Әдебиет • 07 Наурыз, 2019

Қаламға берілген серт

2021 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жазу тағдырдың еншісі, бұйыртқан бақ пен соры. Жазу қаламға серт, бақ пен сордың арасына әділ төрелік айтатын кие. Ғаламның жанарынан жалт еткен сәуле ақынның қаламына қонады, ғаламның көзінен ыршып түскен күрең мұң, бұл да қаламға тиесілі. Құдіретті Құдайдың бөліп берген еншісі адамзаттың тағдырынан әлімсақтан көрініс береді. Ал адамзаттың пайғамбарлардан кейінгі елшісі ақын дейтін дегдар болмыстың күрделі сипаты адамзаттың өзі әлі толық танып білмеген бір жарық сәуле сияқты. Ол сәуленің кейде көз қарықтыратын, кейде әлеміңді әлемтапырық ететін, кейде кеудеңдегі қоңыр күйге ілесіп тағдырыңды аялайтын құдіреті бар.

Қаламға берілген серт

Сөз құдіретінен сомдалған тұлға шы­­найы өлеңді жарата да біледі. Неше мың­жылдықтардан бері адамзатты таң­дан­дырумен келе жатқан дүние, жарық әлемнің құбылыстары бір-біріне қалай ұқсамайтын болса, Құдіреттің өзі жарат­қан ақынның қаламға берген серті де, серт­тен туған тағдырлы шығармасы да еш­кім­дікіне ұқсамайды. 

Маралтай Райымбекұлы алақұйын жал­ғанның мінезінен ықпай, тағдырынан тай­салмай, жалаң аяқ, жалаң бас күн кеш­се де өлеңін өлтіріп алмай, болмаса оны сатып кетпей өмір сүрген ша­йыр. Тағ­дырмен тайталасқа түсіп, адам­зат­­тың арманы мен үміті үшін күресу маң­дай­ын­да ақындық мөрі бар шайырға ғана тән. 

Маралтай Райымбекұлы өлеңнің ешқашан жасалмайтынын, бәлкім жара­ты­латынын көрсетті. Ақынның өлең­де­рінен ғаламның шырқыраған шын­ды­ғы, адамзаттың қасіреті мен қасиеті, топырақтың тереңдігі мен аспанның асқақтығы айқайлап тұрады. Алматы сынды аламан шаһарға алғаш барғанда тұңғыш көрген тірі ақын, тілге келгенде төгіліп сала беретін, өлең жазғанда өңменіңнен өткізіп, өзегіңді жандырып жіберетін шайыр Маралтай жырларынан жалғанның бес күндік мұңы емес, бұл дүние мен о дүниенің арасындағы тылсым дүниелер қобыз сарынымен астасып естілетіндей әсер етеді. 

Өліара шақтың өзегіне жыр құйып, санасына сәуле түсірген буынның белді өкілі. Әуелі аңыз болған, кейіннен қазақтың айтулы ақындарының біріне айналып сала берген. Ол – әйгілі ша­йыр Мейірхан Ақдәулетұлы айтпақшы, «Өл­ең­дегі өтірік ызылудың салтын бұз­­ған ақын». Жыласа да бойында ер мінезді еңіреубоздың қаны бар, жыр­ласа да болмысында құдіреттің киесі бар талант. Еділді етігімен кешіп өткен Қазтуған рухын қайта тірілткен, Махам­бет­тің жалынын қайыра аспанға жасын лақтырғандай етіп көрсеткен ақын. 

Қара таңбалы хат алдым, 

Лайық кісі табылмай жаңа 

қабірге, аға,

Қараңғы жерде жатармын,

Құдайдың салып суретін 

қара қабырғаға...

Өз кеңістігін өзі місе тұтпаған, өзі­не өзі сыя алмаған ақын осындай «дәс­түр­ден тыс» өлеңдер жазды. Өзінің сүйе­­гіне біткен, қанына сіңген бұзып-жар­ғыш мінезімен жүзі кеңістікте от шашып ойнаған, тылсымды тіліп өтетін дерліктей тірі туындылар тудырды. Мінез дегенде де көрінген жерде өзін көрсетіп қалғысы келетін жайдақ мінез емес, қара өлеңнің құдіретіне құп бойлаған, қалам сертіне берік мінез еді. Қара таңбалы хат – бұл тылсымнан көтерілген көркемдік, ақын жанында атой салған ақ пен қараның тайталасы. Бізге беймәлім әлемнің тұңғиығынан келетін көне сарын. Ақынның мұндай шы­ғармалары белгілі бір жүйеге бағына алмай­тын өзінің мінезіндей дауылды да жауынды дүниелер болатын. 

 Өмір. Былай қалыптасақ, жалған дүние. Тіршілікте тақ үшін тартысып, бақ үшін шарпысып жүретіндер үшін өмір қызық думан. Ал Абай хакім «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», деп өмірдің мағынасын тәпсірлеп берген. Маралтай ақын бұл тұрғыда «Өмір» дейтін өлеңінде «Менің жаным аппақ емес, қап-қара, қапияда от тигендей мақтаға...» дейді. Ғаламның күллі кү­нәсін ақындар көтеріп жүргендей әсер береді. Себебі ақын әлемнің мұңы­на ортақ, адамзаттың тағдырына да ор­тақ. Сондықтан да ол өмірді өзінің жүре­гінен шыққан жырлардың тағдыры деп түсінеді. Басын тауға да, тасқа да соққан тағдыр иесінің көз жасы деп біледі. Өмір мен өлімнің арпалысындай, өмірдің жан ышқынысындай елес те береді кейде. «Дулығамның төбесі, туған айдай болмаса, батыршылық сүрмен-ді» деген Шалкиіздің рухты өмірлік қағидасы Маралтай Райымбекұлы болмысында да өлеңдері арқылы көрініс тапты.

Қара түн құлайды бауырына 

ап даланы.

Күрең нұр көкжиек көзінде 

мелдеп тұр,

Аққан қан сияқты.

Жұлдыздар қаралы, ғаламның 

бетінде жаралы

Жұмыр Жер адасып барады.., – деп басталатын өлең былайша аяқталады:

... Жұмыр Жер адасып барады, 

Қолында Құраны.

Бұл ретте де «Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі» ақынның жырларында он сегіз мың ғаламның көркем шындығы айқын таңбаланды. Әркімнің өз шындығы бар. Егер ол шындықты өмір мен өлім деп түсінетін болсақ, екі аралықтағы тылсым перде, адамзаттың бәріне бірдей көріне һәм естіле бермейтін өзге сарын шайыр шығармаларында шыбын жанды шырқыратып тұрып көрінеді. Оған өмір өгей емес, дегенмен, өлім де жат емес. Тумысынан талантты ақын тағдырмен тайталаса жүріп қазақ өлеңіне тағдырлы жырлар берді, қазақы кеңістікте отты поэ­­зия жасады. Дүниеде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Бірақ тағдырдың өзі көп жағдайда кей поэзияда шынайы бейнелене бермейді. Ал оның басты мұңдасы да, сырласы да қасиетті өлең болды.

Маралтай Райымбекұлы өлеңдерін оқы­ғанда тағдыр­дың талайлы сәттерін адам­ға және ақынға тән ерек рухпен жеңе білу керектігін түсінесің. Бірақ тағ­дыр­мен келісімге келу, оны мо­йын­да­ту, қара таңбалы хаттарды ашып оқығанда жеңілмеу керектігіне өзің де куә боласың.

Өзіндік ойлау жүйесі оқшау, сөз саптау мәнері ерекше ақынның қазақ өлеңіндегі қолтаңбасы сол үшін айқын. Оның өлеңдерінен бағзы замандарға тән қобыздың қыл ішегінен сарын секілді боздап төгілген көңіл аңғарылады. 

Қасиетті Құрандағы қаламға серт берілген тағдыр тақтасындағы жазудың қиямет күніне дейін өзгермейтіні шын. Шын ақынның қанымен жазылып, қала­мы­на серттелген өлең де сол. Адамзат топы­рағында ықылым заманнан бар өлең қияметке дейін жасайды. Алла алқа­ған, аруағы асыл болған адамның ақын болмағы да парыз. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (салаллаһу алейһи уәссәлам) өзінен кейін пайғамбарлар емес, ақындар келетінін айтқан. 

...Мен туғанмын ер Мұхаммед 

өлген күн.

Мен болмасам жүрегіңді емдер кім?!

Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі

Келеді деп...

Келген ақын, сол – Менмін!

«Мұхаммедті растау». Иә, келді. Ақындық – Алладан берілген ғаламат сый болғанымен, оның бұралаң жолдары азапты да күрделі. Оны өмірдің өткелдеріндей кешіп өту нағыз ақынның ғана маңдайына жазылары хақ. Оған ақынның өзімен бірге жаратылған ақиқаты керек.

Құдай – көкте, 

Мен – жердемін, жердегі –

Қаламымда тағдырымның кермегі. 

Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,

Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі.

Кермегімде кешегімнің зәрі бар,

Өрнегімде өмірімнің зары бар. 

Боздар болса мен боздайын ботадай,

Жүрегімде аруана елдің қаны бар...

Ақынның ақиқаты осы. Қара өлеңмен егіз жаратылған ақиқат. Қара өлеңді дүниенің төрт құбыласы десек, сол төрт құбылаға жарық түсіріп, әуен сыйлап, әрбір тағдыр үшін дабыл қағып тұрған Маралтай Райымбекұлы шығармашылығы жеті қат көктен саулаған нұр, жеті қат жерден лаулаған от сияқты әсер береді.

Хамит ЕСАМАН, 

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы