Парламент • 06 Наурыз, 2019

Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапарда болды

1005 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты депутаты Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапарда болып, Жарма ауданындағы Ақжал және Қаратобын ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Жүздесулерде «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде алға қойылған міндеттер туралы айта келіп, депутат Елбасы ұсынған «Әлеуметтік қамсыздандыру: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы туралы әңгімелеп берді.

Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапарда болды

Д.Мусин атап көрсеткендей, Президент әлеуметтік саясатты жүзеге асыру жөніндегі бірқатар маңызды шараларды белгіледі, оның ішінде айлығы төмен мамандардың еңбекақысы 30 пайызға көтеру, көп балалы аз қамтылған отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге беру арқылы қолдау көрсету де бар. Мүгедек балаларды тәрбиелейтін ата-аналарға, қамқоршыларға және отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері де 30 пайызға ұлғаяды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға арнап жалға берілетін 40 мыңнан астам пәтер салынады.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі жерлестеріне еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында қандай өзгерістер болатыны туралы айтып берді. Оның айтуынша, он кодекс пен бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілетін болады. Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың тиімділігін арттыру ерекше маңызды болып табылады.

«Қолайсыз табиғи жағдайлардың әсерін азайту, қарқынды даму жолына көшу, ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жоғары сапалы тұқымдарды, гербицидтер мен тыңайтқыштарды, ауыл шаруашылығы техникасы мен жоғары сапалы инфрақұрылымды пайдалануды және асылдандыруды қамтитын өндірісті дамыту қажет» - деді Д.Мусин.

Сенатор сондай-ақ Ұлан ауданындағы Саратовка ауылында ауылшаруашылығы колледжінің студенттері мен оқытушыларымен кездесті. Президент Н.А. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде айтылған әлеуметтік бастамалар жүздесудің басты тақырыбы болды.

Кездесуде ветеринариялық емдеу мәселелері туралы да айтылды. Шараға қатысушылар осы саладағы мәселелерді шешу үшін бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Талқылау барысында мамандар даярлау және оқу ісіндегі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.