Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Биылғы жылдың межелері бекітілді

438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Индустрияландыру бағдарламасы аясында жалпы сомасы 1,1 трлн теңгені құрайтын 120 жоба іске қосылады. Соның негізінде 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім болды. 

Биылғы жылдың межелері бекітілді

Ашылатын зауыттардың қа­тар­ында Қарағанды облысындағы құны 30,6 млрд теңге болатын, фер­росилиция шығаратын зауыт, Ақтөбе облысындағы құны 6,9 млрд теңгеге тең, керамика тақ­та­ларын өндіретін өндіріс ошақ­тары бар. Министрдің айтуынша, «қара­пайым заттар экономикасын» да­мыту мақсатында отандық кәсіп­орындарды қолжетімді несие­лендіруге 600 млрд теңге қарас­тырылады. Оның 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне бағытталуға тиіс. Сөйтіп халық тұтынатын отандық өнімдердің қатары 250-ге көбейеді. Оның ішінде жеңіл өнер­кәсіпке жататын жиһаз өнер­кәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдары бар. 

Биылғы жылдың еншісіне рес­публикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым жолды қайта жаң­ғырту жұмыстары да еніп отыр. Оның ішінде 518 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілсе, 1190 ша­қырым автожолға орташа жөн­деу жұмыстары жүргізіледі. 

Аталған министрліктің құ­зы­­ретіне кіретін маңызды сала­лар­дың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Биыл 13 млн шаршы метр тұрғын үй са­лу жос­парланып отыр. Нәтиже­сінде 118 мың отбасына жаңа баспана­ның кілті табыс етілмек. Оның ішінде 22 мың пәтер мемлекет қаржысы есебінен салынуға тиіс.

Министр Ж.Қасымбектің айтуынша, биыл Қазақстан экспорт­шыларына Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері мен Иран нарық­тарына шығу жеңілдейді.

− Экспортқа бағдарланған ком­панияларға Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес қар­жылық қолдаудан тыс көмек шаралары көрсетіледі. Экс­порттаушыларға қолдаудың сервистік шараларын күшейту аясында ҚХР, БАӘ және Ираннан инспекциялық комиссияларды қазақстандық экспорттаушы кәсіпорындарға шақыру арқылы олардың нарықтарына шығуды жеңілдету көзделген, − деді ол.

Министр келтірген деректер бойынша, 2019-2021 жылдары экспорттаушыларды қолдау шараларын күшейту үшін 500 млрд теңге жұмсалады. Қаржылық жә­не сервистік шараларды күшей­ту әкімшілік және сауда кедер­гі­лерін еңсеруге мүмкіндік береді. Бизнеске әлеуетті сатып алу­шыны таңдауға, көлік шығын­дарын төмендетуге жол ашады. Белгіленген шараларды та­бысты жүзеге асырған жағдай­да шикізаттық емес тауар экспор­ты­ның көлемін 2020 жылға қарай 1,5 пайызға, яғни 22,4 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.

Министрлікке қарасты әр салаға қатысты оқылған баян­дамалардан кейін Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Ас­қар Мамин Қазақстанның сауда саясаты агрессивті бола түсуі тиіс екенін айтты.

– Ішкі және сыртқы саясат сияқты сауда саясаты да біршама агрессивті әрі проактивті болуы қажет. Қазірдің өзінде күрделі на­рықтармен бәсекеге түсеміз. Таяу жылдары көршілеріміздің қар­қынды дамуы есебінен қалып­тасатын еркін экспорттық кеңіс­тіктегі өсім барынша шектеулі болады. Соған дайын болу қажет, − деді бірінші вице-премьер. 

Алқа мәжілісі отырысында Индустрияландыру, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты, техникалық реттеуді, геология және жер қойнауын пайдалануды, көлік және логистиканы, азаматтық авиацияны, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, инновация мен өнеркәсіпті цифрландыруды ілгерілету мәселелері қаралды. 

P.S. Бет қатталып жат­қан­да Елбасы Жарлығымен Үкі­мет отставкаға кетіп, Пре­мьер-Ми­нистр­дің міндетін уақыт­ша ат­қару Асқар Маминге жүктелді.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»