Қазақстан • 04 Наурыз, 2019

2019 жылы Астанада әлеуметтік салаға бөлінген қаражат бюджеттің жалпы көлемінің 35% құрайды

1350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылату бойынша жаңа әлеуметтік бастамасын іске асырудың аясында елорда билігі аз  қамтылған және көпбалалы отбасыларға баса назар аударатын болады. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

2019 жылы Астанада әлеуметтік салаға бөлінген қаражат бюджеттің жалпы көлемінің 35% құрайды

«Партияның жаңа бағдарламасы елдің жан-жақты әлеуметтік өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Кірістер мөлшерін арттыру, халықтың осал топтарын қолдау, сондай-ақ, кірісі төмен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу дамудың негізгі принциптері болмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес партияның «Бақытты отбасы» жобасының аясында көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетілетін болады», – деді Бақыт Сұлтанов «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы активінің отырысында.

Оның айтуына қарағанда, биыл қалада әлеуметтік салаға бөлінген қаражат бюджеттің жалпы көлемінің 35% құрайды.

«Жергілікті өкілдік органның шешімімен халықтың осал топтары қатарындағы азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсаттарына төлемдердің 30-дан астам түрі түрі қарастырылған. Біз жергілікті бюджет есебінен көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау бойынша қосымша шараларды пысықтадық. Біріншіден, тұрғын үй көмегі төлемдерін орташа есеппен 18% арттыру көзделген. Көпбалалы отбасылар қатты отынды сатып алу үшін әлеуметтік жәрдемақыға ие болады. Бұл ретте жәрдемақы мөлшері барлық санаттағы азаматтар үшін 8 АЕК-тен 16АЕК-ке дейін ұлғайды немесе 40 мың теңгені құрады. Бір жыл ішінде мұндай көмектің түріне 100 отбасы ие болады», – деп атап өтті ол.

Аутизмге шалдыққан балаларға арнайы қызметтерді көрсету жөніндегі жоба шеңберінде бюджеттен 40 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда аталмыш қызмет 100 отбасыға көрсетіледі.   Жұмыспен қамту бағдарламасының аясында 2019 жылы жұмысыз жүрген азаматтарды қоғамдық жұмыс орындары арқылы еңбекпен қамту 500 адамнан 1000 адамға дейін арттырылатын болады. Қоғамдық жұмыс істейтіндердің жалақысы 48 мың теңгеден 84 мың теңгеге дейін ұлғайтылмақ.  

Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар санатына жататын мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының студенттері қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру қызметін алушылар қатарына қосылды. Алдағы уақытта көмектің мұндай түрін алушылар санын 5154 адамнан 35 905 адамға дейін арттырылады деп жоспарлануда. Осылайша олардың саны 7 есеге артқалы отыр.

Мектептерде көпбалалы отбасы қатарындағы оқушылар ыстық тамақпен қосымша қамтамассыз етілетін болады. Мұндай оқушылардың саны 31901 баланы құрайтын болады. Кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 мөлшерінен аспайтын көпбалалы отбасы қатарындағы балаларға Астананың жоғарғы оқу орындарында тегін білім алуына мүмкіндік беретін жеке гранттар ұсынылатын болады. Биыл елорда мектептерінің 50 түлегі грант иегері атанбақ.

Соңғы жаңалықтар