Қазақстан • 12 Наурыз, 2019

Руслан Дәленов өнеркәсіпте артта қалған өңірлерді атады

1125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өнеркәсіпте артта қалған өңірлердің саны 6-дан 4-ке дейін қысқарды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

Руслан Дәленов өнеркәсіпте артта қалған өңірлерді атады

«Теріс серпінді Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Манғыстау облыстары көрсетті. Бұл өңірлерде серпіннің әлсіреуі мұнай, газ конденсатын өндіру, жалпақ илем және қоспасыз болат өндіру бойынша болды. Сонымен қатар өнеркәсіпте жоғары өсу Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, Астана қаласында байқалады» деді ол.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығында барлық өңірде өсім байқалады. Айтарлықтай өсімді Ақмола облысы көрсетуде.

«Құрылыс бойынша Ақмола облысы, Астана қаласы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары, Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары артта қалып отыр. Ал Түркістан облысы аталған сала бойынша көшбасшы болды. Негізгі капиталға инвестициялар бойынша серпіннің едәуір әлсіреуі Шымкент және Астана қалаларында байқалады. Шымкент қаласында мұнай өңдеу зауытын жаңғырту бойынша жұмыстар аяқталды. Астана қаласында өткен жылғы машиналар мен жабдықтарды сатып алуға байланысты жоғары база әсер етті» деді Р.Дәленов.

Белгілі болғандай, инвестицияларды тарту бойынша Қызылорда облысы алда. Бұдан бөлек Қарағанды, Түркістан және Қостанай облыстарында да инвестиция тарту бойынша айтарлықтай өсім байқалады.

«Елбасының тапсырмасы бойынша бөлініп жатқан бюджет қаражаты экономикаға, халықтың табыстарына, сондай-ақ инвестициялық белсенділікке қолдау көрсетеді. Осыған байланысты Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдер қаражатты экономикаға тез әрі мақсатты жеткізуді қамтамасыз етуі қажет» деді министр.