Күрес • 27 Ақпан, 2019

Қазақ күресі бұқаралық сипат алуға тиіс

937 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда жасөспірімдер мен жастар арасында қазақ күресінен қаланың іріктеу чемпионаты аяқталды.

Қазақ күресі бұқаралық сипат алуға тиіс

Қазақ күресінен алматылық клуб федерациямен бірлесе отырып, ұлттық күресті дамыту бағдарламасымен айналысады. Ондағы мақсат – төл өнерімізді бұқаралық спортқа айналдыру. Қазіргі кезде Алматының сегіз ауданындағы мектептерде қазақ күресі үйірмелер ашылып, сол жерлерде балалар спорттың бұл түрімен тегін айналысуда.  Бұны спортты дамытуға бағытталған үлкен қадам деп бағалаған жөн.

Жарыстың ашылу салтанатында қатысушыларға кезінде ҚазССР, одан кейін Қазақстанның қазақ күресі федерациясының президенті болған Ерғали Мұхитдинов құттықтау сөзін арнады. «Ұлттық күресіміздің қалыптасуына ерен еңбек сіңірген мамандардың бірі – менің ұстазым, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Петр Матущак еді. Ол Дене шынықтыру институтында арнайы үйірме ашты. Ал классикалық күрестен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өзінің спорттағы алғашқы қадамын қазақ күресінен бастаған болатын», – деді  ардагер балуан.

Алматы қаласы Білім басқармасының рухани-адамгершілік тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің бастағы Нүргүл Тау: «Спорт отансүйгіштікке тәрбиелейді. Спортпен шұғылданатын балалар өз уақытын алдын-ала жоспарлайды. Олар жинақы болады, алдына мақсат қояды және де үлесімді тұлға ретінде қалыптасады»,  – деп атап өтті.

Түрлі жас және салмақ ерекшеліктері бойынша Арайлым Әбенова, Сапура Аспадық, Мөлдір Азамат,  Ерсұлжан Жорабек, Елдар Ақылжан, Ілияс Ақытаев, Ғалымжан Райбаев, Мирас Шәкіров, Искандер Гричик және тағы басқа балуандар қала чемпионы атанды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»