Қазақстан • 23 Ақпан, 2019

Мақсат - әр тұрғынға отыз шаршы метр баспана беру

506 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мақсат - әр тұрғынға отыз шаршы метр баспана беру

Осы материалға тақырып қояр кезде белгілі мемлекет және қоғам қайреткері, кезінде қазақ КСР министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Орталық комитеттің хатшысы және Орал облысының басшысы секілді жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, халықтың алғысын арқалаған азамат Мұстахим Ықсановтың айтқан сөзі ойымызға оралған еді. Гәп мынада. Ол кісі 1975 жылдың көктемінде Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, Жайық бойындағы қызметін бастайды. Осы кезде облыстық атқару комитеті ғимаратының төбесінде «Біздің мақсатымыз – комунизм» деген ірі әріптермен жазылған айшықты жазулар күндіз-түні тұрғындардың көзін арбап тұрушы еді. Комунистік идеялардың белең алып тұрған кезі.

Алайда, соған қарамастан, Мұсекең жанындағылардан мына жазу не деп тұр, нені білдіреді деп сұрамай ма? Облыс басшысының түпкі ойын дөп басып айта алмаған олар қапелімде не деп жауап қайтарарын білмей, тосылып қалады. Сонда М.Ықсанов оған өзі жауап қайтарып, бұл тым жалпылама айтылған сөз. Мұнда ешқандай нақытылық жоқ. Бұдан да біздің мақсатымыз 270 отбасына үй беру деп жазбайсыздар ма дейді де, комунизмді көксеген ұранды алдыртып тастайды. Сол кезде бұлай айтуға да, бұлай істеуге де болмайтын. Алайда, Ықсанов ешкімнен қаймықпай, тұп-тура осылай істейді.

Қоғам қайраткері осы айтқан сөзінде тұрды да. 5-6 жылдың ішінде Орал қаласында тұрғын үй құрылысы қызу қарқын алып, жүздеген отбасы дербес баспанаға ие болды. Тәлім ала жүрерлік осы жайтты еске салып отырған себебіміз, осыған ұқсас қайраткерлік рухтағы көрініс Ақтөбе облысында болып отырғаны. Атап айтқанда, өңірде таяудағы жылдарда мыңдаған деген өлшеммен есептелетін отбасының өте үлкен шоғыры мен қалып топтарын баспанамен қамту жөнінде биік меже белгіленген.

Соған сәйкес 2030 жылға дейін отбасындағы әрбір тұрғынға шаққанда кем дегенде отыз шаршы метр баспана болуы жөніндегі бағдарлама қолға алынған. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі тұрақты комиссияның мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов баяндап берді.

Болашаққа белгіленген бұл жоспарымыз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес өрістеп отыр. Сөз жоқ, мұның өзі орындалмастай көрінетін аса ауқымды іс. Дегенмен, көз қорқақ, қол батыр дегендей, осындай өткел бермес асуға тәуекелдік жасаған жайымыз бар. Тетікті орнынан қозғау үшін бірінші кезекте жыл сайын жүргізілетін құрылыс көлемін 8-10 пайыз деңгейге дейін өсіруді ұйғарып отырмыз деді ол бұдан әрі. Осы асқаралы жобаға байланысты өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға тастаған мәслихат депутаттары бірінші кезекте баспананың қолжетімділік сипаты мен сапасы тұруы керектігін мәлімдеді.

Сондай-ақ, олардың ойынша, тұрғызылған баспаналар ең алдымен тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жай-күйі күрделі бөліктеріне берілуге тиіс. Аталған мәселе облыстық мәслихаттың алдағы өткізілетін сессиясында қаралмақ.

Темір ҚҰСАЙЫН,

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше