Аймақтар • 26 Ақпан, 2019

Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды

705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Жарлығымен Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды.

Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды

Елбасы тапсырмасымен Түркістан облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысқан Премьер-Министр Асқар Мамин Мемлекет басшысының Ө.Шөкеевтің кандидатурасын облыс әкімі лауазымына ұсыну туралы хатын оқып берді. Депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.

Премьер-Министр Түркістан облысының активімен өткен кездесуде Ж. Түймебаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Түркістан облысының алғашқы әкімі ретінде облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру, жаңа облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымын ұйымдастыру, көші-қон мәселелерін, жаңа қаланың ауқымды құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірқатар жұмыстарды атқарғанын атап өтті.

Сондай-ақ, А. Мамин облыстың жаңа әкімін таныстыра отырып, Ө. Шөкеевтің Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімі ретінде аталған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқанын айтты. Премьер-Министрдің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі ретінде өзін іскер, тәжірибелі басшы және жоғары деңгейдегі ұйымдастырушы ретінде көрсеткенін, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі әлеуметтік маңызды міндеттерді сапалы орындап, Мемлекет басшысының сенімін ақтауға мүмкіндік беретінін жеткізді. «Түркістан облысының дамуы Елбасының ерекше назарында. Мемлекет басшысының бастамасымен қасиетті Түркістан қаласында жаңа үлкен құрылыс басталды. Жергілікті атқарушы органдар алдында жаңа қаланың жаңғыруын уақытылы қамтамасыз етіп, бүкіл түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде өркендету және оны қарқынды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша үлкен жауапкершілікті жүктейтін міндеттер қойылып отыр», - деді А. Мамин. Өз кезегінде Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысының өзіне Түркістанның тумасы ретінде сенім білдірігеніне алғысын айта келе, перзенттік парызын орындау, жаңа облыстың өсіп-өркендеуі жолында күш-жігерін аямайтынын жеткізді. Ал  Жансейіт Түймебаев Елбасы қандай да бір сеніп тапсырған жұмысты мінсіз атқаруға тырысатынын білдірді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы