Театр • 12 Наурыз, 2019

Оралда Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған қойылымның премьерасы өтті

1297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Аялап өтем...» атты поэтикалық фэнтезидің премьерасы өтті.

Оралда Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған қойылымның премьерасы өтті

Суретті түсірген Рафхат Халелов

Театрдың әдебиет бөлімі меңгерушісі Нұрлан Сәдір мен Мәдениет саласының үздігі, осы ұжымда көп жыл қызмет еткен тәжірибелі артист Нұрлыгүл Жұбатованың қаламынан туған жаңа туындыда ақын бейнесі бірнеше қырынан ашылған. Нәзік жанды ақынның лирикалық бейнесі бірде өршіл күрескерге айналып, Махамбет рухымен тілдеседі. Бірде саясатқа араласқан қайраткерлігі де көрінеді.

- Фариза апай Парламент депутаты болған кезінде «Қазақстан Республикасындағы ана мен баланы қорғау туралы» заң жобасын дайындаған екен. «Неке және отбасы туралы» заңды әзірлеуге де атсалысқан. Қойылымда ақынның халық қалаулысы ретінде атқарған осы істерін де көрсетіп өттік. Бір қызығы, бұл қойылымның сценариі бұдан бірнеше ай бұрын дайындалды ғой. Одан кейін елімізде болған өзгерістер, әсіресе көп балалы, аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған шаралар қолға алынған тұста сахнадағы Фариза апайдың ана мен баланы қорғауға қатысты іс-әрекеті өте ерекше қабылданады екен. Қойылымның осы тұсында көрермен еріксіз қол шапалақтап отырды, - дейді Нұрлан Сәдір.

Бұл қойылым – Нұрлыгүл Жұбатованың режиссер ретіндегі тұңғыш жұмысы. Суретшісі Мұрат Мәмбетов те «Өнер саласының үздігі» атанған жас өнерпаз. Сахнаның безендірілуі, декорация мен би қойылымдары ақын өлеңдерімен үндесіп, әдемі гармония құрады. Оның үстіне басты рольді сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір ақын Фариза Оңғарсынованың бітім-болмысын жан-дүниесінен шығарып көрсете білді. Айта кетейік, екінші құрамда басты рөлді режиссер Нұрлыгүл Жұбатованың өзі ойнап шықты. Киелі сахнада поэзия патшалығы салтанатқұрған әсерлі сәт болды.

- Жанарында жасын ойнап, түйдек-түйдек жыр ағынына шыдай алмай шиыршық атқан ерекше Тұлғаның осылайша оралуының өзі бір дүние. Жанры да ерекшелеу. «Аялап өтем...» деген атынан бастап қолмен ұстап, көзбен көруге келмейтін, келмейтін емес-ау, қимайтын, тек жүрекпен ғана сезінуге болатын нәзіктік, қайсарлық, руx тіл қатты. Өлеңмен өрілген, әдемі қиялмен астасқан ақын өмірінің бейнесін көрдік, - дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова премьера туралы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан