Аймақтар • 04 Наурыз, 2019

Үндістан-Пәкістан: Жанжал қайта ушықты

12045 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Үндістан мен Пәкістан арасы қайта шиеленісіп кетті. Оған 14 ақпанда Кашмирде болған лаңкестік әрекет пен Үндістан мен Пәкістанның осы оқиғаға қатысты іс-қимылдары себеп болды.

Үндістан-Пәкістан: Жанжал қайта ушықты

Пәкістан билігі айыпты ма?

Аталған лаңкестік оқиға Каш­мирдің Үндістанға қарай­тын аумағындағы Пулвама қаласында, үндістандық әскери көліктер қаз-қатар жүріп келе жатқанда жасалған. Нақтылай айтқанда, жанкешті өзінің басқаруындағы жарылғыш зат орнатылған машинаны әлгі көліктердің бірі­не соғады. Соның салдарынан Үндістанға тиесілі әскери көліктердің бі­рін­де отырған 45 полиция мерт болды. Үндістан тарапы хабар­лағандай, жарылысты Кашмирдің 22 жастағы тұрғыны жасаған. Көп ұзамай аталған лаңкестік шабуылды «Жаиш-е-Мұхаммед» тобы мойнына алды. Бұл топтың жарылысты өз мойнына алуы Пәкістанға оңай тимей тұр. Өйткені, «Жаиш-е-Мұхаммед» – осы елдің аумағында орналасқан, Джамму мен Кашмир штатын Үндіс­таннан бөліп, Пәкістанға қосу­ды көздеп жүрген ұйым. Үндіс­тан жағы бұл топ Пәкістан билі­гінен қолдау тауып отыр деп есеп­тейді.

Ресми Дели осы лаңкестік ша­буылға Пәкістан билігінің қатысы бар екеніне бек сенімді. Осы орайда Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Пулвамадағы ша­буылға тиісті жауап берілетінін мәлім­дей келіп, ел әскеріне шекара ма­ңында кез келген әскери қимыл жасауға рұқсат берді. Ал ресми Исламабад қар­сы та­рап­­тың барлық айыптауларын жоқ­қа шығарып бағуда. Пәкістан премьер-министрі Имран Хан жарылысты ұйым­дастырушылар табылса, оларды жазалауға дайын екенін мәлімдеп, «Бұл шабуылға шын мәнінде пәкістандық тарап­тың қатысы бар екені расталса, кінәліні бізге беріңіздер. Біз шара қолданамыз», деді. 

Жарылыстан кейінгі жағдай

Пулвамадағы оқиғадан кейін Үндістан қалаларында нара­зылық күшейді. Тұр­ғындар Пәкіс­танның туын өртеді. Пәкіс­таннан Үндістанға келетін тауар­ларға кеден салығы 200 па­йызға өсті. Қос тарап та өз елші­лерін кері қайтарып алды. Іле үнді полицейлері Үндіс­танға қарай­тын Джамму мен Кашмир өңі­рінде 20 адамды тұтқындаған. Сондай-ақ Джаммуда Үндістан полицейлері мен қарулы топтар арасында қақтығыс болып, тоғыз адамның қаза тапқаны мә­лім болды. Олардың бесеуі – үндіс­тандық әскери болса, біреуі қарапайым тұрғын, үшеуі «Жаиш-е-Мұхаммед» тобының мүшесі көрінеді.

Жоғарыда айтылған оқи­ғалар­дан бөлек, 26 ақпанда Үндіс­тан әуе күш­тері Пәкіс­танға тиесілі Кашмир аума­ғында орналасқан «Жаиш-е-Мұхаммед» тобының базасына шабуыл жасауы мәселені тым күрделендіре түсті. Нақ­тылай айтқанда, Үндістан әскери әуе күш­терінің 12 жойғыш ұша­ғы «Жаиш-е-Мұхаммед» лаңкестік ұйымының жат­тығу лагерін қиратқан. Кейбір деректер бойынша, әуе шабуылынан ұйымның 300 жасағы көз жұмған.

Осындай қарбаласты шақта, яғни 27 ақпанда пәкістандықтар Үндістанның екі ұшағын атып түсіріп, екі ұшқышты тұт­қын­дағаны белгілі болды. Бұл туралы Пәкістан қарулы күш­терінің өкілі генерал-майор Асиф Гафур: «Үндістандық екі ұшақты атып түсірдік. Олардың бірі біз­дің аймағымызға, екін­шісі Каш­мирдің Үндістанға қа­райтын бөлігіне құлады. Екі ұш­қыш та тұтқындалды. Олар­дың бірі жарақаттанып, ауру­ханаға жеткізілді. Оған қажетті меди­цина­лық көмек көрсетіледі. Екінші ұшқыш абақ­тыға қамалды», деп хабарлады. Кейінірек Pakistan Today агенттігі ұсталған ұшқыштардың бірінің бейнесі түсірілген бейнежазба жариялады.

Кашмир дағдарысы – әлемдік мәселе

Кашмир мәселесі 1947 жы­лы Үндістан мен Пәкістан өз тәуел­сіздіктерін алған кезден басталған. Сол тұста халқының 70 пайызы мұсылман Кашмир өңірінің билеушісі Хари Сингх Үндістанға қосылу туралы шешім қабылдаған-ды. Бұл шешімге Пәкістан тарапы келіспей, ақырында 1947 жылы аталған аймақта Пәкістан мен Үндістан арасында 1949 жылға дейін жалғасқан соғыс болды. Бұл қақтығыс БҰҰ-ның араласуымен тоқтаған-ды. Содан 1949 жылдың 27 шілдесінде шекара сызығы белгіленіп, Батыс және Солтүстік Батыс Кашмир Пәкістанға, ал аймақтың қалған көп бөлігі Үндістанға бағын­дырылды. Алғашқыда осылайша түйткілді мәселенің шешімі табылғандай болған. Бірақ көп өтпей жағдай басқа арнаға бұрылып кетті. 

Түсіндіре кетсек, 1952 жы­лы шілдеде Үндістан үкіметі мен Каш­мир билеушісі арасын­да «Дели келісімі» жасалып, соның нәтижесінде, өлке Джам­му және Кашмир штаты деген атпен Үндістан құрамына енгізілді. Сөйтіп Үндістан бұл мәселе біржола шешімін тапты деп есептеген-ді. Пәкістан жағы бұған келіспей, Джамму және Кашмирде референдум жүргізуді талап етті. Референдум өткізуге Үндістан көнбеді. Өйткені аталған штаттағы халықтың дені мұсылман болғандықтан, таңдау нәтижесі өздерінің көңілдерінен шықпайтынын түсінді. Дау осылайша күрделеніп кетті. Содан екі ел арасында 1965 жылы қарулы қақтығыс болып, ол КСРО және бірқатар елдердің араласуымен тоқтатылды. 1971 жылы тағы да қос тараптың арасында қарулы қақтығыс болды. Осы үш соғыстан бөлек, бүгінге дейін болған, көптеген азаматтарды опат еткен көптеген лаңкестік оқиғалар екі ел арасындағы орды тереңдете түсті. 

Мұның барлығы Кашмирді Азиядағы ең қауіпті аймақтардың біріне айналдырды. Сондай-ақ екі мемлекеттің де ядролық клубқа мүше болуы, жаппай қырып-жоятын қаруға қол жеткізуі Каш­мир дағдарысын халықаралық аса ірі проблемалардың қатарына қосты.

Осы арада айта кетейік, 2002 жылы Үндістан мен Пәкіс­тан арасында Кашмирге қатыс­ты кезекті жанжал басталып, арты қарулы қақтығысқа жалғасқан. Сол кезде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев қос мемлекеттің басшыларын Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысуға, келіссөз жүргізуге шақырған. Бұл шақыруды екі басшы да қабыл алып, 2002 жылы 3 маусымда Алматыға келген. 4 маусымда өткен саммит кезінде олар өздерінің ядролық қаруын бірінші болып іске қоспайтындары жөнінде мәлімдеме жасаған. Тағы бір айта кетер жайт, Кашмир мә­се­лесіне тікелей қатысушы Үн­дістан мен Пәкістан 2017 жылдың маусымында Қазақстан белсенді атсалысып отырған Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүшелікке толыққанды қабылданған. Қалай десек те, Қазақстан үшін саяси-эконо­микалық сенімді серіктес елдер – Үндістан мен Пәкістанның тату көрші болуы аса маңызды. Сондай-ақ олар бір-бірімен ынтымақты болуға қадам басса, бұл әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға қосылған үлкен үлес болар еді.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар