Қазақстан • 02 Наурыз, 2019

Түркістан өңірінде орман алқабы ұлғаюда

1216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен   2017 жылдың 1 шілдесінен сексеуіл сүрегін саудалауға тыйым салынған болатын. Алайда сексеуіл отынының табыс көзіне айналып бара жатқандығы ескеріліп, шығарылған бұйрықты орындамайтындар табылуда. Мысалы құқық бұзушы 12 азаматқа өткен жылы құзырлы органдар тарапынан әкімшілік айыппұл салынған.

Түркістан өңірінде орман алқабы ұлғаюда

Осы ағаштың алқабын ұлғайту мақсатында облыста 7000 гектарға 43 тонна сексеуіл тұқымы себіліп, 720,6 гектарға көшет егілген. Облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінде барлығы 7720,6 гектарға орман молайту жұмыстары жүргізілді. Жалпы облыстағы мемлекеттік орман қоры - 3 млн. 439 мың 139 гектар.  Ал өңірдегі аңшылық алқаптардың жалпы аумағы 6 млн. 744 мың 700 гектарды құрап отыр. Оның 6 млн. 552 мың 500 гектары 10 аңшылық пайдаланушыға бекітілген, 172 мың 500 гектарды құрайтын 6 аңшылық алқап резервтік қорда. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары Бақытжан Қырықбайдың мәлімдеуінше, қазір Түркістан облысында 7 қар барысы, 178 үнді жайрасы, 604 арқар, 155 бұқар бұғысы, 2658 тау ешкі мекендейді. Жануалар дүниесін арттыру мақсатында дуадақты жасанды жолмен өсіруге арналған Бәйдібек ауданындағы 1000 гектар аумақта арнайы тұқымбақ бар. Тұқымбақтың бүгінгі күнге өнімділігі шамамен 2000 бас болып отыр. Өткен жылы маусым айында қолдан өсірілген 3995 дуадақ  Біріккен Араб Әмірліктерінен әкелінген. Оның 2495-і Қызылқұм мен Мойынқұмға еркіндікке жіберілсе, қалған 1500 дуадақ  Бәйдібек ауданындағы арнайы тұқымбаққа орналастырылған.

«Облыстағы бекітілген балық шаруашылығы су айдындарының саны - 11. Балық шаруашылығын жүргізуші тұлғаларға өткен жылы 1336 тонна лимит бөлінген. 2018 жылы тексерулер мен табиғат қорғау іс-шаралары нәтижесінде барлығы 329 құқықбұзушылық анықталды. Оның 223-і балық шаруашылығы саласы, 68-і аңшылық шаруашылығы, 38-і орман шаруашылығы бойынша болып отыр», - деді Бақытжан Есіркепұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы