Қазақстан • 23 Ақпан, 2019

Полиция департаменті тұрғындарға арналған кеңсе ашты

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында полиция департаментінің жанынан азаматтарды қабылдауға арналған халықтық кеңсе ашылды.

Полиция департаменті тұрғындарға арналған кеңсе ашты

Аптаның дүйсенбісі мен жұма күндері таңғы сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейтін кеңседе тұрғындар 5-10 минуттың аралығында бүкіл полиция қызметіне қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Компьютерлер орталық базаға тіркелгендіктен көліктерге қатысты айыппұлдарды да көруге мүмкіндік бар. Азаматтар кеңседе арыз-шағымдарын қалдырып, істің жүргізілу барысын бақылай алады. Ең бастысы, тұрғындар кезек күтіп, уақыт кетірмейді.

Азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға Жергілікті полиция қызметінің, Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері, анықтаушылар, тергеушілер және құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің мамандары жауап беретін болады. Аталған нысанда азаматтарды қабылдауға барлық жағдай жасалып, жедел басқару орталығымен бейнебақылау жүйесі тартылған.

Полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, фронт-офистің ашылуы азаматтардан келіп түсетін өтініштердің қаралу мерзімін қысқартып, полиция жұмысының ашықтығын және сұрақтардың жедел шешілуін қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне өзіндік септігін тигізеді.

Жаңадан ашылған кеңсе жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халыққа қызмет көрсетудің сапасын жетілдіре түсу керектігін айтып, кеңсе жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң, өңір басшысы облыстық полиция департаментінің Түркістандағы жаңа ғимаратымен танысты.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы