Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Жоғарғы сот жемқор судьяларды анықтауды күшейтеді

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ҚР Жоғарғы соты екіжақты меморандумға қол қойды. Аталған құжат аясында жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту көзделген деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоғарғы сот жемқор судьяларды анықтауды күшейтеді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдоланың айтуынша, меморандум кеше, 21 ақпанда рәсімделген болатын. Алайда Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметімен бірлескен жұмыс екіжақты құжатты рәсімдеуге дейін басталып кеткен.

«Мәселен, Алматы қаласында Әуезов аудандық сотының судьясы А.Штейнке 10 мың доллар көлемінде пара алу үстінде ұсталған болатын.  Бұл да бірлескен жұмыстың нәтижесі. Жалпы, біз осындай меморандумдарды рәсімдеу арқылы басқа да мемлекеттік органдардың ішкі қауіпсіздік қызметтерін күшейтуді көздейміз. Осылайша, аталған құрылымдардың мәртебесі де көтеріледі», - деді Ш.Қабдола Астанада өткен баспасөз мәслихатында. 

Ал Жоғары соттың ішкі қауіпсіздік және жемқорлықтың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Қайрат Бижановтың сөзіне қарағанда, бірлескен жұмыстың аясында сан алуан шара атқарылады. Соның ішінде жемқорлықпен ашық күрес пен профилактикалық жұмыстар бар.

«Бірлескен жұмыс аясында біз ең алдымен жемқорлыққа қарсы күресті ашық көрсететін боламыз. Сосын сот саласындағы жемқорлыққа қатысты бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан материалдарға мониторинг жүргіземіз. Қоғамдық пікірді де қадағалап отырамыз. Әрине, жемқорлық әрекеттердің алдын алу шараларына басымдық беретін боламыз», - деп атап көрсетті Қ.Бижанов.

Айта кетейік, бүгінгі брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Ш.Қабдола төрт судьяның жұмыстан босатылғанын жеткізді. Олардың барлығы  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысымен жұмыстан босатылған.   

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше