Тарих • 11 Наурыз, 2019

Түркі әлеміне ортақ идеологиялық бағдар

1741 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақстандықтардың бойына үлкен серпін беріп отыр. Мақаланың бағдарлық мазмұны бай, идеясы тың, ойы терең. Осы себепті ел халқының, сондай-ақ, түркі елдерінің қызығушылығын оятты.  

Түркі әлеміне ортақ идеологиялық бағдар

Көптеген түркі елінің Ресей патшалығына енуі, одан бері Кеңес Одағы құрамында бодандықта болуы тарихи сабақтастығынан ажырап қалу қаупін туғызды. Кеңестік идеология – қоластындағы халықты бабалар ізінен адастыруға бағытталды. Осы себепті тарихи деректер бұрмаланып, өркениет пен мәдениеттің бастауы тек Ресей патшалығының, КСРО құрылуының негізінде қалыптасты деп оқытылды. 

Бүгінде Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Азаттықтың сыйы – сананың еркін­дігі. Ел тізгінін ұстаған Тұңғыш Прези­дентіміз Н.Назарбаев Отанымыздың қалыпты дамуы, халықтың бейбіт өмір сүруі жолында үлкен реформалар жасады. Түрлі мемлекеттік бағдарламаны халық игілігі үшін ұсынды. Мұның нәти­жесі бүгінгі ынтымақты өмір кешкен жаңа Қазақстан халқы дер едік.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел тұрғындары арасында үлкен маңызға ие болды. Президенттің ойы мен идеясы кес­­теленген мақаланың әрбір сөйлемі хал­­қы­мыздың діліне күш пен жігер берді.

Аталған бағдарламалық мақаланың ізін суытпай жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ежелгі түркілер өркениетінің биік екендігіне халықтың назарын аударды. Мұндай өткір сөзді ойларын Президент: «Еуро-пацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ», деп ашық жазды. Иә, Кеңес өкіметі сақ, ғұн, Дешті Қыпшақ және т.б. Ұлы дала төсінде биік өркениет құр­­ған империялардың тарихын білім-ғылым кеңістігінен аластатқаны, оның ұрпақтары түркілер екендігін мойындаудан қашқаны тарихтан белгілі. 

Елбасы мақаласында ежелгі түркі­лердің сол замандағы теңдессіз өркениет құрғанын жазып, жылқыны қолға үйретуін, киім үлгісіне қосқан үлесін, темір балқыту ісіндегі шеберлігін, зер­герлік бұйымдарды жетілдірудегі тал­ғамын және т.б. технологиялық-мәдени өрелерін дәйектеп көрсетті. «Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақ­станның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды», деген Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлы даланы ат тұяғымен дүбірлеткен ежелгі түркілердің биік өркениет қалыптас­тырғанын айтып, көпке ой салды. 

Президент мақаласы түркітанушылар мен тарихшыларға үлкен міндет жүктеп отыр. Оларды орындай отырып, түркі ұрпақтарына бабаларының жүріп өткен жолдары мен өркениеті, мәдениеті турасында дұрыс әрі нақты мағлұматтар беру басты міндет. «Ұлы даланың жеті қыры» – Ұлы даланың бүгінгі ұрпақтарының идеологиялық бағдары болуы тиіс. Осы мақалаға негіз болған түркі бабалардың әрбір озық өркениеті келешек ұрпаққа нақты деректермен жеткізілуі қажет деп ойлаймын. Ал осы мақалада мен Елбасы айтқан адамзат тарихындағы биік өркениет белгісі – жазу-сызу туралы сөз қозғасам деймін.

Елбасы Н.Назарбаев – Ұлы даланың тарихында аты мәңгіге қалған Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, Бумын қаған сынды билеушілердің ізін жалғаған қайраткер. Елбасы бабаларымыздан қалған мұраларды кәрі тарих қойнауынан аршып алып, бабалар өркениетінің өрелі болғанын әмбеге аян ету жолында үлкен бастамалар көтеріп келеді. 

Байырғы ұлы бабаларымыздың ұрпағы болғандықтан, бізге біреудің шайнап бергенін малдану жараспайды. Сондық­тан өткенімізге, бүгініміз бен болашағы­мызға жалтақсыз жанар тіктейтін мезгіл жетті. Елбасының «Тарих толқынында» кітабында (2003) осылай деп жазуы жоғарыда айтқандарымыздың айғағы. Н.Назарбаев өткенімізді зерделеу үшін арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдап, оны үш дүркін – 2004 жылдан 2011 жылға дейін жалғасытрғанын еліміз біледі. Осы бағдарлама аясында үлкен жобалар қолға алынып, талай құнды мұралар жиналып, кітап болып басылып, қалың жұртшылыққа ұсынылды. Ал нақты бағыт көрсетіп берген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында да атқарылар жұмыс көп.

2500 жылдық тарихы бар түркілер­дің төл жазуының генезисі әлемдік деңгей­де бір байламға келе қойған жоқ. Дей ­тұрғанмен, бұл көне жазуды ежелгі түркі­лердің қолданғандығы туралы айғақ­тар баршылық. Бұған Н.А.Аристов, Н.О.Малицкий, Д.Н.Соколов, А.Ж.Эмре, Е.Д.Поливанов, Қ.Сартқожаұлы, Н.Базыл­хан және т.б. ғалымдар өз тұжырым­дары мен болжамдарын жазып, іргелі еңбек­тер ұсын­ды. Осы себепті байырғы түркі жазуы­­ның қалыптасуына өзге ескі жаз­у­лардың әсері болуы мүмкін деген бол­жам­ның қате екендігін айтуға болатындай. 

Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ халқының санасын жаңғыртуға бағытталғанын білеміз. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы рухани жаңғырудың негізгі тетіктеріне жол ашып отыр. Осы ретте бала тәрбиесінде Ұлы дала кемеңгерлерінің ерліктері мен өрке­ниетті іздерін оқыта отырып тәр­бие­леуге шақырған Президент идеясына тән­ті боласың. Біз болашақ ұрпақтардың өр рухты санамен өсуін қамтамасыз етуді бала­бақ­шадан бастауымыз керек. Бүгінгі бала білетін Темір адам, Өрмекші адам, Нарут­то және т.б. қиялдан туған шетелдік ани­мациялық фильмдердің кейіпкерлерін Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, Естеміс қаған, Тұмар патшайым, Еділ патша, т.б. Ұлы дала ардақтыларының есімдерімен алмастырар уақыт жетті. 

Оқушылар мектептен қазақ тілі, тарих, география пәндерінде ежелгі түркі­лердің өмір сүру салтын, әлем өрке­ниетіне қосқан үлестерін толық меңгеріп шығуы тиіс. Ал жоғары оқу орындарында көне түркі жазуын тереңдете мең­гертер болса, Президент қойған мақ­сат­тарға қол жеткізуге бір табан жақындай түсетініміз күмәнсіз. 

Қорыта айтқанда, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – Түркі дүниесінің ортақ мақсаттары мен мүдделерін белгілеп берген мазмұны өте терең еңбек. Түркілердің атажұрты саналатын еліміз – бүкіл түркі­лердің қарашаңырағы. Мұндай мазмұ­н­дағы салмақты идеялардың Елба­сымыз­дың тарапынан айтылуы баршамыз үшін мақтаныш. ХХІ ғасырда ежелгі түркі өркениеті мойындалып, әлем алдында абыройы артатынына сеніміміз кәміл.

Асқат СӘДІБЕКОВ,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің докторанты

ТҮРКІСТАН