Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

Түркістан: Облыс әкімі көпбалалы аналардың үйіне барды

1124 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Ордабасы  ауданындағы  алтын құрсақты Назира Алиева мен Айгуль Аязбаева сынды көпбалалы аналардың үйлеріне құттықтап барды. Кездесуде өңір басшысы батыр аналарды келе жатқан мерекемен құттықтады. Бұл туралы Түркістан облысының баспасөз қызметі хабарлады. 

Түркістан: Облыс әкімі көпбалалы аналардың үйіне барды

«Келе жатқан Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Меніңше, барлық әкімдер көпбалалы  отбасылардың жағдайымен танысуы керек. Олармен бетпе-бет жүздесіп, қандай көмек қажет екенін білген жөн деп ойлаймын. Көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан, қашанда тиісті қолдаулар болады. Жақында  Елбасымыз Н. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының  съезінде де көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту жөнінде Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар берген болатын. Біріншіден,  аз қамтамасыз етілген, әсіресе көпбалалы отбасыларды қолдаудың шарттары жеңілдетіліп, әр балаға  21 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілетін болды. Сіздер секілді батыр аналарымыз көп болсын!  Жас қыз-келіншектер өздеріңізден үлгі алуы тиіс. Отбасыларыңызда балалардың саны көбейе берсін. Барша ақ жаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектердің отбасына амандық, жұмыстарына береке тілеймін», – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ мерекеге орай осы аналардың отбасыларына сыйлық табыс етті.

Назира Алиева –  Қажымұқан ауыл округі, Темірлан ауылының тұрғыны. Отбасында 1 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отыр. Ал, Айгүл Аязбаева да осы ауданның тұрғыны. «Күміс алқа» иегері. Жеке кәсіпкер. Аналар  өңір басшысының арнайы құттықтап келгеніне ризашылық білдіріп, Түркістанды өркендету бағытындағы бастамаларына сәттілік тіледі.