Қазақстан • 27 Ақпан, 2019

Күншығыс елінен қайтарымсыз көмек

1096 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Жапонияның Қазақстандағы елшілігінде «Шөп тамыры» бағдарламасы бойынша гранттық келісімге қол қою рәсімі өтті. «Шөп тамыры» - адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік жобаларға арналған қайтарымсыз көмек бағдарламасы.

Күншығыс елінен қайтарымсыз көмек

Шара барысында Жапония елшісі Тацухико Касаи «Шөп тамыры» бағдарламасының жергілікті халықтың өмір сапасын жақсартуға бағаттылған ерекше жоба екенін атап өтті. Бағдарлама аясында  медицина орталықтарына, экологиялық аймақтарға, оқу орындарына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар үйіне көмек көрсету көзделген.

«Қазақстан дамудың жаңа сатысына көтеріліп келеді. Бірақ, осы жолда түрлі қиындықтар болуы мүмкін. Ал біздің мақсатымыз – сіздерге көмек қолын созу. Біз «Шөп тамыры» жобасын қазақ жерінде 1997 жылдан бастадық. Биыл осы бағдарлама бойынша 8 жобаға 340 339 АҚШ доллар бөлеміз. Осы уақытқа дейін осындай 100 жобаға қолдау көрсетіліп, барлығы 6 770 027 АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлінді. Қазақстанның дамуына үлес қосып жатқанымызға ерекше қуаныштымыз», деді ол.

Қостанай облысындағы мүмкіндігі шектеулі әйелдерге арналған «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықпан Дүйсенғали бұл грантты бірнеше жылдан бері алып келе жатқанын айтып Жапон елшілігіне, жапон халқы мен үкіметіне алғыс білдірді.

Ал жоба бойынша қаржылай көмек алған «Байтақ дала» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гаухарбек Сәтекеев «Экологиялық білім беру мектебі» құрылып, Арал көлінің маңайын жасылдандыру мен орман отырғызу жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылатынын айтты.

Сонымен қатар «Шөп тамыры» жобасы 10 жылдан бері жөндеуден өтпеген оқу орындарына да қаржы бөлген.

Өскемен қаласындағы Ахмер орта мектебінің директоры Айгүл Қадырова мектеп терезелірінің 1973 жылдан бері жаңартылмағанын, қазір терезелерді ашып-жабу мүмкін емесін айтты. Мекеме бөлінген қаражатқа 129 жаңа тезере алуды жоспарлап отыр. Бүгінде білім ұясында 1257 шәкірт білім алуда.

Сонымен қатар Жапония «Шөп тамыры» жобасы аясында Қостанай облысындағы Қарағайлы орта мектебіне, Семей қаласындағы мамандандырылған балалар үйінің кір жуатын орнына, Орал қаласындағы Жанғала аудандық емханасына, Семей қаласындағы №3 нашар көретін балаларға арналған интернатты медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге, Павлодар облысындағы өкпе қабынуына қарсы балалар санаториіне желдету жабдықтарын алуға қаражат бөлген.

Нашар көретін балаларға арналған №3 мектеп-интернаттың  директоры Акрам Қалиғожин Семей қаласы көп жылдан бері полигоннан зардап шеккен аймақ екенін айта отырып, елшіге ядролық жарылыс кезінде баласын қорғаған ана бейнеленген сувинер сыйға тартты.

Шараға қатысқан Сыртқы істер министрлігі Сыртқы экономикалық саясат департаментінің кеңесшісі Әсет Махметов: «Қазақстан үкіметі атынан Жапония үкіметіне алғыс білдіреміз. Сіздердің әлеуметтік жобаларға арналған көмектеріңіз денсаулық сақтау саласына ғана емес, басқа да салалардың дамуына үлкен көмек. Әрине, бұл – маңызды жұмыс. Екі ел арасындағы қарым-қатынас бауырмалдыққа негізделген», деді.

Салтанат ШЫНӘДІЛ

ЕҰУ студенті