22 Ақпан, 2019

Туған жерге туыңды тік!

496 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді қазақ даналығы. Елмен етене еңбек етіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруға күш салу әкімдердің міндеті. Ауыл ахуалын арттыру бүгінгі таңдағы өзекті мәселе болғандықтан, бұл тұрғыда берекелі істің бастауы болған ауылдар да бар. Әсіресе алыс ауылдардағы ахуалдың дұрысталып келе жатқаны қалың бұқараны қуантпай қоймайды. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылдық округі облыс орталығынан жүздеген шақырым қашықтықта жатыр.Десе де, ауылда талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелер бүгінде оң шешімін тауып, тұрғындардың тілегі орындалып келеді.

Туған жерге туыңды тік!

Ауылдық округ әкімі Найман Сұлтанбаевтың айтуынша, Елбасының «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасы шеңберінде ауылда талай тірлік тындырылған. Кәсіпкерлердің демеушілігімен соғыс ардагері Темірбек Қалықовтың үйіне арнайы жуыну бөлмесін жасап береді. Бұл іске бүгінде Алматы қаласында тұратын ауыл түлектері Сәбит Оспанов пен Әнуар Омарбеков сынды азаматтар қолдау көрсетеді. «Темірбек Қалықов атамыздан

бата алуға барғанымда, ол кісінің әсіресе қыстың күні далаға шығуы қиындап кеткенін көрдім. Сондықтан осындай ой келді», дейді ауыл әкімі.  

 Округ орталығы Көктөбе ауылында бұрын-соңды болмаған арка мәселесі оңды шешіліп, елді мекенге кіре беріс тұсқа барыс бейнесі бейнеленген ескерткіш қойылған. Тұрғындар бұл тірлікте де ауыл әкімі қазына қаржысына қарамай, демеушілердің көмегімен жұмыстың жүйесін тапқан.  Бұдан бөлек, әкімнің бастамасымен ауданға қарасты бірде-бір ауылдық округте жоқ елді мекеннің төлқұжаты кіре беріс тұсқа ілінген.

 Ауылда газ бен саябақ мәселесі күні бүгінге дейін өзекті болып келіпті.  Алайда арада көп уақыт өтпей Көктөбе ауылынан сәні мен салтанаты келіскен саябақ бұқараға есігін айқара ашып, көгілдір отынға да  халық қол жеткізеді. Саябаққа демеушілік көрсеткен ауылдан шыққан Үсенбаевтар әулеті екен. «Ауылдағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, шағын футбол алаңшалары мен медициналық орталықтар ашылып, пошта қызметі де  ретке қойылған», дейді ауыл тұрғындары.

 Ауылда жыл сайын Бірлік күні мерекесіне орай, кәсіпкерлердің демеушілігімен округтен шыққан  аз қамтылған отбасылардың балаларын, мүмкіндігі шектеулі жандардың, ардагерлер мен өзге ұлт өкілдерінің басын қосып, «Тәуелсіз Қазақстан – достық мекені» атты Астана қаласына саяхат  ұйымдастырылады. Ал жылда Жеңіс күні қырғыз-қазақ атбегілерінің басы қосылып, аламан тай, құнан, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, көкпар тарту әдетке айналған. Сондай-ақ, осы күні соғыстан қайтпаған сарбаздарды еске алуға арналған шара өткізу, орталық мешітте ас беріп, әруақтарға Құран бағыштау да күні бүгінге дейін игі жалғасын табуда.  

 Ауылда мешіт мәселесі де талай жылдан бергі халықтың тілегі болатын.   Мұны ескерген Найман Кенжеханұлы Алматыға барып, ауылдан шыққан кәсіпкерлерге елді мекеннің тыныс-тіршілігін баян етіп, бұқараның тілегін жеткізеді. Көптің ішінен көш бастап шыққан Матышевтер  әулетінің демеушілігімен өткен жылы 350 адамға арналған мешіттің қазығы қағылады. Бүгінде бірнеше қабаттан тұратын мешітте ерлер мен әйелдерге арналған бөлек бөлме, асхана, жуыну, тіпті тынығу орындарына дейін қамтамасыз етілген.  Бұл шараларға қажетті қаржының барлығын ауыл тұрғындары бір үйдің баласындай жұмыла көтеріпті. Ал жаңа салынған мешіттің маңынан орны белгіленген спорт кешенінің қазығын Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қағады. Ал ауылдағы оң өзгерісті көрген 20 жылдық мектеп бітірушілердің атынан Айтжан Ашимханов есімді азаматтың өзі әкімді іздеп  келіп, елді мекеннің кіре берісіне арка орнатуға ұсыныс жасайды. Қазір Балуан Шолақ ауылын бетке алған жолаушыларды зәулім де, қазақы нақышты арка қарсы алады. Және демеушілердің де саны артып, Әшімхановтар әулеті заманауи спорт кешенін салып беруге ниет білдіреді. Жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатқан кешен құрылысы «Жастар жылына» орайластырылмақ. Бұдан бөлек, ауыл тумасы, бүгінде Алматы қаласының тұрғыны Нұрдан Сағындықовтың демеушілігімен «Жастар» сауықтыру орталығын да ашу көзделуде. Оған қажетті жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Мұнда шаштараз, наубайхана, әлеуметтік дүкендермен қатар, балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі орындар қызмет көрсететін болады. Тағы бір жанға жылу беретін нәрсе, округ орталығынан Балуан Шолақ атындағы мұражайдың да құрылысы қолға алынбақ. Бұл мақсатта ауыл әкімі Қызылжар өлкесіне арнайы барып, ақын, композитор Балуан Шолақ туралы тың деректер жинап келген. Енді тарихи тұлғаға арналған мұражайдың лентасы биыл қиылады деп күтілуде. «Одан бөлек, «Жастар жылына» орай округ орталығынан «Мәңгілік Ел» жастар саябағы да салынады. Онда 12 қанатты киіз үй тігіліп, халыққа ұлттық сусындар ұсынылып,  алтыбақан құрылып, түрлі абаттандыру жұмыстары да жүргізіледі», дейді әкім.

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы