22 Ақпан, 2019

Жамбыл өңірінде барлық мәселе шешімін табады

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңір халқына есеп берді. Есепті кездесуде әкім бүгінгі таңда облыста барлық сала бойынша оң динамиканың қалыптасып отырғанын айтты.

Жамбыл өңірінде барлық мәселе шешімін табады

Әкім өз баяндамасында өткен жылы өнеркәсіп өнімі 102,6, инвестиция көлемі 108,4, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 107,8 пайызға орындалғанын айтты. Сонымен қатар, Жамбыл облысында егістік жерлер 38 мың гектарға көбейіп, 668 мың гектарға жеткен. Үдемелі бақтар 200 гектарға дейін артып, 625 гектар болса, су үнемдеу технологиясы 21 пайызға көбейтілген.

 Есепті кездесу барысында әкім өткен жылы 1,6 мың тонна қой еті экспортталып, көрсеткіштің 5 есеге өскенін атап айтты. Сонымен қатар, 1,0 мың тонна сиыр еті экспортталып, 9 есеге дейін артқан. Ауыл шаруашылығы саласында айта кетер тағы бір жаңалық, өткен жылы 55 кооператив құрылып, 1500 ұсақ шаруалар біріктірілген, нәтижесінде 12 мың тонна өнім өндірілген. Көрсеткіш бойынша ауыл шаруашылығы өнімі 265 миллиард теңгені құрап отыр.

 Асқар Мырзахметов өз есебінде былтырғы жылы 482,3 мың шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілгенін атап көрсетті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1673 отбасыға 28 көппәтерлі үй беріліп, 38 инженерлік инфрақұрылым жобалары іске асырылған. Ал балама электр қуатының үлесі жоспардағы 14 пайыздан асып, 16 пайызға жеткен.

 Қазіргі кезде өңірдегі үлкен мәселенің бірі көгілдір отын тарту мәселесі. Бұл ретте әкім 377 елді мекеннің 48 пайызы газдандырылғанын, енді 81 елді мекенге магистральды газ құбыры құрылысын бастауға 6,1 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді. Сонымен қатар, ауыз сумен қамтылған елді мекендер үлесі 199 болып, 53,3 пайызды құраған. Енді су құбыры жоқ 13 елді мекенді сумен қамтуға биыл 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінуде. Ал, Елбасы Жолдауында айтылған  тарифтерді төмендету бойынша өңірде газ бағасы 6,3 және электр қуаты 7,2 пайызға төмендеген. Тағы бір маңызды мәселе, Асқар Мырзахметов халықты әлеуметтік қолдауға, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 30,6 миллиард теңге бөлініп отырғанын, нәтижесінде 10 жатақхана салынатынын да айтты.

 Өз кезегінде жамбылдық жұртшылық Асқар Мырзахметовке жол, мектеп, су, газ және өзге де сала бойынша сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Мәселен Шу ауданының тұрғыны Қазақбай Байжұманұлы қант қызылшасын Меркі қант зауытына жеткізу қиын екенін, сондықтан аудандағы бұрынғы қант зауытының алаңына қайта зауыт салуға бола ма деген сауал жолдады. Сонымен қатар, тұрғын әкімнен бүгінде 21 сыңнан астам халқы бар Төле би ауылында спорт кешенінің жоқ екенін де айтты. Өз кезегінде Асқар Мырзахметов зауыт салу үшін кемінде 30 мың тонна өнім болу керектігін, бірақ аудан бойынша мұндай өнімнің жоқ екенін жеткізді. Тұрғынның екінші сұрағына әкім құны 2 миллиард теңге болатын 170 жобаның іріктелгенін, сондықтан бұл мәселе жоспарда бар екенін айтты. Өз сөзінде Талас ауданы, Ақкөл ауылының тұрғыны Тұрғынбай Тәжібекұлы жол мәселесін көтеріп, ауыл халқының аудан орталығы Қаратау қаласына қарай бару үшін жол азабын көретінін айтып, бұл мәселенің қашан шешілетінін сұрады. Өз сөзінде әкім жолдың жобалық сметалық құжаттамасы жасалып, ол мемлекеттік сараптамадан өтуде екенін, егер өткен жағдайда қаражат бөлініп жұмыстың басталатындығын айтып, жауап берді. «Шалғай Қарасу» алқабы тұрғындарының атынан сөз алған Қайрат Шаханов не себепті мұнда 150 ғана үйдің ауызсумен қамтылғанын көтерді. Әкім өз жауабында бұл мәселе толық талданғанын, тиісті жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді. Ал Тараз қаласының тұрғыны Асан Үсенбайұлы Жамбыл облысымен Алматы, Шымкент қалаларын және Қырғыз Республикасын байланыстырып жатқан айналма жолдың не себепті аяқталмай қалғанын сұрады. Асқар Мырзахметов бұл орайда шынында да Қырғыз Республикасының шекарасына дейінгі 16 шақырым жолдың салынбай қалғанын айтып, бұл жұмыстың биылғы жылы жалғасын табатынын айтты.

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше