Өнер • 08 Наурыз, 2019

Сөз сойыл №77

5976 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №77

Жар іздеймін жарандар

Мерекелеріңізбен!

Иә, маған қатын боларлық қалыңдық керек! Қалыңдығы қандай болғаны жөн екен дейсіздер ғой баяғы, айтайын!

Оның сырт пішініне, кескін-келбетіне құлқым шамалы, тек, дене бітімі тіп-тік, құлын мүсінді, құралай келбетті, бота тірсекті болса болғаны.

Ал баспана жағына бас қатырмаймын. Болып жатса, болатынына күмәнім жоқ, тек ел-жұртқа үйім осы деп ұялмай көрсететіндей болғаны жөн. Табатын табысы менікінен асып жатса – алатын айлығына еш алаңым жоқ, барымен базар деуді ғана білемін.

Той қамын – тең бөлісеміз. Жартысын өзі көтеріп, қалғанын әке-

шешесі шығарса жетіп жатыр.

Көзқарасымыз, қызығушылығымыз бір жерден тоғысарына күмәнім жоқ. Мәселен, егер ол футболға менімен бірге бармаймын деп қарсылық білдірсе, оған да көніп, үйде үйелеп отырып, теледидардан бірге хоккейді-ақ тамашалап, құмардан шығамыз.

Өз басым келіншегімнің денсаулығының дін-аман болғанын қалаймын. Яғни, тәтті атаулыны немесе ішімдік пен темекі секілді зиянкестерді құртып, құрдымға жіберуді өз міндетім деп білемін.

Киім-кешек мәселесінде: арзандауынан алып, қарапайым киіндіріп, хан сарайындағы қыз-келіншектерден кем түсірмеймін.

Тамақ   жағын    тіл үйіретіндей  етіп,  қалаған уақытымызда алдыма тарта білсе, "анау еді, мынау еді" деп керги қалатын пендең мен емес.  Тамағың тек еттен болсын деп тағы айтпаймын. Бүгін орыстың, ертең ертемен грузин, кешкілік венгер, арғы күні қытай тамағын жасаймын десе еркі толық өзінде.

Үй-іші айнадай жарқырап, тап-тұйнақтай болып тұрсын деп талап қоймаймын әсте. Жинақы да ширақ кісі болса өзі-ақ айтқызбай атқарар ісі емес пе ол дегенің. Егер оған өзі олақ болса, шешесіне жүктеуіне болады. Үй-ішін жинаудан шаршаған шағында, ыңылдай әндетіп майда-шүйде жұмыс – ыдыс-аяқты жууына да қарсы емеспін.

Сөмкені барарда мен апарып, қайтарда ол арқалап қайтса – азық-түлік үшін дүкен аралап тұруға бармын.

Егер ойымыз бір жерден шығып, тоқайласып жатса – онысын екі айтқызбауға уәде беремін.

Жарымның әрқашанда амандығын тілеймін. Ол үшін көшедегі ұры-қарылар тонап кетпеуі үшін – қалтасында қаржы-қаражаты бар кезде үйден адым аттатып шығармаймын.

Негізі, айтқандарымды екі етпейтін болса, әйт-бүйт деген мәндегі талап қою атымен болмайды.

Сөйтіп, қысқарта айтсам – қатын боларлық қалыңдық керек маған!  Айтпақшы, бір мен деп қалған ғұмырын түп-түгел маған арнаса – ол үшін қалған жасымның жартысы соған садаға.

Соңғы айтарым, жар іздеп жар салғаныма біраз жылдың жүзі болған. Осы талап-тілектерімді қомсынатын, артық көріп арланатын әйел азаматтар мені мазаламай-ақ қоюларына болады.

Михаил  ЛАРИЧЕВ.

Әйел деген...

Әдемі ғой әйелдің бәрі-дағы,

Қарасы, сарысы мен ағы-дағы.

Оң қабағын олардың аңдып дәйім,

Еңкейіп, ер жігіт те бағынады.

Әйелдің бәрі, шіркін, көрікті ғой,

Әншейін, әлжуаз біз – «бөрікті» ғой.

Құшағында талай ер құлап жатып,

Құрсағында құлын-өмір өніпті ғой.

Әйелдің бәрі дерлік ақылды да,

Жыр жазғызып жынды қылған ақынды да.

Достастырар табанда дұшпаныңмен,

Алыстатар ара ашып жақынды да.

Әсем-ау, әндей әсем әйел деген,

Ұрысады ұғынта, ол қай емнен кем?!

Сынынан өтсең егер сырғақтамай,

Құлатпай құшағымды жаям деген.

Әйелмен сезбейсің салқынды да,

О, жігітім, жүрегің алқынды ма?

Қанша еркек болсаң да елден ерек,

Оныменен өлшенеді, парқың мына.

Әйел, бұл – жанған от жалыны мол,

Бойыңды босатпайтын қарымы мол.

Кейде өрге өрлетсе өктем етіп,

Бірде суға салады ағыны мол.

Әйелдің құдіретіне таңғаласың,

Арайынан аңсарыңды аңғарасың.

Кейде бір келіспеген кездерде де,

Басыңнан сипаса да алданасың.

Әйелдің әз жанында сұлулық бар,

Өзінде өрттей ыстық жылылық бар.

Анда-санда жолдан тая желдеп кетсең,

Алатын қайтарып та бір қулық бар.

Әйелдің бойында көп міні жоқ-ау,

Олардың да еркексіз күні жоқ-ау.

Аласарып алдына кеп жығылмайтын,

Жігіттің, әй, жігіттің бірі жоқ-ау.

Кейде әйелдің келмейсің талғамына,

Ойланбайды оттай болып жанғаныңа.

Кеудеден кері иілмей итергенде,

 Көнесің Құдай басқа салғанына.

 Әйелдің жаны – жаз, көңілі – көктем,

 Бір өзі билік етеді өрлі, өктем.

 Жанарын жамыратып қарағанда,

Шегінбей өтесің-ау шерлі шектен.

 Әйел деген пайымды, парасатты,

Оған арнап талай патша қала сапты.

 Бұлғақтамай көңілін бұрса саған,

 Балтадай жарқырайсың жаңа сапты.

Махаббат, мейіріне тоясың ба?

 Жатасың әйелдердің саясында.

Жортасың қалай оған жағамын деп,

Жолбарысын жоны жуан аясын ба?!

Бірақ әйелге бұл жай мадақ қана,

 Адымын жүреміз ғой санап қана.

Сүйіктіңе сүйіп алған кім жетеді,

Әй, Берікбай, құр бекерге далақтама!

Басты қостым менде тек біреуімен,

 Алтын қазық ол болса, тіреуі мен.

 Бақытым, барым, байлығым деп,

Жүрмін шалқып оның тілеуімен!

Берікбай ҚАДЫҚОВ

Әйелдер «әлдиі»

– Қыздар, мен бір ғажап жігітпен таныстым! Күніге пәленбай бума гүлдесте әкеп үйді толтырып тастайды.

– Ғажап екен! Оның аты-жөні кім ей?

– Александр Кузнецов.

– Е, мен оны танимын, ол үлкен бейітте күзетші болып істейді...

***

 Бойжеткен қыз құрбысына:

  – Жақында бір жігітпен таныстым. Өзі арақ ішпейді, темекі шекпейді, бейпіл сөз айтпайды, олай-бұлай жүрмейді.

 – Ауру шығар ол...

***

– Бірден екі жігітпен таныстым, қайсысын таңдарымды білмей жүргенім.

– Жүрегің не дейді?

– Жүрегім: «Күйеуің білсе өлтіреді!» дейді.

***

Бір-бірін сәл сөзден түсінетін сырластар әңгімесі:

 – Сәлем. Бас ауыруың қалай?

– Жұмысына кетті...

Жұрттың еркегі

Осы мені жұрттың еркегі құртып бітірді. Жайларына қарап жүрсе бір жөн біреуі тал түсте отын түсіріп жатады, енді бірі әйелін алып базарға барады. Анау тіпті әйелін бірінші рет көргендей бір құшақ гүл әкелетінін көрсең ғой... Сосын өз әйелім менің миымды неге шақпасын. Шаққанда да жаңғақ шаққандай, балтасыз шапқандай қылады.

– Анау, Сансызбайды қарашы, алқаш болса да үйіне отын түсіріп жатыр. Мынау Әлібек деген пысық, әйелі екеуі базарды түгел көтеріп келе жатыр, ақшаны қайдан табады осы жұрттың байы! Әлгі Серікті айтам, Айжанына бір құшақ раушан гүл сыйлапты. Қосылғандарына жиырма жыл болғанына жиырма гүлді санап тұрып алған, мұндай еркегі бар Айжан бақытты шығар...

«Байғұс-ай, бақытсыз болып жүр екенсің ғой». Бұл менің әйеліме ішімнен айтып жатқаным. Әйтпесе, қыңқ деп көрші, менен басқа дүниедегі ең сорлы еркекті іздесең де таппайсың. Оны біздің әйел бес минуттың ішінде еш куәсіз, сотсыз-ақ «дәлелдеп» бере алады. Сосын мен өзімнің байырғы тактикама көшемін. Бірақ біздің бас не көрмеген... «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп айтқан данышпанның да сөзі далада қалады.

– Үндемейсің-ә, сен сорлы не айтайын деп едің, сенен бар ғой, ана даладағы қайыршы артық.

«Сол қайыршыға барып неге тиіп алмайсың осы!». Ішімнен айтқан сияқты едім, сыртқа шығып кетті ме қалай?

– Не дейд?! Тілің шығайын деген екен. Қане, қайталап айтшы...

– Менен даладағы қайыршы артық болса, соған тиіп алмайсың ба, дедім.

– Мұны айтып тұрған шынымен сен бе? Сенейін бе, сенбейін бе?!

– Сенсең де, сенбесең де сол. Үндемейт деген сайын басыма шығып барасың ғой, тіпті. Жұрттың еркегі, жұрттың еркегі. Жұрттың қатынын көрші, сол еркектерінің қасында жүрген: отын түсіріп берген үйдің әйелі салпы ауыз, ана базарға байымен барған қатының қазанның күйесіндей қатпыш, ана бір құшақ гүл қабылдайтын келіншегің үйде отырмайтынның өзі, бетіндегі бес елі бояуды сыпырсаң, нағыз жалмауыз кемпірдің өзі...

Байқаймын, мені түтіп жіберейін деп, білеудей білегін түріне бастаған әйелімнің жүзі жылыған сияқты.

– Солай ма, ал мен қандаймын сонда?

– Сен бе, салпы етек те, қатпыш қара да, жалмауыз кемпір де емессің. Қор қызындай болған соң, саған сөз айта алмайтыным да содан.

– Өз байымды өзім білмей жүр екенмін ғой, жақсылып бір шай ішейікші, жаным.

Бес биенің сабасындай ырғала басқан бәйбішем өз-өзіне риза кейіппен ас үйге кіріп бара жатты.

Сәдуақас ЖҰБАТ

АСТАНА

ОТБАСЫНДАҒЫ «ОШАҒАН»

Ерлі-зайыптылар әңгімелесіп отыр.

– Жаным, сен түнімен сөйлеп шықтың ғой.

– Не дедім?

– Мені құшақтап, сүйіп: «Жаным, Надежда» деп сандырақтадың.

– А-а, иә... Түсімде мен Ленинге айналып кетіппін.

***

Күйеуі әйеліне өкпелі үнмен:

– Үйленгеніміз бүгін ғана, ал сен әлден жағамнан алып жатырсың...

– Мен дәл осы күнді екі жыл бойы шыдамдылықпен күткенмін, жарқыным!

***

Әйелі ісіне риза кейіппен күйеуіне мысқылдай:

– Қымбаттым, мен сенің тығып қойған ақшаларыңды тауып алдым да құрбыларыммен мейрамханаға барып түп-түгел жұмсап жібердім, – дегенде, күйеуі сабырлықпен:

– Қап-ай-ә, мен оны саған жағалы киім әперейін деп жинастырып едім... – деген екен.

***

Әйелі еркелей:

– Әкесі, біздің танысқан күніміз есіңде ме? – дегенде, күйеуі күйініп:

– Өле-өлгенше ұмытпаспын! Ол күн айдың он үші, жұма болатын. Мен үшін қаралы жұма! Сол танысатын үйге бара жатқанда алдымды қара мысық кесіп өтіп еді! Қонаққа он үш адам жиналғанбыз. Е, сол жерде өзіңмен алғаш танысқанмын!.. – деген екен.

*************