Аймақтар • 26 Ақпан, 2019

Көрнекті түркітанушы туған жерімен қайта қауышты

722 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде көрнекті түркітанушы, полиглот, түркі тілдерінің білгір маманы Әмір Нәжіптің 120 жылдығына орай атаулы кабинет ашылып, ескерткіш тақта орнатылды.

Көрнекті түркітанушы туған жерімен қайта қауышты

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әмір Нәжіптің  Мәскеуден арнайы келген қызы Эльмира Әмірқызы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, тарихшы Мұхтарбек Кәрімов, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және колледж директоры Шағангүл Жанаева және тағы басқалар қатысты. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінен кейін оқу орнында Әмір Нәжіп атындағы атаулы кабинет ашылып, ғалымның 4 томдығының тұсауы кесілді. «Әмір Нәжіп осында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, басқа да алаш қайраткерлерімен бірге оқыған. Әлихан Бөкейханов сияқты алаш серкелерімен араласқан. Түркологияның ең ірі тұлғаларымен қоян-­қолтық қызмет атқарған. Өзбек­станда, Қарақалпақстанда, Бұқа­ра­ жерінде ғылымның дамуына өл­шеу­сіз үлес қосқан. Мәскеуде тұрып түркологияның қанат жаюына үлкен қоз­ғаушы күш болған. «Біз қазір түр­кологияны айтқанда Радловты, Са­мойловты, Баскаковтарды айтамыз. Сондай ірі деңгейдегі тұлға бүгін өзінің Отанымен, туған жерімен, білім алған ордасымен қауышып отыр. Бұл – үлкен оқиға. Біз Әмір Нәжіп есімімен қалай таныстық? Қазақтың үлкен түрколог ғалымы Әбдуәли Қайдаров ағамызға кезінде қолындағы қолжазбаларын беріп тұрып: «Менің денем Мәскеуде қалғанымен, рухым, жүрегім қазақ жерінде. Түркі тарихына қатысты қолжазбалардың көпшілігі қазақ жерінде дүниеге келген. Осылардың көпшілігі қазақ даласында жазылған. Мұның тікелей мұрагерлері сіздерсіздер. Сон­­дық­тан менің қолжазбама, менің мұ­рама сіздер ие болыңыздар. Осыны сіз­дерге аманаттаймын», деген екен. Осы жұмысты қолға алуды Әбдуәли Қайдар ағамыз Елбасы бастамасымен, төрт мемлекеттің ұйытқы болуымен ашылған Халықаралық Түркі академия­сына аманаттаған еді. Ақылдаса келе қолжазбаны кітап ретінде шығару туралы шешім қабылдап, шәкірттерін шақырып, осы төрт томдықты әзірлеп шықтық», – деді кітаптың тұсаукесерінде сөз алған Д.Қыдырәлі. 

Шара аясында Түркі академиясы атынан Әмір Нәжіпке қатысты суреттер мен құжаттар, әртүрлі кітаптар тапсырылды. Тұсаукесер соңында академия президенті Д.Қыдырәлі Эльмира Әмір- қызына құрмет көрсетіп, камзол кигізді. 

Айтулы оқиғаға орай Мәс­кеуден арнайы келген ғалым­ның қызы Эльмира Нәжіп тол­қынысын жасыра алмады. «Әкем осы оқу орнында білім алды. Ал­ғашқы еңбек жолын жа­сады. Бүгінгі оқиға мен үшін өте маңызды. Түркі академиясына, оның президентіне ерекше алғыс айтқым келеді. Осы азаматтардың арқасында әкем жайлы білмеген тың деректермен танысып жатырмын», деді ол. 

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Әмір Нәжіпті екі рет көргенін еске алып: «Бүгін Семейдің оқу өңірінде, ойлау санасында біз ұмытып кеткен немесе ұмытуға айналған бір ой қайтып оралды. Бұл төрт құнды еңбек ғалымның үлкен арманы болды. Сол арман міне орындалды», деді. 

Түрколог ғалымның туған жері Үр­жар ауданының атынан сөз алған ақын Құсмілия Нұрқасым: «Тәуел­сіз­дік алғанымызға 30 жыл болды. Түр­кологияға енді бет бұрып жатқан жайы­мыз бар. Ал Әмір ағаларымыз мұны бая­ғыда-ақ зерттеген. Қадау-қадау ұлыларымызды енді танып-біліп жатырмыз. Қараңызшы. Қаншама уақыт өтті. Төрт томдық еңбектің жарық көруі, тұлға есімінің туған жеріне қайта оралуы – ғажайып, үлкен жұмыс», деп тебіренді. 

Колледж директоры Шаған­гүл Жа­нае­ва оқу орнын даңқты түлегімен қа­уыш­тырғаны үшін,­ Әмір Нәжіптің аманатын орын­дағаны үшін Халықаралық Түркі академиясының басшылы­ғына алғысын жеткізді. «Бүгінде тұлғаның түркі әлеміне жасап кеткен ерен еңбегі ақталып отыр. Осы оқу орнына тағы бір ұлы есім қосылды», деді ол.

Жиында Әмір Нәжіптің Мұх­тар Әуезовпен бірге осы оқу орнында оқы­ған­дығы және Се­мейде «Ярыш» футбол командасында бірге ойнағандығы туралы да айтылды. 

Раушан НҰҒМАНБЕК,

 «Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы