаратын цех ашқан. Кәсіпкерлікті насихаттайтын шараны аталған қаладағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті ұйымдастырыпты.

Семейлік оқушы-кәсіпкер Нәдір Сәбитов жиһаз шығаратын цех ашты

Нәдір Семей қаласындағы №30 жалпы білім беретін орта мектептің он бірінші сыныбында оқиды. Сайысқа сол қаладағы кәсіпкерліктің даңғыл жолына түсуді жоспарлап жүрген, сондай-ақ оған нақты қадамдарды мектеп қабырғасында-ақ жасап үлгерген жасампаз, жарқын ойлы оқушылар қатысқан. Білікті әм білімділер бақ сынаған байқауда бағы мен бабы қатар келіскен Н.Сәбитов жиһаз өндірісі бойынша өз жобасын қорғап, көп ішінен суырылып грант иеленеді. Байқаудың ұйымдастырушысы Диас Смағұлов: «Бұл байқау осыған дейін студенттерге арналған еді. Мұндай мүмкіндік оқушыларға былтыр бірінші рет берілді. Соның жемісі – жаңа кәсіпкердің қатарымызға қосылуы. Бұл шара былтыр қазан айында өтті. Ал биыл жастар жылына орай мұндай сайыстарды тоқсан сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», дейді. Оның айтуынша, Диас қазірдің өзінде жарыста қорғаған бизнес жобасындағы бірнеше жылдық нәтижеге жетіп жүр.

Он бірінші сынып оқушысы университеттің бизнес-инкубаторына қарасты «Fox» орталығы ұйымдастыратын шеберлік сыныптар мен дәрістерге ұдайы қатысып, өзін жетілдіріп жүрген. Орталық сабақтарындағы жиған маркетинг, сату және дизайн туралы білімдері оны Семей нарығын жаулап алуға жәрдемдесіпті. «Гранттың қаржысы кәсібіме алғашқы инвестиция, ал өзіме мотивация берді. Сыныптастарыммен бірдей мектепке барамын, сабақтан қалмаймын. Үй тапсырмаларынан босағанда цехтың жұмысымен айналысамын», дейді кәсіпкер оқушы. Айта кетейік, Нәдірдің анасы тігінші, ол баласының жұмыс жүргізуіне, өнімнің сапалы болуына бас көз болып, алғаш ашқанда жалдайтын орынды таңдауға көмектескен.

Жас кәсіпкер өзінің өнімдерін «қаңқасыз жиһаз» деп те атайды екен. Өйткені олар ағаш, темір секілді үлкен, ауыр материалдарды қажет етпейді, яғни буынсыз былқылдап тұратын жұмсақ ойыншықтар іспетті. Алайда оны жұмсақ жиһаздарға арналған пенополистиролмен ауыр салмақты көтере алатындай тығыз толтырады. Әрі жұмсақ, әрі ыңғайлы диван, орындық, үстелдерді еуропалық жұмыс бөлмелерін жасақтайтын компаниялар мен ерекше интерьерді қалайтындар көбірек сатып алатын көрінеді. Қазір кәсіпкердің цехында екі тігінші және бір ассистент қызмет етеді. Надірдің шағын цехы шығаратын жұмсақ, шашақты жиһаз қаптарға жоғары сұраныс бар екен.

Осы күні Өскемен мен Павлодар тұрғындары оның өнімдерін тұтынады. Өзге қалалардан сұраныс түскен, жеткізіп беруді де жолға қойыпты. Кәсіпкер көшбасшы қарамағындағы қызметкерлер саны мен тауарларға деген сұранысты арттыру үшін инвесторлар тартып, кәсібінің өрісін кеңейтуді көздейді. Кәсіпкер-оқушы бұл мақсатқа Қазақстан нарығын бағындырып, ТМД елдеріне шығу арқылы қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше