Әлем • 03 Наурыз, 2019

Үндістандағы дипломаттар елге жете алмай қалған қазақстандықтарға көмектесті

925 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігі Пәкістан мен Үндістан арасындағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты авиарейсі ұшпаған немесе кейінге қалдырылғандықтан қиыншылыққа тап болған қазақстандықтарға көмектесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үндістандағы дипломаттар елге жете алмай қалған қазақстандықтарға көмектесті

«Үндістан мен Пәкістанның арасындағы әскери-саяси жағдайдың күрделенуіне байланысты рейстері ауыстырылған немесе мүлде орындалмаған әртүрлі әуе компанияларының жолаушылары мен біздің азаматтар қиын жағдайға тап болды. 27 ақпан күні Пәкістанның әуе кеңістігі жабылып қалып, бұл жағдай қазақстандық әуе тасымалдаушы - «Эйр Астана» компаниясының жұмысын едәуір әсер етті. Атап айтқанда, 65 қазақстандық азамат белгіленген уақытта елімізге орала алмады. Үндістандағы ҚР Елшілігінің күш салуымен және әуе компаниясының араласуымен олардың әуе билеттері басқа уақытқа және басқа әуе желісіне қайта брондалды», - делінген Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігінің Фейсбуктегі парақшасында.

Елшіліктің хабарлауынша, біздің 44 отандасымыз Елшілікке жеткізіліп, олар туған-туыстарымен байланыс орнатып, тамақпен және қонақ үймен қамтылған. «Туындаған күрделі жағдайға қарамастан, көтеріңкі көңіл-күймен бірлік таныта білген азаматтарымыздың сабыр сақтағанына ерекше алғыс білдіреміз. Дипломаттар отандастарымен тіл табысып, бір-бірін жақсы танып қалды. Біз отандастарымызға бақыт пен сәттілік тілейміз», - деп жазады Елшіліктен.

Еске сала кетсек, осыдан 5 күн бұрын Пәкістанның әуе кеңістігін жабуына байланысты Қазақстан мен Үндістан арасындағы рейстер тоқтап қалған болатын. Сонымен бірге, Делиден Алматыға орындалуы тиіс рейс шегерілген еді. Арада көп өтпей ҚР СІМ Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты мәлімдеме жасап, екі ел арасындағы ашық диалог дағдарыстан шығудың жалғыз қолайлы жолы екенін жария еткен.

Туындаған ахуалды шешу мақсатында «Эйр Астана» Үндістанға бару-келу ұшуларын орындау үшін жанармай құюға Оман корольдігіне қону арқылы балама бағдар келісіміне қол жеткізіп отыр.