Тарих • 06 Наурыз, 2019

Әлкей Марғұланның Сарайшықты зерттеуі

5158 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1950 жылдың 12 тамызындағы Гурьев облысының (бүгінгі Атырау облысы) «Социалистік құрылыс» газеті Ә.Марғұланның Жайық жағалауында қолына сфероконус ұстап терең толғанып тұрған суретін жариялады. Сурет астына: «Қазақ ССР Ғылым академиясының археологиялық экспедициясы Бақсай ауданындағы(Махамбет ауданы) ескі Сарайшық қаласын қазып, зерттеп жатыр. Экспедицияны Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті профессор Ә.Марғұлан басқарады» деп жазылған екен. Міне, содан бері 70 жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта археолог М.Қасенов сол бір тарихи кезеңде Ә.Марғұланның Жайық жағалауында түскен 4 суретін Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінен тауып жариялады. Мұның өзі ғұлама ғалымның ортағасырлық Сарайшық қалашығын зерттегенін айғақтайды. 

 

Әлкей Марғұланның Сарайшықты зерттеуі

 Археология саласына­ ден­­ қойған Ә.Марғұланды Н.К.Арзютовтың 1937 жыл­ғы­ қыркүйек айындағы Сарай­шық­тағы археологиялық қазба жұмыс­тары қатты қызықтырады. Өйт­кені ол Сарайшықта жүргізіл­ген­ алғашқы кешенді ғылыми-зерт­теу­ болатын.­­ 1949 жылы Қазақ КСР Ғы­лым ака­­­демиясы хабаршысында жария­лан­ған Н.К.Арзютовтың экспеди­­ция­ есе­бімен мұқият танысып, орта­ға­сырлық Сарайшық қаласы тарихын зерт­теу­ кешегі орыс патшасы заманында бас­талғанын, оның бүгінге дейін негі­зінен 2 бағытта: бірі – қаланың пайда бо­луы мен қалыптасуын тарихи деректер мен ортағасырлық сая­хатшылардың жазба деректері, екіншілері археологиялық қазба­дан табылған жәдігерлер арқылы зерттеліп жатқанын тағы бір ой елегінен өт­кізеді. Бұл арада Н.К.Арзютов Саратов ғы­лыми му­зейінде археологиялық бө­лім меңгерушісі болып, 1928 жыл­дан бастап Төменгі Еділ бойы­ның ар­хеологиялық зерттеу жұмысымен айналысып, көш­пелі түркілер мен Алтын Ор­да мемлекетінің Еділ, Жайық өзен­дері бойында орналасқан орта­ғасырлық қала­ларына қа­­­­тыс­ты археологиялық қазба жұ­мыс­тарын ұйымдастырғанын жақ­сы білетін. Ғалым Сарайшық қаласы ту­ралы алғашқы мәлімет­тер жинақтап жа­риялаған Оры­нбор өлкесінде еңбек ет­кен П.И.Рычков, ХVIII ғасырдың ІІ жар­­­тысында Қазақ хандығы тер­риториясына жасалған экспедиция құра­мында болған П.С.Паллас, 1861 жылғы то­пограф А.Е.Алексеев еңбектерімен та­нысады. Нәтижесінде қаз­ба жұ­­мыс­­­­тарын жүргізген А.Е.Алек­сеев­тің­ топографиялық түсі­ру­лерінің кө­­­не­ қа­­­ланың қазіргі жағ­дайымен сәй­кес­пейтінін анық­тайды. Біздіңше Ә.Мар­­­ғұлан Н.К.Арзютовтың ғылыми ұс­та­зы П.С.Рыковпен де таныс бол­ғандай. П.С.Рыков қазақ зия­­­лы­ларына Батыс Қазақстан бө­лім­шесі өлкетанушылары алдында жасаған, кейін «Советская степь» газетінде жарияланған «Изучение Ураль­ской губернии в археологическом отношении» та­қырыбындағы баян­дамасымен таныс болатын. Оның үстіне П.С.Рыков 1932-1933 жылдары Ленинградтағы Мемлекеттік ма­­­те­риалдық мәдениет тарихы ака­­­демиясы тапсырмасымен Ор­талық Қазақстанды зерт­тейді. Атақ­­ты Нұра экспедициясы Дан­­дыбай ауылы маңынан көне ес­керт­кіштер орнын ашып, Ә.Мар­ғұланның болашақ жаңа­лықтарына жол ашқан-ды. Со­нымен 1937 жылғы 15 күн­­дік­­ экс­педиция қорытындысы Ә.Мар­ғұланның Сарайшықтағы із­деністеріне негіз болады. Саратов ғалымдарының еңбегін жоғары бағалаған Ә.Марғұлан «дегенмен олар барлау белгілерін салумен шектеліп, тарихи хронологиясын анықтау тәрізді үлкен міндеттерді алдына қоймады» дей келе, алдына Сарайшық қалашығының 1950 жылғы көрінісін анықтап, оны бұрынғы орнымен салыстыруды, сол арқылы қаланың қаншалықты өзгеріске ұшыра­ғанын анықтауды мақсат етіп қояды.

Қазақ КСР Ғылым академия­сының Тарих, археология және этнография инс­титуты тапсырмасымен Сарайшыққа 1950 жы­лы тамыз айында келген Ә.Мар­ғұлан Батыс Қазақстан ар­хеологиялық экспедициясы құ­рамына институттың ғы­лыми қызметкері Г.И.Пацевич, аға­ ла­­борант П.В.Агапов, фотограф А.А.Поповты қосады. 

Ә.Марғұлан басқарған архео­ло­гиялық қазба қорытындысы 1951 жылы 24 сәуірде КСРО Ғы­лым академиясының Мате­риалдық мәдениет тарихы институты пленумының Орталық Азия археологиясы секциясында талқыға салынады. Секция төрағасы про­фессор М.М.Дьяконов Ә.Мар­ғұ­ланның «Сарайшықтағы қаз­ба жұмыстары» атты баяндамасын тың­дауды ұйымдастырады. Отырыс барысында ұйымдас­тырылған пікірталаста тарих ғы­лымдарының кандидаты С.С.Черников: «Сарайшықтың жыл сайын Жайық өзені тасуы­мен жойылуы­на және қазіргі кезеңде Жайық өзенінің қала орталығына жақындауына байланысты Сарайшықты зерттеу ма­ңызды міндет. Сарайшықтың Ста­линград ГЭС-і жұмыстары ай­мағына жақын орналасуы Са­райшықта қазба жұмыстарын қар­қынды жүргізуге мүм­кіндік бе­реді деген сенім ұялатады. Профессор Толстовтың Сарай­шықты – Хорезм колониясы деп есептейтіні белгілі, өйткені оның анықтауынша оның ежел­гі қабаты Хорезмдікі. Ал Мар­ғұлан қазба жұмыстары қоры­тындысына сүйеніп, ежелгі қа­батты печенегтер мұ­расы деген тоқ­тамға келген. Мұның өзі ғы­лыми шындықты анықтау үшін қазба жұмыстарын жалғас­тыруды қажет етеді, дей­ді. Тарих ғылымдарының док­то­ры Н.Я.Бернштам: «Мен Са­райшық орнында Алтын Орда за­манындағы тұрақтың алдында тұрақ болды деген Марғұланның пікірімен келісемін» де­се, тарих ғылымдарының докторы М.М.Дьяконов: «Марғұлан баян­да­масы өте қызықты. Сарай­шықтағы 1950 жылғы зерттеу жұмыстары үлкен болмаса да  кейінгі жылдары қазба жұ­мыс­тары үлкен аумақты қамтуы қажет» деп ойларын қоры­тады(АоТӨМ Н.ҚОР №11453).

Секция отырысынан қолдау тапқан Ә.Марғұлан қазба қоры­тындыларын 1951 жылғы КСРО-дағы Бүкілодақтық ар­хео­логиялық кеңеске шығарады. Бір­ ерекшелігі, ғалым баянда­масын 21 шағын тезиске бөліп баяндайды. Жаңа­дан топо­графиялық түсірілім жасалып, ежел­гі қаланың орнын қазу бары­сында қала дамуының үш кезеңі анықталады: Моңғолға дейінгі (ХІ-ХІІІ ­ғғ.),­ Алтын Ор­да заманы (ХІІІ-ХІV ғғ.) жә­не Қазақ-Ноғай заманы (ХҮ-ХVІ ғғ.).­ Ғалым осы арқылы Сарай­шық­тың бай тарихын, оның Қы­тай-Орталық Азия-Шығыс Еуропа ара­лығындағы аса маңызды кер­уен орталығы болғанын дәлелдеп, өзеннің оң жағасындағы қала орнының батыс шетінен керамика күйдіретін үлкен пешті ашады. Ол: «Қазба жұмыстарын жүр­гіздік. Жұмыстар қаланың сол­түстік-батысындағы Жайық өзені жарқабағынан басталды. Нәтижесінде мол керамика­ мен тұрмыстық материалдар­ табы­лып, Сарайшықтың қолөнер­шілер аумағы анықталды» дей­ келе, қаланың моңғол шапқын­шылығына дейін қалыптасқанын жария етеді. Ә.Марғұлан Са­райшық қирандыларының бола­шақ зерттелуін сол уақыттағы орасан зор құрылыс Ста­линград каналымен байланыстырып, Қа­зақстан ғалымдарын жаңа ізде­ніске шақырады.

Сарайшықтағы археология­лық қаз­­­­­бадан табылған бас сүйек­терді Ә.Мар­ғұлан 1952 жылы антропологтарға табыстайды. 1955 жылы В.В.Гинзбург пен Т.А.Трофимов бас сүйектерді зерт­теп, олардың моңғолдық нә­сілге жататынын және Ал­тын Орда заманындағы Ор­та, Төменгі Еділ бойларынан­ та­был­­ған бас сүйектерге ұқсас­т­ығын анық­тайды(Қасенов М. Академик Ә.Х.Мар­ғұланның Сарайшықтағы зерт­теулеруі // Х. Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекетік университеті ха­бар­шысы 2011, №4 (23), 8-13 бб.). Ал газетке жарияланған ғалым қолындағы сфероконус немесе сынапкөзенің қазіргі тарихы белгісіз. Саз балшықтан шарықта нәзік түрде әсем жасалып, жоғары температурада күй­дірілген қыш сфероконусты ыдыстар немесе сынапкөзелер заманында сынапты тасымалдау үшін немесе жұпар судың ыдысы ретінде пай­даланылған екен. Осыған ұқсас оның өзге бір данасы бүгінде Сарайшықта сақталған.

Әлкей Марғұланның Сарай­шық­тағы қазба жұмыстарының нәтижелері бүгінге дейін толық­қанды сараланбай келеді. Ғалымның Са­райшық қазба­­лары тура­лы кейінгі жарияланған ар­хео­лог­тар мақалаларында да айтылмайды. Ә.Мар­ғұлан экспедициясына қа­тысты қызықты ақпарат Атырау облысы тарихи өлкетану музейінің этнография және археология бөлімінің ғылыми қыз­меткері Қ.Құдабайдың 2008 жыл­ғы 25 шілде –14 тамыз­да­ғы Сарайшық экспедициясы барысындағы күнделігінде сақ­т­алған. Қ.Құдабай археолог Василий Викторовичпен ди­дар­ласқан соң, «Содан кейін әң­гімеміз Ә.Марғұланның Са­рай­шықтағы қазба жұмысы туралы болды. Ол кісі хандарға қат­ты қызығушылық білдірген екен. Сол кезде табылған жә­ді­­гер­лердің әлі күнге дейін толық нұс­қасы жоқ екендігін айтты. Сол кез­­­дегі саясаттың кесірі дей­ді ол» – деп жа­зып қояды. (АОТӨМ НҚ №19851). Археолог М.Қасеновтің анықтауынша, Ә.Х.Марғұланды қатты қызық­тыр­ған қала қорымындағы Қа­сым хан кесенесі болды. Ол кесене орнына қазба салып, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ол турасында 1913 жылы туған, кезінде Атырау облысында басшылық қызметте болған Шоқан Қар­жауов: «1950 жылы Әлкей Мар­­ғұлан Сарайшықта қазба жұмы­сын жүргізгенде, Қасым ханның қабірін іздеді. Бірде Әлекеңдер жұмыс істеп жатқан жерге келсем, ол: «Мешіттің жанын қазып едік, наубайхана шықты, бұл қалай?» – деп, бізден сұрады. Сон­да біз: «Ертеде мешіт жанынан наубайхананы қоса салатын бол­ған. Себебі намаз жаназаға жи­налғандарға таба наннан дәм таттыру дәстүрі болған» – деп жа­уап беріп едік, «Ә солай екен ғой», – деп Әлекең жауабымызға қанағат білдірді» деп айғақтайды (Тоқтабаев А. Сарайшық аққу көлі // «Егемен Қазақстан». –1998. 21 наурыз). Ел ішінде экспедиция со­ңында Ә.Марғұлан Алматыға қайтар жол­да Қызылорда қа­ла­­сында тұтқынға алынып, ауру­ханаға түскен дегенде әңгі­мелер бар. Ғалымның шәкірті М.Қадыр­баевтың анықтауынша тұтқынға алын­­ған соң Марғұлан үйі бульдозермен те­гістелген екен. Ұста­зына адал шәкірті оның мұрасын түнделетіп жинап, кейін өзі­не табыс­таған.  Қайткенде де Сар­ай­шық ғалым тағдырында терең ізін қал­дырды. Біздіңше «ұлы орыс хал­қының та­рихын ұлықтаған» кеңестік жүйе Ә.Марғұланның Сарайшықта жерлен­ген Алтын Орда және Қазақ хандығы хан­дары мен Но­ғайлы билерінің, соның ішін­де Ер Едігенің тарихына ерекше мән беруін құптамағандай. 

Сарайшықта болған ғұлама ға­лым атыраулықтарға ерекше әсер қалдырған. Онымен қазба жұ­мыстары барысында кездесіп батасын алған М.Бердімұратов: «Сүйікті ұстазымның бірі – тарих пәні­нің мұғалімі Жаролла Бисенғалиев аға­йымның сабақ түсіндіруі, әсіресе, қаз­ақ та­рихына байланысты түсінік беруі тым бөлек-тұғын. Кейде ортағасырлық қа­лаларды атап, оның ішінде, Сарайшық Қасым ханның кезінде астана болған қала деп түсіндіргенде біз таңғалатынбыз. Бірде ол, «Көне Са­райшықтың тарихын зерттеу мақсатында, Жайықтың жа­ғасында қазба жұмысы жүріп жатыр, оның басшысы атақты ғалым Әл­кей Марғұлан деген ағаларың. Барып көру­леріңе болады, бірақ, бір заттарын шашып, бүлдіріп жүрмеңдер», – деп ескертті. Сол күннен бастап мен Жайық жағасында қазба жүргізіп жатқандардың қасына жиі барып, қолымнан келгенінше көмектесіп жүретінмін. Ауыл іргесінде қазба жұ­мыстарын жүргізуге келген ғалым Әлкей Марғұлан бірде маған келіп: – «Әй, бұйрабас, күн­дердің кү­нінде Сарайшықтың тарихына сен жауап беретін бо­ласың» – деп, басымнан сый­пағаны есімде» деп еске алған болатын. Расында да ғұлама ғалым кө­реген екен. 1999 жылы 3 қыркүйекте «Хан Ордалы Сарайшық» музей қорығы ашыл­­ған кезеңде Молдаш ағамыз оның директорлығына бекітіліп, 2018 жылға дейін басқарады. Оның кабинетінің төрінде Әлкей Мар­ғұланның суреті әлі де ілулі тұр. 

Олай болса ғалым Әлкей Хақан­­ұлы­ның ізденіс іздері Сарай­шықта сайрап жатыр. Ол әлі де зерттеушілерді, ел­ зия­лы­ларын Сарайшыққа айрықша ма­ңыз беруге шақырып тұрғандай.

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры