Қазақстан • 27 Ақпан, 2019

Павлодарда 64 медицина ұйымымен келісімшарт жасалды

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қоммерциялық емес АҚ облыстық филиалының мәліметінше, сонымен бірге, қаңтар айында мемлекеттік тапсырысты алу туралы келісімшарт бекіткен 30 жеке меншік клиника да бар.

Павлодарда 64 медицина ұйымымен келісімшарт жасалды

Ал, облыс бойынша медициналық көмек көрсететін мемлекеттік емханалар, жеке меншік клиникалармен бекітілген келісімшарттың құны 37,6 млрд теңгені құрады.

Биылғы жылдың басында облыста 90 медицина ұйымы тіркелген болса, оның 39 мемлекеттік, 51 жеке меншік клиникалар.  

Өткен жылмен салыстырғанда, мемлекеттік тапсырысты орындауға өтініш білдірген жеке меншік клиникалар саны 10-ға артып отыр.

Жалпы, халыққа тегін медициналық көмек Үкімет қаулысымен бекітілген «Кепілді тегін медициналық көмек көлемі» тізіміне сәйкес көрсетіледі.

Бұл қызметті еліміздің  тұрғындары, оралмандар, елімізде тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар ала алады. Уақытша келген шетелдіктерге шұғыл медициналық көмек тегін көрсетіледі.

Өңірде тегін көмек көрсететін медициналық ұйымдарды таңдау арнайы аймақтық комиссияның отырысында қаралды.

Комиссия құрамында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қызметкерлері, Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, Денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы және «Емделушілердің құқықтарын қорғау бойынша» қоғамдық бірлестік басшылары бар.

Сондай-ақ, комиссия жұмысына «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы қызметкері де қосылды.

Тегін медициналық көмек арқылы медициналық қызметтерді көрсету үшін биыл облыстық бюджеттен 37,5 миллион теңге бөлінеді.    

Ал филиал тұрақты негізде көрсетілетін медициналық қызметтердің көлеміне, сапасына мониторинг жүргізеді.

Егер де медициналық көмектің кейбір түрлеріне тұтыну артса, өзге қаражат көздерінен алынып, қайта бөліске салынады.

Қорға биыл медициналық қызметтерді сатып алуға өткен жылмен салыстырғанда бюджеттен 5 пайызға артық қаржы бөлініп, амбулаторлық-емханалық көмекті дамытуға бағытталды.

Және де жалпы тәжірибе дәрігерлерінің жүктемесін төмендетіп, емханалық және жедел жәрдем қызметіне де, бөлімше дәрігерлеріне де ынталандыру ақысын төлеу, жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын өсіріп, онкологиялық ауруларды емдеуге кешендік жоспар құру көзделіп отыр.  

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР