Аймақтар • 11 Наурыз, 2019

Өмірге құштарлық діңгегі

1413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бұрынғы қалыптасқан көптеген ғылыми, мәдени және тарихи көз­қарас­тарды кең ауқымда және жаңаша деңгейлерде қайта қарастыруға көп септігін тигізуде.   

Өмірге құштарлық діңгегі

Солардың қазіргі кезде басты бағыт­­тарының бірі – тәуелсіз мем­ле­ке­ті­­міздің жас азаматтарының бо­йында отансүйгіштік қасиеттерді егу мен тарихи сананы қалыптастыру бары­сында бабаларымыздың қал­дыр­ған әлеуметтік-адамгершілік үлгідегі өсиет­тері мен рухани мұрасын терең наси­хат­тап, қалың көпшіліктің игілігіне жарату. 

Бабаларымыз дүниетанымының негізгі ұстанымдары – аңыз, әпса­на, жыр-дастандарда адамның қай­рат-жігері, еркі мен жауапкершілігі, аб­солют­тік құдірет иесі және оның билігі арасындағы әмбебап тұтастық пен үйлесімділік айқындалады. Оның дүниетанымындағы дін ретінде қара­латын универсализмді исламнан бұрынғы түркілік өркениеттегі діни-философиялық ағым десек те болады. Қазақ универсализм дүниетанымында ең негізгі құбылыс «тұтастық». Бүкіл жанды-жансыз болмыстар – жер, көк, тау, тас, күн, жұлдыз сияқты элементтер жиылып, осы тұтастықтың, бүтін­нің бөлі­гі ретінде біртұтас космостық жүйе құ­рай­ды. Осы бүтіндік пен тұтас­тық негізінде құндылықтар пайда болып, бүкіл адамзат «еркіндікке» қауы­шады. Міне, дін, философия және саясат объектілерінің нығаюы­на ықпал еткен қазақы дүниетанымдағы элементтер мен құбылыстарды олар исламдық дүниетаным формалары ішінде қорытып, оларды осы тұрғыда түсіндіре білді.

Адамның рухы жоғары идеяларға ұмтылғанда ғана игілікке беттейді. Бұл мәртебеге жетудің жолы – дүниелік, материалдық тәуелділіктен арылу. Дәстүрлі дүниетаным мен ислам өрке­ниеті негізінде сусындаған даналар тарихи таным мен тарихи ұстаным арқылы адам баласының мәселелері төңірегінде ой толғаған. Біріншісі Ұлы бақытқа жету жолында рух-сананың жігерлігін, екіншісі рухын тарихи санамен байыту жолын көрсетіп отыр. Екі ілімде де «сөз бен іс», теория мен практиканың үйлесімділігі негізгі мақсат. Екеуінде де адамның мәні – рух. Екеуі де ақиқат болмысқа жету әдісі мен ұстанымы жағынан діндер үсті пайымдауларды ұсыну арқылы дәстүрлі түркілік дүниетанымның универсализм ерекшеліктерін көрсетіп отыр. Екеуінде де ішкі еркіндік – моральдық еркіндік негізгі тақырып.

Тарихи оқиғалар – тек қана күні өтіп кеткен жайлар емес, өзге түрде, өзгеше мәнде қайталанып, оралып отыратын қоғамдық иірімдер, адам санасының ой-толғамдарының бейнелену нәтижесі. Бабаларымыз­дың толық, толымсыз қоғам аталған сая­си тағылымдарын далалық елді бас­қару тәсілдерін, дала тұрғындарына қайырымдылық пен игіліктерге қандай жолмен жетуге болатынын өсиет еткен. Әртүрлі қоғамдар мен әлеумет­тік орталар сипатын көрсету арқылы елді ақылмен басқарудың шарт­тары жөнінде батыл пікірлер нұсқа­сын көрсеткен. Оның аясында текті­лік мінез қай кезде де халықтың парасат биігінде болуын қамтамасыз етеді, адамды аздырар жаман мінездерден сақтандырады деген идея басымдыққа ие екені байқалады.

Қазақ қоғамында ежелден қа­лып­тасқан дәстүр бойынша адамның бала күнгі кезінен бастап бүкіл бірлігі қоғам­ның бақылауында болған. Сон­дық­тан қоғам мүшесінің бірде-бірінің жасаған жақсы ісі де, жаман ісі де назардан тыс қал­мастан, дер кезінде өзіне лайық әділ бағасын алып отырған, бар тірлігі тара­зыға тартылып, соған орай ортасы өз бағасын беріп отырғаннан кейін, адамның өзі туралы мақтануының да ақталуының да қажеттілігі болмаған. Бәрін өскен ортасы дұрыс та әділ баға­лап отырған соң, адам ештеңеге алаң­дамай барынша қоғам талабына сай тірлік кешуді мұрат еткен.

Аманжол ҚАСАБЕК,

философия ғылымдарының докторы, профессор, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ, «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері

ТАЛДЫҚОРҒАН