Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Шымкентте Алғыс айту күні жаңа форматта өтеді

711 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 1 наурыз - Алғыс айту күні Шымкент қаласында өзіндік ерекшелігімен аталып өтеді. Жаңа мазмұнда өткізілетін мерекелік шаралар 22 ақпаннан басталып, 1 наурызға дейін апта бойы жалғасады.

Шымкентте Алғыс айту күні жаңа форматта өтеді

Тарқатып айтсақ, 22 ақпан – Қайырымдылық күні болса, 23 ақпан – Тазалық күні ретінде өтеді. 24 ақпан – Көршіге ізет күні, 25 ақпан – Ұстазға құрмет күні, 26 ақпан – Тарихқа тағзым күні, 27 ақпан – Ықылас күні, 28 ақпан – Ұрпақтар сабақтастығы күні, 1 наурыз – Алғыс айту күні болмақ.

Бұл туралы Шымкенттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен брифингте қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов мәлім етті.

Шара ұйымдастырушылары елді бірлікке үндейтін мерекенің түпкі мәні  кезінде түрлі себептермен қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа алғыс айтуы деп түсіндіреді.

«Апталық іш-шаралардың басы «Қайырымдылық күнінен» бастау алды. Қазақстан халқы Ассамблеясының Қайырымдылық керуені шеңберінде «Сыбаға» іс-шарасы өткізілді. Қалалық ассамблея мен түрік этномәдени бірлестігі құрбандық шалып, ұлттық дүниетанымымызға сәйкес жеті түрлі азық-түлікпен толықтырылып қадірлі қарияларға, абзал аналарымызға, жас отау иелерін қамтыған 40-тан астам отбасыға сыбаға ретінде үлестірілді. 23 ақпан – Тазалық күні ретінде белгіленсе, 24 ақпан – «Көршіге ізет күні» күнінде өтетін іс-шаралар елді берекелі бірлік пен ырысты ынтымаққа жетелеп, көршілер арасында өзара түсіністік пен құрметті қалыптастыруды көздейді. Осы күні Сайрамдағы өзбек этносының белді азаматтары көршілес Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе, Тоғыс, Бадам, Қарабастау тұрғын алаптарының абзал қарияларын, абыройлы азаматтарын сыйлы қонақ ретінде шақырып, ізетін көрсететін болады», деді Мұратәлі Оразалыұлы.

Қазіргі таңда Шымшаһарда апталық мерекені жер-жерлерде өткізудің тұжырымдамасы әзірленіп, әр күнге осылай арнайы атаулар беріліп, іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент