Қазақстан • 03 Наурыз, 2019

Бауырмалдық пен татулық мерекесі

941 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Достық үйінде өңірімізде бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті тұрып жатқан этностардың  форумы өтіп, игілікті шара Алғыс айту мерекесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне  орайластырылды.

Бауырмалдық пен татулық мерекесі

Форумды  Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының оынбасары  Анваршох Амиршоев кіріспен сөзбен ашып, жиналғандарды ұлттық күнтізбеге енген айтулы мерекенің келісім мен достық тамырын одан әрі беріктендіре түсетін маңызына тоқталды. Қазақ халқы «алғыспен  ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деп текке айтпаса керек. Осымен төртінші жыл аталып өткен мейрам қазақстандықтарды жақындастыра түседі. Қиын-қыстау кезеңдерде Қазақстанды паналаған халыққа қамқор қолын созған байырғы ұлтқа деген адал көңілдерін білдірумен, тағзым етумен  білдірумен ерекшеленеді, деді ол.

Облыстық ассамблеяның хатшылық меңгерушісі Наиль Салимов өз сөзіне   туған жерінен еріксіз босып, небір тарихи өзгерістерді бастан кешіріп, бүгінде  Ұлы Дала елінде өмір сүріп жатқан ұрпақтары ата-әжелеріне жасаған жақсылықты ешқашан ұмытпайтынын,  татулықтың тал бесігін тербету әр қазақстандықтың басты мақсаты екенін, жергілікті Ассамблея мен  этномәдени бірлестіктер тарапынан түрлі қамқорлық, қайырымдылық  акциялары өткізіліп жатқанын жеткізді.  Өзара бірлікті нығайтуға белсене атсалысып жүрген бір топ адамға  Ассамблеяның алғыс хатын табыс етті.

  «Этноfashion» ұлттық костюмдер фестиваль-байқауы облыс орталығы мен аудандарда жұмыс істейтін этномәдени ұйымдарының өкілдерінің басын қосып, ұлттық киім үлгілерін, сондай-ақ ана тілдерін білу және билеу шеберліктерін қаншалықты дәрежеде меңгергендерін көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен «Коперник» поляк мәдени орталығының мүшелері бірінші орынға лайық деп бағаланды. Екінші, үшінші орындарды  Ғ. Мүсірепов ауданының өкілдері мен «Urpag»  қазақ мәдени ағарту бірлестігі бөлісті.

«Бір шаңырақ астында» атты фестиваль да тартымдылығымен, мазмұндылығымен есте қалды. Онда қазақ, орыс, неміс, татар, әзірбайжан, тағы басқа ұлт өкілдері өздерінің  салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бейнелеп, ерекше қырларымен таныстырды.  Арнайы ұйымдастырылған көрмеге  қазақ халқының  бауырсағы мен қоспасы, женті,  орыстың тұшпарасы мен тұздалған орамжапырағы, татардың чак-чагы, әзірбайжанның долмасы мен пахлавасы қойылып, жұртшылық  дәмділігі тіл үйіретін тағамнан ауыз тиді. Қара домбыраның шанағынан күмбірлеген күй төгіліп, частушкалар шырқалып, мың бұралған билермен өзара үйлесім тапты.

Әзірбайжан ұлтының өкілі  Мулькум Мустафаев  екінші отаны саналатын Қазақстан, қонақжай қазақ халқы жайлы ағынана ақтарылса, Владислава Соболева мұндай шаралар адамдарды бір-бірімен жақындастыра түсетінін, мәдениеті жайлы мол мағлұмат алатынын, тіршілікке жан бітіретін көктемді, Шығыс халқының жаңа жылы  әз Наурызды асыға тосатынын тілге тиек етті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Еgemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы.