Өнер • 08 Наурыз, 2019

Мәңгілік Ана бейнесі

2177 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық әртісі, Мем­лекет­тік сыйлықтың лауреаты, белгілі театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы биыл ЮНЕСКО аясында ауқымды түрде аталып өтеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде сахна алыбын ұлықтаған толассыз іс-шаралар легі басталып та кетті. Бұл игі бастама ұлттық өнеріміздің жа­рық жұлдызының құрметіне қойыл­ған мәңгілік ескерткіш іспетті.

Мәңгілік Ана бейнесі

Самсаған сұлулардың галереясын жасап, сан түрлі әйел образын сом­даған талантына жасалған тағзым болар, «ана» десе, «әйел» десе, алды­мен еске Әмина апамыз түседі. «Тақия­лы пе­ріште», «Гауһартас», «Ана туралы аңыз» сынды халықтық фильм­дердің қуатымен, талантының арқасын­да та­­ны­малдылықтың тәжін киген қара­пайым актрисаны әр қазақ өз отба­сы­ның бір мүшесіндей жақын тұтты. Пер­зенті үшін өбек қағып, қам­қор болуға асығып тұратын пейілі кең, жаулығы желбіреген мейірімді анадан әркім өз анасын таныды. Ана махаббатының күшін көрді. Тана апаның келін іздеген қазақы оқиғасы елу жыл бойы көгілдір экранның көркі болып, 8 наурыз күн­гі мерекенің шуағын сезін­­діретін өмір­шең туынды ретінде көрерменнің кө­ңіл төрінен орын алуының себебі де сол шынайылығынан. Ананың махаб­батында жасандылық болмайтынын­ ұлы актриса асқан шеберлікпен дәлел­дей алды. Ол ойнаған кейіпкерлер мейі­рімнің, кешірімнің, даналықтың өзінен жарал­ғандай еді және осы мінезі өзіне ғана тән қолтаңбасы болды. Әмина апа­ны басқа ешкімнің де қайталай ал­май­тыны сондықтан. Төменде сөз алған қазақ өнеріндегі нар тұлғалардың бәрі де Әмина апа туралы «тумаса да туғандай болған анам еді» деп сөз бас­тады. Қалтқысыз сендік. Өйткені шын та­ланттың болмысы биік өнер айдынына шашырап түскен өз өмірінің де сәулесі емес пе?.. 

Әминажан, мен әдейілеп тұрып саған сценарий жаздым.    Бұл  –  комедиялық туынды. Басты рөлде сен ойнайсың... Осы күлкіңнен айырылма.

Шәкен АЙМАНОВ,

КСРО халық әртісі, 

КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты

Роза ӘШІРБЕКОВА, Қазақ­стан­ның халық әртісі:

«Аңыз ана» десе – аңыз ана

Әмина Өмірзақованың ЮНЕСКО бойынша 100 жылдығының аталып өтуі – бүкіл қазақ халқы үшін биік мәртебе деп білемін. Ол кісі менің театрдағы алғашқы ұстазым, тумаса да туғандай болған анам. Қазір жасым 80-ге келіп отыр, ал алғаш үрпек балапандай болсам да, таудай үмітімді арқалап театрға келген кезімде құшағын жайып қарсы алып, қол ұшын берген Әмина апам болатын. Жастарға қамқор болып жүруді, білмегенін үйретуді, әділетсіздіктерден арашалап қалуды апам өзінің міндеті санайтын. Ол кісінің бойындағы бір қасиеті, ұнатқан адамын төбесіне көте­ріп, бар ынты-шынтысымен соған құлай берілетін. Ал ұнамаса, бетің бар, жү­зің бар демей, тіліп тұрып турасын айтатын. Мінезі тура кинодағыдай еді. Ақ­жарқын, мейірімді, кеңпейіл. Көп актри­салар ол кісіге қызығып та, қызғанып та қарайтын. Кімді де болса күлкісімен үйіріп алатын. Мұндай актрисалар қазір жоқтың қасы.

С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» мен Бәтесті, Әмина апам Бүр­кіттің анасын ойнады. Бәтес – менің театр­ға келгеннен кейінгі алғашқы бас­ты ­рөлдерімнің бірі. Сахнаға шығып келе жатқанымда жүрегім дүрсілдеп, аяқ-қолым дірілдеп, бойымды билей алмай кетемін. Сондайда Әмина апа құшақ­таған болып, «қорықпа» дегенді қас-қабағымен ұғындырып, өзі жетектей жөнелетін. Спектакльден соң «сахнада осылай жүру керек», «былай жасағаның дұрыс» деп ерінбей ақылын айтып, үй­ретіп отырар еді. 

 Біздің есімізде қалған үлкен өнегесінің бірі, құдай қосқан қосағы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кәмәси Өмірзақов аға екеуінің арасындағы жұбайлық қа­рым-қатынастың шынайылығы еді. Өмір­де де, өнерде де екеуі қатар жүрді. Үй­де күйеуі мен әйелі қалай жүрсе, театр­ға келгеннен кейін екеуі тура солай­ жүре­тін. Әмина апа екеуінің мінезі бір-біріне ғажап ұқсас еді, құдайдың қателеспей жолықтырған лайықты жұ­бы деп сеніммен айтамын. Өкінішке қа­рай, Кәмәси аға елуден асқан шағында өмір­ден ерте өтіп кетті. Екі ұл, бір қыздың тәр­биесі мен мехнаты Әмина апаның мойнында қалды. Театр мен киноның ортасында шапқылап жүріп, үш баласын қатарынан кем қылмай өсіріп, сапалы білім, саналы тәрбие берген еңбегін кімге де болса үлгі тұтып айтып жүремін. «Аңыз ана» десе – аңыз ана. Әмина апа соңғы он жылда аяғынан сырқаттанып, жүріп-тұруы қиынға соғып, кейін тіпті жүре алмай қалғанында, Талас деген үлкен ұлы анасын театрға көтеріп алып келетін. Таластың анасын алақанына салып баққан азаматтығын аузымыздың суы құрып, әлі күнге тамсанып айтып отырамыз. Ұлың болса Таластай болсын, ұл өсірсең, әне, Әмина ападай өсір.

Әмина апаның ұжымға келіп-кетке­нінің өзі бір мереке еді. Кезек-кезек құшағымызға алып, ортамыз толып, бір жасап қалатын едік. Сондайда апам­ның қартайса да мөлтілдеп тұратын шуа­ғы сейілмеген жанарына жас тұнып: «сен­дерді көріп көңілім жасарып қалды ғой» деп жаулығымен көзін сүртіп, балаша мәз болып қуанып отыратынын ұмыт­қам жоқ. 

Әлімғазы РАЙЫМБЕКОВ: «Мына күшікті сабайын деп едім»

1968 жылы Ш.Аймановтың шақы­руымен «Тақиялы періште» фильміне Әмина апаймен бірге түскенімнен ел хабардар. Тайлақтың рөліне ауылда трактор айдап жүрген жерімнен келіп түстім. Кілең «сен тұр, мен атайын» актерлердің ішінде өзімді қолайсыз сезінетінімді айтқызбай түсініп, әу бастан болмысы мейірім мен қарапайымдылықтан егіз жаралған Әмина апам түсіру алаңында маған көп қол ұшын берді. Көзі тірісінде апамның өзіне де талай айтқанмын, өмір бойы айтып өтемін: кең жүрегі мен сол көмегіне мың да бір рахмет! Әмина апай сияқты жүрегі еттен емес, мейірімнен жаралған, өз ісінің нағыз майталманына кездескенім үшін рахмет айтудан жалықпаймын. Жүрегі қандай кең болса, ойлайтын ойы да, сөйлеген сөзі де сондай кең, бөтен пиғылсыз таза болатын. Мінезі ашық, көпшіл адам еді. Үлкенге де, кішіге де сыйластығы көрініп, ботадай мөлдір көздері үнемі күлім қағып тұратын. Өзі түсіп алғаннан кейін алаңнан кетіп қалу дегенді ол кісі білмейді, сенің де ойыныңа кірпік қақпай қарап отырады. «Сен жаңа ғана осылай жасағансың, енді мұны қайталаудың қажеті жоқ, енді былай жаса» деп режиссерден тысқары дереу өз ақылын айтатын. Мен де ол кісілерді ұятқа қалдырмауға тырысып, сценарийді жаттап, жасайтын әрбір әрекетімді, қимылымды ойланып, іштей пісіремін.

Қайбір жылы «Қазақфильмде» бас энергетик болып жұмыс істеген Қиябек деген азамат кейін кәсіпкер болып, «Қа­зақ сусыны» деген сусын шығарып, Әмина апа екеумізді сол өнімді жарнама­лауға шақырды. Түсірілім Медеуде жүр­гізілуі тиіс еді, Әмина апаның сырқат­танып қалғанына байланысты үйіне ба­рып түсіретін болдық. Шақырған уақы­тында есік қақтық. Есік ашылғанда, апамның қарсы қарап, арбада отырғанын көрдік. Мені көре салды да, ілулі тұрған қамшыны жұлып алып, арбасымен маған қарай тұра «жүгірді». «Не болды, апа?» деп Қиябек қапелімде абдырап қалды. «Үйге келіп, хал сұрауға жа­рамайтын мына күшікті сабайын деп едім» деп апам ашуланған болып тұрса да, көздеріне үйірілген күлкісін жа­сыра алмай, тобылғы сап күрең қам­шысын төбесінен асыра үйіріп, маған қарай тап-тап береді. Ортада Қиябек қам­шыдан «арашалаған» болып жүр. Сол кезде жасым алпыстан асқан мені апам әлі сол «Тақиялы періштедегі» Тай­лақ баласы сияқты көріп төмпештеп алмақшы. Бұл баласын риясыз жақсы көретін мейірбан ана махаббатының көрінісі емес пе? Әмина апамның жиі қайталап айтатын: «қайда жүрсең де, қазақ бол!» дейтін бірауыз сөзін бүгінде өзім де жиі қайталайтын болғанмын. Жастармен кездесулерге барғанымда батаға айналған бұл аталы сөз аузымнан түспейді. 2015 жылы апам туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл деген ауылға барып, Мәдениет үйінің алдына орнатылған ескерткішін ашып қайттым. 

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақ­станның халық әртісі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты:

Сұлулығы көкірегі мен көзінде ғой, шіркін

Әмина апамыз қазақ өнеріне, әсіресе кино саласына үлкен құбылыс болып келген дара тұлға еді. 1971 жылы студент болып жүріп Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына актер болып орналасқанымда, шын ықыласын көрсетіп қарсы алған Әмина апам болатын. Сол жылдары Қ.Ысқақовтың «Апа-апатай» атты пьесасы сахнаға шығатын болды. Орыстың баласын қазақтың қара кемпірі асырап алатыны туралы пьеса аса әсерлі сахналанды. Қара кемпірді Әмина апа, мен болсам асыранды баланы ойнадым. Спектакль аншлагпен жүрді, халық нөпір болып келетін, жылап-сықтап қайтатын мұңлы драма еді. Міне, осыдан бастап Әмина апам мені ұлындай, мен ол кісіні өз анамдай жақын тұтатын болдым. Театрдан кетсем де, Әмина апаммен хабар-ошарымыз үзілмей, жиі жолығысып тұрдық. Әмина апам өнердегі бағын өмірде аса сезіне алмай кеткен қамкөңіл аналардың бірі. Соған қарамастан аспандағы самсаған сансыз жұлдыздың ішінен іздесек, аса қиналмай тауып алатын айрықша жарығы Әмина Өмірзақованың жұлдызы дер едім. Ол орыс режиссерлерімен көп жұмыс істеді. Г.Рошаль мен Е.Арон «Абай ән­дерін» түсіргенде, апам Ажардың рөлін ойнады. Әмина апамыздың мұрны, әсіресе кеңсірігінің жоғарғы жағы жайдақтау болып келеді. Осыны актрисаның бет пішініндегі олқылық деп санаған біреу «жоқ, оның түрі Ажарға келмейді» деп, басты рөлді ойнауына қарсы болады. Сонда Мұхтар Әуезовтің өзі: «Құдай-ау, мұрында тұрған не бар, көзін айтсаңдаршы, көзін» деп сыншылардың бұл пікірімен келіскісі келмейді. Сол талқылаудың ішінде отырған Шәкен Айманов ағамыз шыдамай кетіп: «тәйірі­ соны да кемшілік көріп айтып отыр­сыңдар ма, ол мұрынды қырдай қылып шығарамыз әлі» деп, гумус деп аталатын ермексаз сияқты материал­ды кеңсірік тұсынан келістіріп тұрып жапсырып, қыр мұрынды Әмина апамды жетектеп алып келгенде, сыншылар көзімен шер шұқыған екен. Шынында да, Әмина Өмірзақованың сұлулығы – көкірегі мен көзінде ғой, шіркін. 

Ә.Өмірзақова – әмбебап актриса. Ол кісіге драма не, комедия не, трагедия не, оң-солына қарамайтын шын палуан­ сияқты, бөліп-жармастан бірдей ше­берлікпен ойнап шығатын. Тағы бірде театрымыздың қоржынына «Қаладан кел­ген қылжақбас» деген пьеса келіп түсе қалды. Мен баяғы қолында гитара, жалбыраған шашы иыққа түскен, орысша-французша сөйлейтін қаланың шолжаң баласын ойнаймын. Апам әдеттегідей, менің әжем. Әжесінің өзі де немересіне сай, қала тәртібіне қалыптасқан сәнқой, орысқол әже. Спектакль театрдың кілең мықтыларын топтастырған тамаша қойылым болды. Халық күлген кезде, ішегі үзіліп кетердей қыран-топан болатын. Сол кездегі тарландардың сөз сап­­тауы да, мінез-құлқы да бөлек еді. Бү­гінгі көзқарас тұрғысынан алғанда, бұл буын­ның кәсібилігінде кемшіліктер болуы мүм­кін, бірақ соның бәрін ағаларымыз бен апа­ларымыздың бойындағы өнерге деген құр­меті мен ілтипаты жеңіп кете беретін. Бұл кісілер өнердің табалдырығын адал ат­тады. Сахнаның пірі Станиславский айтады: «Сен өнердегі өзіңді сүйме, өзіңдегі өнерді сүй» дейді. Олардың өнерді бәрінен биік қойып қастерлегені кемшілік емес, керісінше, артықшылығы емес пе? Әркімге өз кезеңі ыстық. Мен де сол буынның өкшесін басып, өнерге деген құрметтің биік кезінде пісіп-жетілдім.

Театрға келген күнімнен бастап, кет­ке­німше Әмина апам қасымда болды. Ауруханада науқастанып жатқанымда, «Досхан, сен театрға директор бол, көркемдік жетекші бол, бізді басқар» деп Әмина апам жанына жеті-сегіз інілері мен сіңлілерін ертіп палатаға дейін келіп, арғы-бергі жағдайды парасатпен түсіндіріп, басшы болуымды өтініп еді. «Ойбай, апа, бола алмаймын» деп ат-тонымды алып қашсам да, «осы театрға бармақтай кезіңнен келдің, бәрін танисың, үлкен-кішімен тіл табысасың, еңбегің бар» дегеннен кейін, апамның сөзіне тоқтап, көп жыл театрды басқардым. Әмина Өмірзақова мен Хадиша Бөкеева екеуі де Ленинградта оқыды, екеуінің мектебі бір, ойынына қарап өзегін танисың да. Үлкен мектептің, кәсіби қолтаңбаның жатқаны айқын аңғарылады. Әмина апа сахнаға шыққанда, бойынан жусанның иісі, атыраптың жұпар ауасы, дархан даланың лебі есіп қоя беретін. 

Ескендір ӨМІРЗАҚОВ, ұлы: 

Анам мехнат пен бейнетті көп шекті

Менің анам Ленинград қаласына оқуға аттанған­да, небәрі 15 жаста ғана екен. А.Луначарский атындағы Театр өнері институтында Қазақстаннан барып оқыған алғашқы өнер саңлақтарының бірі, атақты Меркурьев деген режиссер­дің класына түсіп, білім алады. Анам Ота­нына оралған кезде, соғыс басталып, аласапыран, қиын уақыт орнайды. Әкем мен анамның бір-біріне деген махаббаты өлшеусіз еді, өмір бойы сол сезімдеріне қылау түсірмей, аялап өтті. Әкем соғысқа қатысты, анам театрда жұмыс істеді. 1940 жылы үлкен әпкем Ләйлә өмірге келеді. Әкем соғыстан оралған соң 1945 жылы ағам Талас, ал 1947 жылы мен дүние есігін аштым. 

Әрбір әртістің баласы сияқты, біз­дің де балалық шағымыз театр шымыл­дығының артында өтті. Таңнан бас­тап түн қараңғылығын жамылғанша өмі­рі театр­да өтетін актерлер, баласын қал­ды­ратын жер таппай, өздерімен бірге ала жүретіні бүкіл елге аян. ТЮЗ-да бір кездері қазақ театры мен орыс теат­ры қатар жұмыс істеді. Ойыңда түк жоқ, жүгіріп жүрген ойын баласы бол­­­саң да, режиссерлер ұстап алып, спек­такльдердің көпшілік сахнасына қатыстырып қояды. Сөйтіп аяқ асты актер де болып кетесің. Менің анам темірдей төзімді, асқан еңбекқор, өз кәсі­бінің нағыз шебері болды. Театрда күн сайын таңертең репетиция, күні бойы киностудияда дубляж, ал кешке спектакль. Үйге тек түннің бір уағында келеміз. Анам сияқты киноға көп түскен актриса некен-саяқ. Осы күні ойлап қарасам, театр мен киноның арасында жүгіріп жүретін анам үйдің тіршілігі мен біздің тәрбиемізді де бір сәт босаңсытпаған екен. Атқарып бе­ретін автоматты техника жоқ, ол уақыт­та шаруаның бәрі қолмен істеледі. Сон­да анам жалғыз өзі осының бәріне қа­лай үлгерді екен деп ойлаймын. Ал жаз бойы бүкіл облыс­тарды, қияндағы аудан, түкпірдегі ауыл­дарды түгендеп гастрольде жүреді. Үш баласын жеткізу үшін анам осыншама жүктемеге арқасын төсеп, мехнат пен бейнетті көп шекті. Бірақ бір сәтке де мойы­мады. Біздің балалық шағымыз Ал­маты өзенінің бойындағы барақ типті үйдің бір бөлме­сін­де өтті. Бірақ өте бақытты өмір сүрдік. Байлыққа белше­мізден батпасақ та, анамыз жоқтықтың не екенін көрсетпек тү­гілі, сездірмеді де. Барын аузымызға тосты, иінімізді жылтыратып киіндірді. 

Міне, өзіміз де өстік, азамат болдық. Таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек етудің қандай болатынын енді ғана сезіндік. Әлдеқайда дамыған заманда, өркениетті өркендеудің басқа деңгейінде өмір сүріп отырмыз, аналарымыз көрген қиындықтың бірін де көрген жоқпыз. Сонда да шаршаймыз, қалжыраймыз, сонда біздің аналарымыз шынашақтай қалпымен иығына түскен үлкен жүкті қалай жүріп көтерген, қалайша жеңген? Ақылыма сыймайды. Таңғаламын. 

Мен техникалық кәсіпті таңдадым, инженер болдым. Он жеті жыл Украинада жүр­дім, содан соң Югославияға кеттім. Бірақ өнерден алыстай алмадым, соған қара­ғанда әкем мен анамнан дарыған қасиет қаныма әбден сіңген. Әскерде жүр­сем де, құрылыста жұмыс істесем де, жан дүнием өнермен қабысып жатты. Олег Анофриевпен бірге соғыс туралы фильмге, «Мәншүк туралы ән» фильмі­нің эпизодына түстім. Қа­зір мен де немерелерімді айналып-тол­ғанып отырған атамын. 22 маусым күні 72 жасқа келемін. Анамның 100 жыл­­дық мерейтойы қуанышын көру бақыты бұйырғанына мың алғыс. Талас бауырымның өмірден ерте кетіп қалғаны ғана өкінішті. КСРО киносындағы атақты есімдердің бірі, белгілі актриса Галина Польскихпен бірге Юлий Карасик деген режиссердің «Дикая собака Динго» фильміне түсті. Қазақ фильмдерінің эпизодтарына да өте көп түсті. Өмірінің соңғы жылдарында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында режиссурадан сабақ берді. Ләйлә әпкем физика-математика факультетін бітірген, жоғары оқу орнында математикадан сабақ берді, өмірін оқытушылыққа арнады. Әулетіміздің, қысқаша тарихы, міне, осындай.

Дайындаған Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ