Технология • 01 Наурыз, 2019

Жастардың ертеңгі күнге сенімі зор

599 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңір жастарымен кездесіп, олардың бүгінгі жай-күйі туралы әңгімелесті.

Жастардың ертеңгі күнге сенімі зор

Тағылымды шараға Көкшетау қаласынан және облыстың әр өңірінен жиналған белсенді жастары қатысты. Кездесуде алғаш болып сөз алған облыс басшысы Мәлік Мырзалин жастарды әрдайым қолдайтынын айта отырып, облыс жастарының өзекті мәселелеріне тоқталды.

– Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Жастар – ел дамуының негізгі факторы, – деді облыс әкімі. –Бүгінгі күні Ақмола облысында 750 мың тұрғын болса, оның 20 проценттен астамы жастар. Бүгінгі күні ақмолалық жастар әр салада табысты еңбек етуде. Оларға билік тарапынан барлық жағдай жасалуда. Осы орайда, облыс әкімі Көкшетау қаласында «Рухани жаңғыру» сарайы және көпбейінді спорт кешені салынатынын атап өтті.

Кездесуде «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филилының төрағасы Орынбек Сағидолла, «Шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі» облыстық байқуының жеңімпазы Тимур Сәрсенбаев, «World skills Kazakhstan-2018» 4-ші ұлттық чемпионатының алты медаль иегері, Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледждің 3-ші курс студенті Максим Соколов, «Zhas Project» жастар корпусын дамыту бойынша жобаның өңірлік үйлестірушісі Тимур Ысқақов, облыс орталығындағы ІТ мектеп-лицейінің 10-шы сынып оқушысы, мұғалімдер үшін тестілеу сайтының авторы Жанарыс Сайранбеков, Көкшетау техникалық институтының курсанты Әділет Серік, «Рух-алдаспан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мерген Тоқсанбай, Шоқан Уәлиханов университетінің студенті, «Мәңгілік ел жастары – индустриясы! жобасына қатысушы Әділет Құрманбек, «Феникс» волонтерлер орталығы» өңіраралық қоғамдық ұйымының төрайымы Айым Күшенова, «Шаңырақ» агроөнеркәсіптік холдингінің басшысы Индира Сәденова сөз сөйлеп, жастарға арналған бағдарламалар шеңберінде агроөнеркәсіп, мәдениет, білім және ғылым салаларында  қол жеткізіген жетістіктерін жеткізсе, енді бірі,  кейбірі күрмеуі қиын мәселелерді ортаға салды. Бес бала тәрбиелеп отырған жас ана Әсемгүл Қалижанова өзінің отбасылық бақытымен бөлісті.

– Жолдасым Шыңғыс екеуіміз бес бала тәрбиелеп отырмыз. Біздің мақсатымыз өсіріп отырған ұл – қыздарымызды еліміздің мықты азаматы етіп тәрбиелеу. Бізде кез-келген ата-ана ретінде балаларымыздың болашығы жарқын және баянды болғанын қалаймыз.  Сол үшін аянбай еңбек етудеміз. Жақында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерлі болдық. Біздің болашаққа деген сеніміміз зор, – дейді жас ана Әсемгүл Қалижанова.

Шарада әр салада жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, көзге түскен белсенді жастарға сертификат және бағалы сыйлықтар тапсырылып, Алғыс хаттармен марапатталды. Шара соңында жергілікті шығармашылық жастардың концерттік бағдараламасына ұласты.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы