Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

Сот ісін жүргізудің заманауи үлгісі халықаралық конференцияда талқыланды

1116 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Саяси билік институты ретінде сот билігінің мемлекет дамуындағы орны айрықша.   Демократиялық принциптер негізін басшылыққа алып дамып келе жатқан қоғамда заңдылықтардың сақталуы, адам құқығы мен бостандығының әлеуеті жоғары. Қазақстанның әлемдік құқық жүйесіндегі беделі, халықаралық экономикалық қатынастар аясындағы тәжірибесі мемлекеттің сот жүйесін заманауи тұрғыда жетілдіріп отыруды талап етеді.

Сот ісін жүргізудің заманауи үлгісі халықаралық конференцияда талқыланды

ҚР Конституциялық Кеңес, Жоғары сот, Бас прокуратура, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар Офисі және Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының ұйымдастыруымен өткен «Тиімді қылмыстық саясат және қылмыстық сот ісін жүргізудің заманауи үлгісі – азаматтардың конституциялық құқықтарын тиісінше қорғаудың кепілі» VІІІ ғылыми-тәжірибелік конференцияда үш сессияға бағытталған мәселелер талқыланды.

Конференция жұмысын дәстүрлі жағдайда ашқан ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми  үш сессия жұмысында қаралатын құқықтық шаралардың өзектілігіне тоқталды. Осы кезге дейінгі кезекті конференциялар барысында заң талаптары, халықаралық стандарттарды енгізуде бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілген. Қылмыстық және қылмыстық әкімшілік заңнамаларын реформалау бірқатар жылдар бойы жүргізіліп келеді. 2015 жылдан бастап Қазақстанда  мемлекеттің қазіргі заманғы қылмыстық жүйесінің негіздерін көрсететін жаңа Қылмыстық және Қылмыстық әкімшілік кодекс қолданыста. Олардың негізінде бірінші кезекте адам құқығы басты назарда. Мемлекеттің 2025  жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес  саладағы өзгерістер қанай жағдайда да адам құқығы мен бостандығы шеңберінен аспауы тиіс.

Конференцияның  «Сотқа дейін іс жүргізу реформасы: қазіргі жағдайы мен келешегі» тақырыбындағы бірінші сессиясында ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалық офисінің басшысы Дьердь Сабо, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры Атқарушы директорының орынбасары, Еуропа Кеңесі Венециялық комиссиясының мүшесі Игорь Рогов, ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі  істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, Франкфурт Бас прокуратурасы, киберқылмысқа қарсы күрес орталығы кеңсесінің басшысы, аға прокурор Андреас Май, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали Мерзадинов, аталған ведомствоның Норма шығармашылық қызметін үйлестіру басқармасының бастығы Алмаз Мұхамеджанов, ҚР Заңнама институтының бас ғылыми қызметкері Арыстан Ақпанов, т.б. құқық қорғау қызметін жаңарту, ізгілендіру, сотқа дейінгі іс жүргізудің қазіргі тәжірибесі,  кепілдіктер мен адам құқығы сияқты тақырыптарды қозғап, саладағы негізгі мәселелерге орай кеңінен баяндама жасады. 

Ал «Азаматтардың конституциялық құқытарын қорғау басымдықтарының негізінде сот төрелігін жаңғырту» бойынша екінші сессия жұмысында  ҚР Жоғары сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин қылмыстық үрдісте  бәсекелестікті қамтамасыз ету, сот төрелігін жүзеге асыру тәуелсіздігін күшейту бойынша түзетулерді, сот ісін оңтайландыру мен цифрландыру мәселесіндегі өзекті жайттарға тоқталды. Ал ҚР Жоғары сотының судьясы Анатолий Смолин алқабилер сотының пәрменін арттыруға байланысты ұсыныстарын ортаға салса, келесі кезектегі баяндамашылар сессия тақырыбына ортақ мәселелерге қатысты мәліметтермен бөлісті.

Конференцияның үшінші сессиясы «Қылмыстық саясатты ізгілендіру және қылмыстық заңды одан әрі жетілдіру мәселелері» тақырыбында жалғасатын болады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ