Аймақтар • 22 Ақпан, 2019

Астана қаласының денсаулық сақтау саласын дамытудың басымдықтары белгіленді

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін қалалық әкімдікте Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті. Онда ведомство қызметінің 2018 жылғы қорытындылары,  сондай-ақ, саланы дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Астана қаласының денсаулық сақтау саласын дамытудың басымдықтары белгіленді

Отырысты аша отырып, Астана әкімі денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың үшінші жылы аяқталғанын еске салды. «Біз астаналықтардың өмір сүру ұзақтығын 76,2 жасқа дейін арттырдық. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 3,2 жылға жоғары. Бұл көрсеткішке біз бала туу көрсеткішінің артуы мен жалпы өлім-жітімнің төмендеуі арқасында қол жеткіздік» деп атап өтті Б. Сұлтанов. Ол елорданың денсаулық сақтау қызметінің Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес, өлім мен мүгедектіктің, сондай-ақ ана мен бала өлімінің, қан айналымы жүйесі ауруларының, онкологиялық аурулардың, туберкулез мен жарақаттанудың негізгі себептерінің алдын алуға бағытталғандығын айтты.

Әкім сондай-ақ,  жетістіктермен қатар, денсаулық сақтау саласының бірқатар жүйелі мәселесі бар екеніне назар аударды. Өз кезегінде, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы айтып, өткен жылғы ведомствоның жұмысын қорытындылады, сондай-ақ 2019 жылға арналған міндеттерді белгіледі. «Өткен жылы қалалық ауруханаларда 200 мыңнан астам адам емделді, 57 мыңға жуық ота жасалды, елордада 28 мыңнан астам бала дүниеге келді, 600 мыңнан астам шақырымға жедел жәрдем көрсетілді, қала емханаларына тұрғындар 4,5 млн рет қаралған. Жүз мыңнан астам науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді» деді Қ. Надыров.

Ол халықпен кері байланысты орнату үшін бірыңғай байланыс орталығы – 109 жұмыс істейдігін, астаналық медицинаға қатысты барлық мәселелерді қабылдайтынын еске салды.  «Емханаларды дамыту тұжырымдамасы әзірленді, онда халыққа амбулаториялық көмекті жақындату қарастырылған, яғни отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың 20 минуттық қадамдық қолжетімділігіне қол жеткізіледі», – деп жалғастырды ведомство басшысы. Қамалжан Надыров сондай-ақ, басқарманың ағымдағы жылға арналған жоспарлары туралы айтып берді: көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, халықтың денсаулығын одан әрі жақсарту бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.