Қазақстан • 05 Наурыз, 2019

Туризмді дамытудың балама жолы

2247 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемнің дамыған елдерінде туризм экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде саналады. Тіпті, Орталық Америка мен Африкадағы дамушы елдер де туризмді қыруар табыстың көзіне айналдырған. Өкінішке қарай, Қазақстанның туристік әлеуеті зор болғанымен, жетістіктеріміз көңіл көншітпейді.

Туризмді дамытудың балама жолы

Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы дамыған 30 ел­­дің қатарына кіру жоспарында осы салаға ерекше көңіл бөлінген. Ал онда айтылған мақсат-мін­дет­­­терді жүзеге асыруға жауапты ор­­ган­­дардың жұмысы қалай жүр­­­гі­зі­­луде? Президенттің 2015 жылы жа­рия­л­анған «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының туризм сек­­­торына қа­тысты 57, 69, 86, 87 қадам­­­­дары­на қан­дай да бір стра­те­­­­гия­­­лық бағ­дар­лама жасалды ма? 

Ел Үкіметінің 2013 жылғы 28 ақпандағы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы» мен 2017 жылдың 30 маусымын­дағы қаулысымен қабылданған «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі концепциясына» шолу жасап көрген едік. Зерттеу барысында, бұл құ­жат­ты әзірлеушілер Ресей Феде­рация­сының 2014 жылы қабыл­дан­ған туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі, 2018 жылы қабыл­данған 2019-2025 жылға дейін­гі даму стратегияларын үлгі еткені байқалады. Ресейлік үлгі­ден ерекшелігі, қазақстандық Тұжы­рымдамада көрсетілген мақ­сат­тар абстрактілі, оны жүзе­ге асыру стратегиялары мүлде жоқ.  

Біздегі Тұжырымдаманың ең бірінші кемшілігі – құжаттың атауы мен мазмұнының өзара сәйкес келмеуі. Мәселен, авторлар ел туризмін алты кластерге бөліп қарастырады. Бірақ бұл кластерлер Қазақстанның барлық аумағын толық қамти алмаған, тіпті кейбір кластерлердің орта­лықтары белгіленбеген, олардың нақты шекараларын анықтау мен есте сақтау қиындық тудырады.  

Сонымен бірге бұл құжат М.Порт­тердің кластер тео­рия­сы мен (Туристік аймақ­тар­ды бас­қару ұйымы, әрі қарай – ТАБҰ; Destination Management Orga­ni­zation, DMO;) құрылы­мы­ның не­гіз­дерін пайдалана отырып жа­сал­ғанын айта кетейік. Алайда, шарт­тары мен ережелері мүлде бө­лек осы ғылыми тео­рия мен құры­лым ешқашан қатар қол­дан­ба­йтындықтан, ешбір мем­лекет­тің туризм тәжірибесінде ұшы­­рас­пайды. Концепция ав­тор­­­лары­ның қарама-қарсы екі ғылы­ми ережелерді қатар басшы­лық­қа алуы – ғылыми талаптарды өрескел бұзу.

Кластер теориясы еліміздің туризм саласында бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Тиісті құжатта оған: «Туристік кластер – бұл туристік өнімді жасау, өндіру, ілгерілету және сатумен, сондай-ақ туризм индустриясымен және рекреациялық қызметтермен сабақтас қызметпен айналысатын өзара байланысқан кәсіпорын­дар мен ұйымдардың бір шектел­ген аумақ аясында шоғырлануы», «Туристік кластерді құрудың мақсаты – синергетикалық әсер ету есебінен туристік нарықта аумақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» деген анықтама бері­ліп­ті. Қазіргі таңда туризмнің тиім­сіз­дігіне байланысты дамыған ел­дер бұл ғылыми ережеден бас тар­тып, оның орнына ТАБҰ құ­ры­лымын басшылыққа алуда. ТАБҰ құрылымының мақсаты – туризмді экономикалық қыз­мет түріне айналдыруға шешім қабыл­даған аймақта оған барлық күш-жігерді бағыттай отырып кәсіби түрде айналысу тәсілі.  

Ел туризмінің дамуына мұн­дай жалаң, жүйесіз Тұжы­рым­дама ықпал ете алмайтыны анық. Осы орайда Абай атын­дағы Қазақ ҰПУ мен АҚШ-тағы Халықаралық туризм зерттеу институты Джордж Вашингтон университетінің туризм саласының ғалымдарымен бірлесіп ТАБҰ құрылымы бо­йынша мақсаты нақты бір мер­зімде орындалатын, міндеттері анық, жүзеге асыру стратегиялары бар «Балама тұжырымдама» дайындағанын айтқым келеді. «Балама тұжырымдамада» елдің әкімшілік құрылымына байланыс­ты он төрт ТАБҰ құру, ту­ризмнің төрт бағытын жеті стра­тегия бо­йынша іске асыру жоспарланған. 

«Балама тұжырымдаманың» негізгі мақсаты – 2025 жылға қарай Орталық Азиядағы бас­ты туризм орталығы болу. Осы мақ­сатқа жету үшін елімізде төрт туристік ба­ғыт­ты: Іскерлік туризмді (MICE туризм), Табиғи туризм­ді, Мәде­ни мұралар туризмі мен Руха­ни туризмді ұлт­тық дең­гей­де қарас­тыруды ұсы­намыз. Ата­л­ған туризм түр­лерін дамыту жеті стратегия бо­йын­ша іске асырылады. 

Ең бірінші стратегия – Ұлт­тық туристік ұйымдардың қыз­метін жақсарту, яғни елдегі мемлекет­тен қаржыландырылатын турис­тік ұйымдардың бәрін бір Ұлт­тық туристік ұйымның ая­сы­на шо­ғыр­ландыру. Осы ар­қы­лы олар­дың атқаратын мін­дет­­­терін ай­қын­даумен қатар жұ­­мыс­­­тың ашық­тығын да (transparency) қамта­ма­сыз етуге бола­ды. Ұйым­ның веб сай­тында олар­­дың жыл са­йын ай­­мақ­тық және ұлттық дең­гей­де ат­қарған жұ­мыс­тарының есебі қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерін­де жария­ланады. Оған қоса осы ст­рате­гия аясында ай­мақ­тағы бес мем­­лекет кіретін Орталық Азия турис­тік ұйымын құр­у мәселесі қарастырылады.

Екінші стратегия бойынша «жұмсақ инфрақұрылымға» арналған стандарттарды әзірлеу керек. Яғни, Туризм индустриясы комитетінің инфрақұрылымның барлық түрін дамыту құзыреті жоқ болғандықтан, туризмге бай­­­ланысты орындар мен бизнес сала­ларында санитарлық-ги­гие­налық жағдайды ретке келті­ру керек. Мәселен, туристік ны­сан­дарға апаратын жолдардың бойын­да­ғы қызмет көрсету орындарын (әжет­ханалар), қонақүй мен та­мақ­­тану орындарының сапасын ха­лық­аралық деңгейге көтеру қажет. 

Үшінші стратегия – үйлестіру ко­митетін құру. Елдегі туризм­ге қатысты барлық инфрақұры­лым­дық жағдайды дамыту мәсе­ле­сіне Туризм индус­трия­­сы комитетінің құзыреті жүрмей­тін­діктен, басқа мемлекеттік ұйымдармен бір­лесіп жұмыс істеу қажет. 

Төртінші стратегияда Ай­мақ­тық туризмді басқару ұйым­дарын құру қарастырылған. Қазақ­станның он төрт облысына байланысты он төрт аймақтық туризмді басқару ұйымы әр өңірге тән туризм түрлерін айқындап, қолайлы түрлерін дамытуға мүм­кіндік жасаумен айналысады.

Бесінші стратегия – туристік білімді жетілдіру мен пайдалану, тиісті мамандық беру меке­мелерінің жұмысын әлемдік стан­дартқа сәйкестендіру. Бұл мақ­сатта арнайы туризмді зерттеу институтын құру, маман дайындайтын ұлттық университеттерге «TedQual» сертификатын, ал басқа оқу орындарында туризмді зерттеу институтының «Tourism Education Quality Kazakhstan» сер­тификатын алуды ұсынамыз. 

Алтыншы стратегия Үкіметтің туризмге мұқият көңіл бөлуін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, туризм саласының жұмыс орындарын құрушы индустрия екендігі ескеріліп, бұл саланың мемлекет тарапынан жеткілікті қаржыландырылуын қамтамасыз етуді бақылау ұсынылады. Әр­түрлі конкурстар ұйымдастыру, туристер санының артуын және осының әсерінен жаңа жұмыс орындарының ашылып жатқанын үнемі Үкіметтің есіне салып отыру керек деген ойдамыз.

Жетінші стратегия – шетелдерде туристік кеңселер құру, шетелдік ұйымдармен бай­ла­ныс жасау арқылы ел ту­ризмінің мүмкіндіктерін насихат­тау. Осы арқылы шетелдік инвес­тор­­ларға елге инвестиция салу­дың тиім­ділігін жеткізуге мүм­кіндік артады. Аустралия мен Еуропаның, Американың және Азияның дамыған елдері­нің туристерін елге тарту жұмыс­тары­­мен тұрақты айналысу қажет.

Кененбай Мәмбеталиев,

география ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ҰПУ қауымдастырылған профессоры

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше