Бас Ассамблея отырысында өткен жыл қорытындыланып, 2018 жылы Джакарта мен Палембангта өткен жазғы Азия ойындарын Ұйымдастырушы комитетінің есебі тыңдалды. Сонымен қатар, Олимпиадалық ынтымақтастықтың жаңартылған бағдарламасы мен 2020 жылы Токиода, 2022 жылы Бейжіңде өтетін Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комиттетерінің дайындық барысы таныстырылды.
АОК ұйымдастырған іс-шара аясында Қазақстан ҰОК өкілдері Ауғанстан және Иран ҰОК басшыларымен екіжақты кездесу өткізді. Сондай-ақ, Қазақстан ҰОК пен жақында сайланған Ауғанстан ҰОК президенті, доктор Хафизулла Вали Рахими арасында әріптестік туралы Меморандумға ресми түрде қол қойылды.
Иран ҰОК президенті, доктор Сайед Реза Салихи Амири Қазақстан ҰОК тарапымен тығыз байланыс орнатуға дайын екенін айтып, еліміздегі спорттың даму қарқынына жоғары баға берді. Сонымен қатар, Қазақстанды Орталық Азияда көшбасшы санайтынын жеткізді. Ол Қазақстан ҰОК басшылығын екі ел арасындағы әріптестік туралы Меморандумға қол қою үшін Тегеранға шақырды.
Қазақстан ҰОК өкілдері Халықаралық текбол федерациясы (FITEQ) өкілдерімен кездесіп, Қазақстанда текболды дамыту және ұлттық федерация құру мүмкіндігін талқылады.