Аймақтар • 07 Наурыз, 2019

Асқар Мырзахметов жасыл желектің көлемін 1000-2000 гектарға дейін ұлғайтуды міндеттеді

999 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

  Енді Тараз қаласы және Тараз қаласы аумағынан жасыл желек құрудың жоспары бекітілетін болды. Ол жоспарда облыс орталығында атқарылатын жұмыстардың жобасы, кестесі нақты жазылады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеп, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.



Асқар Мырзахметов жасыл желектің көлемін 1000-2000 гектарға дейін ұлғайтуды міндеттеді

Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасары  Бейсенбек Жанбосынов баяндама жасап, шаһар айналасындағы жасыл желекке қолайлы аумақтар туралы айтты. Ол Тараз қаласы мен Байзақ және Жамбыл аудандарының облыс орталығына таяу орналасқан аумақтарының мүмкіншіліктерін ескере отырып, барлығы  450 гектар аумақты құрайтын 8 участок бойынша талдаудың нәтижесіне тоқталды. Олардың дені Тараз  қаласы аумағынан десек, бірқатары шаһардан 10-15 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондай-ақ, жиын барысында алқаптарда ағаштардың егілу нұсқалары, оларды күтіп-баптау туралы да ұсыныстар айтылды.

  Асқар Мырзахметов ең әуелі жасыл желектің көлемін мүмкіндігінше 1000-2000 гектарға дейін ұлғайтуды және оның облыс орталығы аумағынан немесе барынша таяу орналасуын баса айтты. Себебі, ол тек тараздықтардың табиғи демалыс орны ғана емес, болашақта қаланың көркіне айналуы тиіс екендігін айрықша атап өтті. Әкім ағаш егілетін алқаптардың міндетті түрде су мәселесі шешілу керектігіне назар аудартып, қала аумағындағы Талас өзенінің жағалауларын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ол үшін бос жерлердің мүмкіншіліктерін жан-жақты зерделеуге арнайы мамандар тартылады. Сондай-ақ, ағаш көшеттерін дайындайтын жаңа  тәлімбақтар құру,  қолданыстағы тәлімбақтың аумағын арттыру мәселесі де көтерілді.

  Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жиында көтерілген мәселелердің барлығын қамти отырып, арнайы жұмыс жоспарын құруды тапсырды. Ол үшін екі апта уақыт берген әкім қажетті зерделеу-анықтау шараларын тезірек атқарып, тиісті жұмыстарды уақыт созбай бастауды міндеттеді.

Хамит Есаман,

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы