Тарих • 11 Наурыз, 2019

Тәуекел хан

25005 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

XVI ғасырдың соңғы 20 жылындағы кейбір ортағасырлық жазба деректерде Қазақ хандығының саяси тарихында ерекше рөл атқарған тұлға ретінде Тәуекел ханның есімі жиі кездеседі. Тәуекел хан – қазақ халқының этностық аумағы қалыптасуының аяқталу кезеңінде би­лікте болып, осы үдерісті соңына дейін жеткізген тарихи тұлға. XV-XVI ғасырлардағы қазақ хандарының сыртқы саясатының басты мақсаты – қазақ жерлерін біріктіру болғаны белгілі. Тәуекел өзіне дейін билікте болған билеу­шілердің қазақ жерлерін біріктіру жолында жүргізген саясатын одан әрі жемісті жалғастырып, өзінен кейін тақ мұрагері болған туған інісі Есім хан­ға қазіргі кездегі Қазақ елінің аумағындай үлкен аймақты мұраға қал­дырады.

Тәуекел хан

Тәуекел ханның есімі ортағасырлық мұсылман мәліметтерінде Таваккул-сұл­­тан, Тауке-хан, Таваккул-хан, Төкей хан деп кездессе, орыс дерек­терінде – Тевеккел-хан, Тевкель-царе­вич царь, Тевкель-царь деп жиі аталады. 

Тәуекел хан – Шығай ханның он шақ­ты ұлының ішіндегі үшіншісі. Шығай ханның ұрпақтарынан мол хабардар Қа­дырғали Жалайыр былай деп жазады: «Шығай ханның әйелдері көп еді, олар белгілі үш қара шаңырақтан (ордадан) тұратын. Олардан туған ұлдар мы­налар: Сейітқұл сұлтан, Ондан сұл­тан және Алтын ханым – Байм бегім атты бәй­бішеден туған еді. Төкей хан (Тәуе­кел хан –  Б.К.), Есім сұлтан, Сұлтан Сабыр бек ха­ным. Бұл үшеуінің анасы Жағат қызы Ях­шым бегім еді. Әли сұл­тан, Ибрагим сұл­тан, Шахим сұлтан – бұлардың анасы Бұ­рындық ханның қызы Дадам ханым еді».

Тәуекел сұлтанның тарихи болмысын шартты түрде сұлтандық және хан­дық кезең деп екіге бөлуге болады.

Сұлтан лауазымымен оның есімі алғаш рет жазба деректерде Хафиз Та­ныш еңбегінде XVI ғасырдың 80-жыл­дарының басындағы оқиғаларға қатысты кездесе бастайды. 1581 жылы Шығай хан Мауереннахр билеушісі шайбанилық II Абдаллах ханның са­­райы­на келгенде, «Шараф-наме-йи ша­хи» ав­торы қазақ ханының жанында­ ұлдары бол­ды деп жазады да, тек Тәуе­кел сұл­танның есімін ғана атайды. 

II Абдаллах хан өзінің басты қар­сыласы Баба сұлтанға бағытталған 1581 жылғы жорығына Шығай хан мен оның ұлдарын қатыстырады да, жеңіске жеткеннен кейін әскербасыларын өз уәлаят­тарына қайтарады. Шығай ханның Ход­жентке оралуына рұхсат беріп, Тәуе­кел сұл­танды өзінің ең сенімді адамда­рымен бірге Бұхараға ертіп кетеді. Бұ­хара ханының бұл жерде қандай ойы болғанын дөп басып айту қиын. Деген­мен, көрші ел билеушілерінің басты өкілдерінің бірін жанында ұстауы тегін емес деп ойлаймыз.

II Абдаллах ханның Баба сұлтанға қарсы кезекті жорығы 1582 жылдың көктемінде, сәуір айының алғашқы күн­де­рі басталады. Бұл жорыққа тағы да­ Шығай хан және оның ұлдары ­қатыс­тырылады. Баба сұлтанның со­ңына түскен Бұхара ханы Орталық Қазақ­стандағы Ұлытауға дейін жетеді. Деректе сол маңдағы Жо­шы ханның мазары айтылады. Ұрыс қарсаңында шайбанилық билеуші оң қанаттағы әскердің алдың­ғы бөлігіндегі топқа Шығай ханды, қа­зақ сұлтандарын және Тәуекел сұл­­тан­ды бұйрықпен бекітеді. Деректе автор Тәуекел сұлтанға: «Дешті Қып­шақта даңқы шыққан және ерлігі, батырлығы, қайсарлығы жағынан бүкіл әлемде жалғыз өзі», деген си­пат­­та­­­­­­ғы баға береді. Жорық барысын­да шай­­­ба­нилық хан әскерінің бір то­бы қар­­­­сыласының соңына түсіп, Са­уық өзені (ортағасырлардағы Торғай өзені­нің атауы) бойында ұрысқа түседі. Ба­ба сұлтан әскері қатты табандылық көрсетсе де, ұрыс барысын Тәуекел сұл­тан басқарған әскер тобы шешеді. Ол жө­­нінде деректе былай деп сипатталады: «...Сол уақытта басқа жақтан жауының құ­тын қашырып, Тәуекел сұлтан жеке әскерімен ұрысқа енді де, алғашқы екпінмен қарсыласын жойып жіберді». Баба сұлтан болса, маңғыттарға қарай қа­шуға мәжбүр болады.

Тәуекел сұлтанның осы жорық ба­­рысындағы келесі бір ерлігі – оның Ба­ба сұл­танның туған бауыры Тахир сұл­­танды Созақ пен Сауран арасында тұт­қынға алуы. Бұл оқиға 1582 жылдың 16 маусымы күні болады. Осы ерлігі үшін II Абдаллах хан қазақ сұлтанына өте риза болып, алтын жіптермен тігілген халат, бөрік және қым­бат тастармен өр­нектелген белдікті сыйға тартады.

Тәуекел сұлтанның Мауереннахр би­леушісімен бірге Баба сұлтанға қар­сы күресінің қорытындысы ретінде оның Ба­ба сұлтанды өлтіріп, басын II Аб­дал­лах ханға алып келуін айтуға болады. Хафиз Та­ныш ол оқиғаны былайша әң­гі­мелеп баян­дайды. Оның қысқаша маз­мұны мынадай: 

Маңғыт еліне бас сауғалап қашып келген Баба сұлтан жанындағы адам­­дардың кеңесіне құлақ асып, маңғыт билері мен мырзаларын қастандықпен өлтіріп, маңғыт елінің билігін тартып алуды ой­­­­ластырады. Оның бұл ойын сенімді адам­дар маңғыт билеушілеріне хабарлап қояды. Арам ойы іске ас­пағаннан кейін маңғыттар тарапынан қауіптенген Баба сұлтан адамдарымен қайтадан Түркістан уәлаяты жаққа қарай қашады. Сығанақ жанынан өтіп, Ясы қаласына азық-тү­лік пен киім кешек алу үшін өзіне қыз­­­­мет жасап жүрген екі қалмақты жі­­береді. Ол екеуі Ясыдан мол киім-ке­шек алып кейін қайтады. Дәл осы кез­­де екі қал­мақ­­ты Тәуекел сұлтанның адам­дары кез­­дейсоқ кезіктіріп қалады. Екі қал­мақты қатты қинап, жөндерін сұ­­ра­ғанда олар Баба сұлтан туралы ақ­параттың бәрін жайып салады.

Бұл хабарды шайбанилық ханға жеткізу үшін Тәуекел сұлтан өз адамын жібереді. Бірақ одан көмек келгенін күтпей, аз ғана әскерімен Баба сұлтан ор­­­­наласқан жерге шұғыл аттанып кетеді. Баба сұлтан адамдары Тәуекел сұлтан әс­керін алыстан көріп, қарсыласуға дәт­­­тері шыдамай, жан-жаққа қаша бас­­тайды. Баба сұлтанның ең сенімді адамы, оны­мен бірге талай ыстық пен суық­ты басынан өткерген Бузахур сұлтан Сайрамға қарай атының басын бұрады.

Баба сұлтан баласы Латиф сұлтанмен қоштасып, Жан-Мұхаммед аталықпен бірге тауға қарай қашады. Тәуекел сұл­тан адамдары Латиф сұлтанды тұтқын­дап, қашқындардың соңынан қуу­ды жал­ғастырады. Қашқындар қашып құтыла алмасын білген соң, аттарын кері бұрып, садақпен атыса бастайды. Сол кезде садақ оғы Баба сұлтанға тиіп, аты­нан құлап түседі. Тәуекел сұлтанның бұй­рығымен жауларының басы кесіліп, 1582 жылдың 7 тамызы күні II Абдаллах ханның аяғының астына тасталады. Тәуекел сұлтанның ерлігіне әбден риза болған Мауереннахр билеушісі мол сый-сияпаттар беріп, Соғды мен Самарқанд аралығында орналасқан Африкент уәлая­тын сыйға тартады.

Тәуекел сұлтанның Баба сұлтанға және оның жанындағы адамдарына қар­сы жан аямай күресінің өзіндік себебі болған. Ол себеп – Хақназар хан үшін, Жалым сұлтан үшін және олардың ұлдарының өлімі үшін «қанға қан» деген қағидаға сай кек қайтару болатын.

Тәуекел сұлтан Бұхара билеушісінің жа­нын­да тағы да бір жылдай болады. Оның 1583 жылғы Андижан мен­ Ферғана аймақтарына жасаған жо­ры­ғына қатысады, қайтар жолда II Аб­даллах хан тарапынан өзіне деген сенімсіздіктің пайда болғанын бай­қап, Тәуекел сұлтан Дешті Қыпшаққа оралады. М.Қ.Әбусейітова Тәуекел сұл­танның Бұхара ханынан іргесін ажыратуын былайша түсіндіреді. 1583 жы­лы Абдаллахтың әкесі Ескендір хан қай­тыс болып, Абдаллах өзін заңсыз хан деп жариялайды. Таққа үміткер шай­банилықтардың көбі күрес барысында қаза табады. Шыңғыс ұрпағы бол­ғандықтан беделі зор Тәуекел сұлтаннан да қауіптене бастаған секілді. Тәуекел сұлтан мұны сезіп, Дешті Қыпшаққа кетуге мәжбүр болады.

Тәуекел сұлтанның Дешті Қыпшақ аумағына келгеннен кейінгі алғашқы 3 жылы ешбір жазба деректе айтылмайды. Дегенмен, оның Шығай хан ұлдары ішінде, тіпті сол жылдардағы Жәнібек хан әулеті ішінде ең беделді тұлғалардың бірі болып саналуы, оны хан тағына әкелген деуге негіз бола алады. Ортағасырлық тарихшы Ескендір Муншидің Тәуекел сұлтанды «хан ата­ғын өзіне алып алған» деп жазуына қа­­­ра­ғанда, алғашқыда оны шығайлық сұл­­­­тандар мен жақтастары ғана хан деп мойындаған деп түсінуге болады.

Осы жылдардан бастап Тәуекелдің өміріндегі хандық кезең басталады. 

Тәуекел хан Дешті Қыпшақта жүріп, Мауе­­реннахрдағы жағдайды жіті бақы­лап отырады. Бұхара билеушісінің қатты күшеюіне байланысты ол бірте-бірте оның қарсыласына айнала бастайды. 1586 жылы ол II Абдаллах ханның оңтүстік өңірлерде жүргенін пайдаланып, Бұхара би­леушісінің солтүстіктегі шекарасына жақындайды да, Түркістанды, Таш­кентті, тіпті Самарқанды басып алуға ниеті бар екенін жасырмайды. Таш­кент­тіктер азғантай ғана әскерімен қа­­зақ­­тарға қарсы шығып, Шарапхана ма­ңында кездеседі. Ұрыс барысында қазақ әскерлері қарсыласын тас-тал­қан етіп жеңеді. Бұл хабар тез арада Самар­қанға жетеді. Ондағы II Абдаллах ханның бауыры Ибадулла сұлтан бүкіл аймақтан әскер жиып, шұғыл түрде Ташкент маңына келеді. Тәуекел хан бұл кезде Сайрам түбінде болатын. Қарсыласының іс-әрекетінен хабардар болған Тәуекел хан ашық ұрысқа шықпай, далалы ай­маққа шегініп кетеді. 

Тәуекел ханның II Абдаллах хан ие­­лік етіп отырған Сыр бойындағы қала­лар мен Ташкент өңіріне алғашқы жоры­ғы оған ешқандай нәтиже әкелмесе де, ол бұл жорығымен ресми қазақ ханы ретінде осы аймақтарда өзінің мүд­десі бар екендігін ашық көрсетеді. Күш­тердің ара салмағы тең болмауы себепті Тәуекел хан Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер үшін күресті уақытша кейінге шегереді. Жалпы алғанда, бұл күрес қ­азақ хандарының қазақ халқы­ның эт­ностық аумағын біріктіру жолын­да­ғы XV ғасырдың 70-ші жылдарынан бері жалғасып келе жатқан күресінің бір эпи­зоды ғана болатын.

Тәуекел хан 1586 жылғы Ташкентке жасаған сәтсіз жорығынан кейін Бұхара билеушісімен қарым-қатынасында уақытша бейтараптық позиция ұстанады. Тіпті, 1588 жылғы II Абдаллах ханға қарсы Ташкент аймағындағы жергілікті билер мен бектердің үш айға созылған көтерілісіне қатыспайды. Өйткені бүкіл Мауереннахр мен Хорасан аймағының экономикалық қуатына сүйенген шайба­нилық билеушінің саяси-әскери әлеуеті өте зор еді. Алысты көре білетін Тәуекел хан Мауереннахр билеушісімен ашық күреске барудан бас тартып, басқа көр­шілес елдермен қарым-қатынасын бей­біт түрде, бірақ белсенді жүргізе бас­тайды. 

XVI ғасырдың 80-жылдарының соңы мен 90-шы жылдардың басында Тәуекел ханның сыртқы саясаттағы белсенділігі Шығыс Түркістан мен оған көршілес аумақта көшіп жүрген ой­рат тайпаларына қарсы бағытталады. Шах Махмуд Шорастың «Тарих» атты еңбегінде Қашғарияның ішкі сая­си іс­теріне Абд ар-Рашид хан қайтыс бол­ған­нан кейін Тәуекел ханның өте бел­сенді түрде араласқаны жөнінде бір мә­лімет кездеседі. Шығыстанушы-ға­лым В.П.Юдин осы мәліметті негізге алып, Шығыс Түркістан аумағындағы Чалыш пен Тұрфан қалаларындағы билікке кімнің отыратындығын Тәуекел ханның пози­циясы анықтады деген тұжырым жасайды.

Деректерде Абд ар-Ра­шид хан қайтыс болғаннан кейін оның көп­теген ұлы арасында билік үшін талас-тартыстардың болып, оның ұзақ­­қа созылғаны жөнінде айтылады. Олар өзара күрес барысында көршілес елдердің билеушілеріне арқа сүйейді. Кү­ресуші топтың кейбір өкілдері Тәуе­кел ханнан да көмек сұраған секілді. Мұн­дай жағдайда Тәуекел хан ол жақ­тағы ықпалын ке­ңейту үшін көмегін ая­майды. Тарихшы Шах Махмуд Чорас 1580-жылдардың соңында Абд ар-Рашид ханның Құрайыш сұлтаннан туған ұлы Хұдабанда сұлтанның Тәуекел ханның көмегімен Тұрфан мен Чалыш қалаларындағы билікті басып алғандығын баяндайды. Бұл дерек әзірге жалғыз болса да, Тәуекел ханның өз еліндегі ішкі сая­си жағдайларды реттеп, белгілі бір дә­режеде халықаралық деңгейге шық­қан­дығын көрсетеді. Біздің бұл ойымызды сол жылдардағы қазақ-ойрат қарым-қа­тынастарындағы Тәуекел ханның атқар­ғ­ан рөлі растай түседі. 

XVI ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының шығысындағы ойрат тайпаларында саяси бытыраңқылық белең алып тұрған болатын. Олар ұзақ уақыт бойы халха моңғолдармен жайы­лымдық жерлер үшін күрес жүргізіп, көп жағдайда жеңіліске ұшырап отырды. Сол себепті бытыраңқы ойрат тайпалары батысқа қарай жылжып, қазақтардың және шығыстүркістандық билеушілердің иеліктеріне тақап келеді. Өз кезегінде қазақ хандары мен шағатайлық хандар ойраттарға қарсы шабуылдар жасап отырады. 1588 жылы Тұрфан билеушілері ой­рат­тарға кезекті соққы жасап, оларды шы­ғысқа қарай қашуға мәжбүрлейді. Ой­раттардың қазақтармен де күресі нәтижесіз жүреді. Бұл кезде біршама күшейіп алған Тәуекел хан ойраттарды жеңіп қана қоймай, олардың жекелеген тайпаларына өз билігін мойындатады. Бұл туралы 1594 жылдың қаңтар айында Мәскеуге келген Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұхаммед пен Ораз-Мұхаммед сұлтанның арасында болған әңгіменің жазбасында айтылады. Онда Ораз-Мұхаммед сұлтанның өзінің жақын туыстарының жағдайы мен қазақ елінің көршілерімен қарым-қатынасы туралы қойған сұрақтарына елші былай деп жауап қайтарады: «...Қазір сенің көкең Тәуекел хан Қазақ Ордасында хан болып отыр, өзінің інісі Шах-Мұхаммед сұлтанды қалмақтарға отырғызды, олар бір-біріне жақын жерде көшіп-қонып жүр және бәрі ынтымақта. Ал Бұхара патшасымен уақытша бей­біт өмір сүруде, ноғайлармен де, ал­тыұлдықтармен де бейбіт жағдайда, Дін-Ахмет ұрпақтарымен және Орыс ұр­пақ­тарымен – бірде олай, бірде бұлай өмір сүріп жатыр». 

Бұл мәлімет сол кездегі Қазақ ханды­ғының шекарасын және Тәуекел ханның беделінің қандай болғандығын білуге кө­мектеседі. Батыста Қазақ елінің ше­карасы Жем мен Жайық өзендері ара­лығындағы ноғайлармен, шығыста ойрат тайпаларының жайылымдарымен түйі­сіп жатқанын аңғарамыз. Ал Тәуекел хан­ның қазақ қоғамындағы билігі әбден ор­ныққанын және көршілес елдермен саяси қарым-қатынасында белсенді рөл атқарып отырғанын көреміз.

Тәуекел ханның XVI ғасырдың 90-жылдарының ортасында жүргізген сыртқы саясатындағы басты бағыттың біріне – Орыс мемлекетімен елшілік байланыстарды орнатуын қосуға болады. Мауереннахрдың өте қуатты билеушісі II Абдаллах ханға қарсы күресу үшін Тәуекел ханға қуаты жағынан одан кем емес әскери одақтас қажет болатын. Сол жылдардағы Қазақ хандығына көршілес болған елдердің ішкі-сыртқы саяси жағ­дайларына қысқаша шолу жасасақ, жағдай мынадай болатын. 

Тәуекел ханның шебер дипломатия­лық өнері осы тұста тағы да байқалады. Күшейіп тұрған II Абдаллах ханға қар­сы күресте ең сенімді одақтас Орыс мем­ле­кеті бола алатынын білген Тәуекел хан Мәс­кеуге елшілік жіберуді ой­лас­тырады. Бұл жылдары Орыс мем­лекетінің шекарасы оңтүстікте де, ба­тыс­та да Қазақ ханды­ғымен түйісе бас­таған еді. 

Тәуекел ханның Құл-Мұхаммед би бастаған елшілігі Мәскеуге 1594 жылы барды. Елшіліктің алдына бірнеше мақсат қойғаны белгілі. Олар: II Абдал­лах ханға қарсы күресу үшін Орыс мем­лекетімен әскери одақ құру, Тәуекел хан­ның немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы Ораз-Мұхаммедті Мәскеудегі тұт­қыннан қайтару; Орыс патшасынан Бұ­хараға қар­сы күресу үшін «от шашатын қару» алу еді. Бұл мақсаттың бәрі дәл сол жылдары Қазақ хандығы үшін өте маңызды бола­тын.

Құл-Мұхаммед бидің елшілігі жө­нінде тарихнамада арнайы қарас­тырыл­ған. Тәуекел хан елшілігінің атқарған жұмысы мен оған жауап ретінде Орыс мем­лекеті тарапынан келесі, 1595 жылы Қазақ ордасына келген орыс елшісі Ве­лья­­мин Степановтың баяндауы мен жаз­баларында қазақ-орыс елшілік байланыстарынан басқа, сол кезеңдегі Қазақ хандығының сыртқы байланыстары жөнінде біршама мәліметтер бар. 

Жоғарыда атап өткеніміздей, О­раз-­­­Мұ­­хам­мед сұлтанның Құл-Мұхам­мед­ бимен әңгімесінің жазбасында Тәуе­кел ханның жағдайы және оның қалмақтармен, Бұхара билеушісімен, но­ғайлармен қарым-қа­тынасы туралы мәліметті келтіргенбіз. Осы құнды деректе Құл-Мұхаммед би Орыс еліне Ираннан елшілік келіп жат­қа­нынан хабардар болып, Бұхара ханына қарсы бірігіп күресу үшін қызылбас елінің елшісімен кездесуге күш салады. Құл-­Мұхаммед би орыс патшасының рұх­сатымен Иран елшісімен кездеседі. Екі елші арасындағы негізгі тақырыптың Бұ­хараға қарсы бірігіп күрес жүргізу туралы болғаны анық. Қазақ елшісі Мауе­реннахрдағы шайбанилық әулеттің билігіне қарсы қазақ-иран одағын қа­лыптастыру мәселесін көтеріп, оны нақтылау үшін қазақ елшілігінен бір адамды Иран елшілігіне қосып, қызыл­бастар еліне жіберу туралы, ал Мәскеуде жүрген Иран елшілігінің бір адамын қазақ елшілігімен бірге Тәуекел ханға жіберу туралы ұсыныс білдіреді және ол ұсыныс қабылданады. Келесі жылы қазақ еліне орыс елшілігін басқарып келген Вельямин Степановпен бірге ирандық елшіліктің бір өкілі еріп барып, орыс елшілігімен бірге кейін оралғандығы туралы айтылады. Ал қазақ елшілігінен Иранға барған адам туралы ешқандай мәлімет жоқ. 

Жалпы алғанда, Құл-Мұхаммед бидің елшілігінен байқағанымыз, Тәуекел хан үшін сол кездегі Қазақ хандығының ең басты қарсыласы – Мауереннахрдағы шайбанилық билеуші II Абдаллах хан болғанын көреміз. Сол себепті де Тәуекел хан оған қарсы күресу үшін мүм­кін бол­ған жағдайдың бәрін пайдаланады.

1595 жылдың наурыз айында Тәуекел ханға Орыс мемлекетінен Вельямин Сте­панов бастаған елшілік аттандырылады. Әрі орыс елшілігінің құрамында жоға­рыдағы келісім бойынша Иран елшілігінің Дервиш Мұхаммед есімді бір өкілі болады. Сол жылдың мамыр айы­ның соңғы күні Қазақ ордасына жет­кен орыс елшілігі 60 күн қазақтар ара­сында болып, шілденің соңғы күні кері қайтады. Қыркүйектің соңына таман елшілік аман-сау Мәскеуге жетеді. Вельямин Степановтың баяндамасы мен жазбасында оның қандай маршрутпен Қазақ еліне келгендігі, қандай қиыншылықтарды басынан өткергені, Тәуекел ханның оны қалай қабылдағаны, патша грамотасын қалай тапсырғаны және тағы басқа елшіліктің жайттары айтылады. Орыс елшісі Тәуекел ханның ордасы қай жерде болғанын нақтылап айтпаса да, оның қай өңірде болғанын шамалауға болады. Елшінің баян­дамасында бір орыс боярының ұлы Илейка Меньшиков деген тұтқынның Ташкенттен қашып шығып, Қазақ ор­дасындағы орыс елшілігіне келгенін, оның соңынан қуып келгендерге елшінің 14 сом беріп босатып алғанын жазады. Соған қарағанда, сол кездегі Тәуекел ханның ордасын Ташкенттен Дешті Қыпшаққа қарай, онша қашық емес жерде орналасқан деп санаймыз.

(Жалғасы бар) 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы