Аймақтар • 05 Наурыз, 2019

Қостанай кәсіпкерлері 1703 көп балалы отбасына көмек берді

954 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесуінде айтылды. Басқосуда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы әңгіме болды. Облыс өңірінде көп балалы отбасыларын қолдау барысында аз уақыттың ішінде біраз іс тындырылды. Мысалы, 10 отбасы жаңа үйге кірді, 372 отбасы отынмен қамтамасыз етілді, 20 отбасының коммуналдық қарызының барлығы төленді, 758 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Осының барлығына кәсіпкерлер 49 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсады.

Қостанай кәсіпкерлері 1703 көп балалы отбасына көмек берді

«Қазір «Нұр Отан» партиясы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнесті мемлекеттік қолдауды жақсартудың жолдарын қарастыруда. Мен бизнес те өз тарапынан әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпауы тиіс деп ойлаймын. Қазір бизнес Елбасының «Нұр Отан» партиясы қамқорына алған «Бақытты отбасы» жобасына белсенді кірісіп кетті. Көп балалы отбасыларына баспанамен, отынмен, азық-түліктей материалдық көмек көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкерлер әлеуметтік аз қорғалған отбасыларын жекелей қамқорлыққа алса, олардың қажеттерін уақытылы біліп отырса дұрыс болар еді» деді Архимед Бегежанұлы.

Бүгін облыс өңірінде төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 5086 отбасы бар. Олардың барлығы да ерекше бақылауымызда. Облыста, аудандар мен қалаларда жедел штабтар құрылған, олар адамдарға уақытылы кеңестер айтуға және олардың проблемаларын анықтауға даяр. Әрине, отбасыларынан түсетін өтініштердің басым көпшілігі баспанаға қатысты. Ең алдымен апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқандарға көмек беріледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай