Әдебиет • 07 Наурыз, 2019

Тіл – ғұмыр. Эссе

1560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тіл – ғұмыр. Эссе

Бүкіл қоғам, барлық адам – ақпараттық технология тұтқасына айналды. Қаладағы қызмет, зауыттағы жұмыс, елдегі шаруа бүгінде ақпараттық технология түрлеріне тығыз байланысты. Компьютерсіз шаруа бітпейді, ғаламторсыз үдеріс жоқ. Деректің бәрі компьютерде. Байланыс жолдары көп, бірі толқын шашып әуе арқылы таралады, бірі ұсақ бөлшектерді атқылай отырып алыстағы экранда голограмма жасайды.

Ақпарат ұлғайған сайын оны сақтайтын жадтың көлемі де үлкейе түседі, пішіні кішірейе береді. Бүкіл әлем – бір түйме.

Соңы не болады, ешкім білмейді. Бұрын ақпарат ғаламшардың есінде қалатын еді, қазір ғалам адамның қалтасында жүреді.

Жердегі ақпаратты әуелі археологтар, сосын тарихшылар, кейін әр салалық ғалымдар зерттейтін еді. Бүгін компьютерде расталады не жалғандығы айқындалады.

Компьютер адам баласының басты еңбек қаруына айналды. Үйде де, түзде де, қалада да, далада да еңбек шарты – компьютер. Дәлірек – ғаламтор қосылған компьютер. 

Бесенеден белгілі, кез келген ақпарат көлігі – тіл. Тіл елді бір-бірімен жалғайтын көпірге, бір-біріне ақпар-мәлімет тасымалдайтын, алмасатын, жасыратын желіге айналды.

Жарық алапат шақырымдарда жылдамдықтан озды, жылдамдық кеңістіктерде дыбысты артқа тастады.

Бір орында тұрған объектің жоқтығы, күллі ғаламды біркелкілендірді. Әлемде бәрі бір-біріне тең, тыныш күйдің өзі қозғалыста, абсолюттік кеңістік немесе уақыт жоқ, бүкіл денелер координаттары салыстырмалы. Бұл принцип ғаламтор жасағанда негізге алынды. Әлі күнге дейін бас процессор жоқ, желіге байланған барлық компьютердің мәртебелері бірдей. Мұндай талап ақпараттың бүкіл жүйеге бірыңғай таралуына мүмкіндік берді. Ақпарат жүктеген компьютер істен шығып қалса да, түскен мәлімет жоғалмайтын болады.

Тілді таңба тұрғысында таныған концепт ғаламшар мен ғаламзатты мәтін ретінде көрді, санады, түсінді.

Клавиатура басқанда сіз әріп термейсіз, әр қаріпке байланып тұрған цифрды түртесіз.

Тілдесу оңай бола түскенімен, түсінісу қиындап кетті. Қазір байланыс құралдарының бұрынғыдай қадірі жоқ. Сөйлесуден сіз бас тартқаныңызбен, басқа біреу тілдесуге дайын тұрады.

Байланыстың қажетсіз түрі көбейіп кетті. Әрине ол сұранысты тудырғанымен, түптің түбінде пайдасыз, қажетсіз іс-әрекет еді. Қажеттілік қалыптаспаса да дүние төңкерілмейтін-ді.

Тілдесу – өмір сүру. Ғаламторсыз өмір жоқ. Тіршіліктің кепілі – шексіз интернет.

Дидар АМАНТАЙ,

жазушы