Спорт • 21 Ақпан, 2019

Түркістан облысының өз футбол командасы құрылады

605 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысының өз футбол командасы құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Түркістан облысының өз футбол командасы құрылады

2018 жыл Түркістан облысының спортшылары үшін табысты болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен жылы облыс спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 387 алтын, 382 күміс, 365 қола медальға қол жеткізсе, Азия чемпионаттарында  73 алтын, 58 күміс және 38 қола медальға жеңіп алған.  Ал Әлем чемпионаттары мен Кубоктарында түркістандық сайыпқырандар 32 алтын, 15 күміс және 16 қола медаль жеңіп алды. Ал Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарынан түркістандықтар 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль еншілеген.

«Бүгінгі таңда Түркістан облысында спортты дамыту бағытындағы жоспарлар мен бастамаларға облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы қолдау білдіріп отыр. Өңірге мықты спортшылар мен бапкерлерді тартуды көздеп отырмыз. Тек өз еліміздің азаматтарын ғана шақырамыз. Мен шетелден легионер шақыруға түбегейлі қарсымын. Олар ақшасын алады да, елдеріне кетеді. Бекзат, Мұхтархан, Ермахан сияқты жігіттер ауыл-аймақтарда баршылық. Соларды спортқа баулып, чемпиондар даярлауымыз қажет. Алдағы уақытта Түркістан қаласында заманауи жабық стадион және өзге де спорт кешендері салынады.  Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Тұран» спорт клубын, «Түркістан» кәсіпқой бокс клубын, «Ату және спорттың ұқсас түрлері мектебін», «Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған футбол мектебін» және «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебін» ашсақ деген жоспарымыз бар. Басты мақсат - Токио Олимпиадасына жолдаманы көбейтіп, жүлдегерлер даярлау. Бұл ретте дзюдодан Дидар Хамза, бокстан Қайрат Ералиев, Бек Нұрмағамбет және ескек есу спортындағы өрендерімізге үміт артамыз», - деді Полат Наурызбайұлы.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2018 жылы облыс аумағында 4026  спорттық іс-шара өткізіліп, оған 571,2 мың адам қатысқан. Облыс тұрғындарының спортпен шұғылдану көрсеткіші 28,9 пайызды құрап отыр.

Сонымен бірге, Түркістан облысының спортшылары ҚР Ауыл жасөспірімдерінің 2-ші жазғы ойындарында жалпыкомандалық 2-орынды иеленсе, мектеп және колледж оқушылары арасындағы жазғы спартакиадада 1-орынды жеңіп алды. Басқарма басшысы облыста баскетбол, волейбол және футбол сынды командалық спорт түрлеріне де қолдау күшейетінін айтты.

«Таяу уақытта «Тұран» атты футбол клубын құруды жоспарлап отырмыз. Ол премьер-лигада ойнайтын мықты команда болады. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің облыстық футбол мектебі ашылады», - деді басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше