22 Ақпан, 2019

Көкшетауда «EL jastar» театры ашылды

567 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығында Жастар жылына орай ұйымдастырылған жаңа театрдың тұңғыш қойылымы болып өтті. Тырнақалды туынды ретінде «Армандар кемесі» атты шығарма сахналанды.

Көкшетауда «EL jastar» театры ашылды

Танымал жас жазушы Айгиз Баймухаметовтың «Тастамашы мені, Ана» повесі негізінде алынған «Армандар кемесі» атты қойылымда бүгінгі қоғамдағы балалардың әлеуметтік мәселесі өткір қамтылған. Саналуан мінездер, әрқилы тағдырлар сипатталады.  

Премьераны қазақ тіліне аударып, сахналаған режиссер Фархадбек Қанафин. Басты рөлдерді Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері сомдады. Шығарманың авторының өзі де балалар үйінде тәрбиеленіпті. Ата-анасынан жастай айрылғандықтан бұл тақырып қаламгерге етене таныс. Бала кезінен көкірегінде жинақталып қалған запыранды қағаз бетіне түсірген. Шығармадан жетім балалардың зар-мұңы, көп адамға айта бермейтін қайғы-қасіреті, бұйығы арман, қара шымылдық тұмшалаған кезеңдегі жүректеріне жарық сәуле себезгілеген үміт оты қылаң береді.   

Шығарманың басты кейіпкері Ілияс тұл жетім. Әр адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы ақ сүтін беріп аялаған ардақты анасы екендігі белгілі. Міне, сондай-ақ, жақындары ата-анасынан ерте айрылу Ілиясқа өте ауыр тиеді. Тағдырдың салғанына шара бар ма?  Жетім қалған ол бауырларымен бірге балалар үйінде тәрбиеленеді. Балаларға ата-аналарының ыстық махабатты мен қанатты қамқорлығы жетіспейді. Олар соған сусауы, соған ынтызар. Бірақ, тілдегі тілектің тіршілікте оңынан оралмайтын уақыты да болады. Әлемдегі жан біткеннің бәрі жетім десе бауыр еті езіліп тұрмайды екен ғой. Тіпті, балалар үйінің қызметкерлері мен тәрбиленушілері тарапынан да қатыгездікке ұшырайды. Осының барлығы «Армандар кемесі» атты қойылымда шынайы суреттелген.

Бірден айта кету керек, бәз біреулер бұл өмірдің өзінен алынған көрініс десе, енді біреулері отандық драматургтердің осы тақырыптағы еңбектері неге сахналанбаған деген пікірлерін айтуда. Расында да, жуырда құрылған «EL jastar» театрының шымылдығы отандық драматургтердің туындыларымен ашылғаны жақсы болар еді.

Театр премьерасына белгілі жазушы, журналист, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Шайхзада Бабич атындағы Башқұртстан Республикасы сыйлығының лауреаты, театр қойылымына негіз болған «Тастамашы мені, Ана» повесінің авторы Айгиз Баймухаметов қатысты.

Биылғы Жастар жылы Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Алдаспан-Рух» қоғамдық бірлестігі жанынан «EL jastar» театрының ашылуы жағымды жаңалық. Тұңғыш премьерасын Көкшетау жұртшылығының назарына ұсынған жастар театрының ұйымдастыру ісін барша Көкшетау жұртшылығына есімі мәлім режиссер Фархатбек Қанафин мен жас театртанушы, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Хәкім Хасамбай қолға алып отыр.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»