Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Қостанай облысында кәсіпкер көп балалы отбасына баспана сыйлады

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таран ауданының Тобыл стансасында көп балалы Смирновтар отбасына «Нұротандықтардың» «Бақытты отбасы» жобасының шеңберінде кәсіпкер, «БК-Стройпром» ЖШС директоры Сергей Ким үй сатып әперді. 5 бала тәрбиелеп отырған Елена мен Андрей осыған дейін тозығы жеткен, жылу ұстамайтын, электр жарығы да жоқ лашық секілді үйде тұратын. Олар күндердің-күні жаңа үйге көшеміз деп күтпеген еді. Қуаныштарында шек жоқ.

Қостанай облысында кәсіпкер көп балалы отбасына баспана сыйлады

«Бүгін қолым жетіп отырған мына төрт бөлмелі үйді маңайлап өткен сайын «Шіркін, сатып алар мүмкіндігім болса ғой!» деп армандап жүруші едім. Бірақ ондай қаржыны жинау қолымнан қайдан келсін? Мінекей, бүгін біздің отбасы үшін арман-тілектің орындалған күні! Жанашырларға алғысым шексіз» дейді отағасы Андрей.

«Біздің компания көп балалы отбасыға қол ұшын созды. Барлық кәсіпкерді, шағын және орта бизнес өкілдерін осындай көп балалы отбасыларға көмектесуге шақырар едім. Қолдауға мұқтаж, жағдайы аз мұндай шаңырақтар назардан тыс қалмауы тиіс деп есептеймін» деді үйдің кілтін тапсырып тұрып серіктестік директоры Сергей Ким. Кәсіпкер бұл үйді әп дегеннен Смирновтар отбасына арнап сатып алған жоқ. Партияның аудандық филиалы, әкімдік әдіскерлері және Төтенше жағдай бөлімі қызметкерлері бірігіп, аз қамтылған отбасылардың тұрғылықты жерлерін аралап, сараптама жасаған. Қорытындысында Смирновтардың үйі ең нашар болып танылып, баспана кілтін осы отбасыға беру ұйғарылыпты.

Таран ауданында жыл басынан 20 ақпанға дейін жүз отбасыға көмек көрсетілген. Оған 826 900 теңге жұмсалыпты. 86 отбасы азық-түлік, 6 жанұя отын, 4 үй ақшалай көмек алған. Жергілікті басшылық бұл бағыттағы жұмыстың жалғасын табатынын айтты.

Еске сала кетсек, Елбасының тапсырмасымен елімізде әлеуметтік саланы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.»Нұр Отан» партиясы жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылған еді. Сол органның жоспарына сай аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы деп осы Тобыл елді мекеніндегі игі шараны атауға болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай