Қазақстан • 12 Наурыз, 2019

Ақпан айының қорытындысы бойынша инвестициялар өсімі 4,2% құрады

939 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-ақпандағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындысы туралы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов және ұлттық экономика министрі Р. Дәленов баяндады.  

Ақпан айының қорытындысы бойынша инвестициялар өсімі 4,2% құрады

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов жалпы осы жылғы екі айдың қорытындылары бойынша ЖІӨ серпіні жылдамдағынын, инфляция нысаналы дәлізде сақталып отырғанын, инвестициялар қайта өсе бастап, халықаралық қорлар тұрақты деңгейде тұрғанын атап өтті.

«ЖІӨ өсуі 3,5%-ға дейін жылдамдады. Қаңтарда ол 2,9% құраған болатын. Мұндай серпін тауарлар өндірісінің өсуімен, сондай-ақ қызмет көрсету секторының өсуімен қамтамасыз етілді», — деді ұлттық экономика министрі.

Сонымен қатар, инвестициялар серпінінде өзгеріс болды. Егер ол өткен айда төмендесе, есепті кезеңде олардың өсімі 4,2% құрады. Өсу машиналар мен жабдықтарды сатып алумен, сондай-ақ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының компрессорлық станциясының құрылысымен байланысты.

Өнеркәсіп өндірісінің өсуі қаңтар–ақпанда 2,7% құрады. Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр. Өндіріс көлемі 3,6% ұлғайды. Өсім мал шаруашылығындағы өндірістің 3,8% өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, өсімдік шаруашылығы көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталды.

Құрылыс секторының серпінінде кері бұрылыс болды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2%-ға ұлғайды. Жалпы қызмет көрсету саласы озық қарқынмен өсуде. Есепті кезеңде ол 3,9%-ға өсті. Айтарлықтай өсім саудада 7,6% деңгейінде белгіленді. Көлік саласында өсім 4,4%-ға дейін жылдамдады. Бұл көбінесе жүк тасымалының артуына байланысты.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Е. Досаев жылдық инфляцияның бәсеңдегенін хабарлады. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляция бойынша 2019 жылға арналған нысаналы бағдарларға жетуге ықпал етеді.

«11 наурыздағы жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 379,48 теңгені құрады. Ұлттық банк еркін айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастырады. Ұлттық банктің нетто-интервенцияларының көлемі 2019 жылғы ақпандағы валюта нарығында нөлге тең болды», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Берілген деректерге сәйкес, 2019 жылғы қаңтарда депозиттер 3,7%-ға өсті: ұлттық валютамен — 11,9%-ға өсіп, шетел валютасымен — 5%-ға төмендеді. Несие беру нарығы қалпына келуде. Өткен жылы жаңа несиелер беру 24,4%-ға өсті. 2019 жылғы қаңтарда өткен жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 8,2%-ға көп жаңа несиелер берілді.

«7-20-25» бағдарламасын 8 банк жүзеге асыруда. 1 наурыздағы жағдай бойынша банктер 114 млрд тг сомасына 9 983 өтінімді қабылдады. 68 млрд тг сомасына мақұлданды. Ұлттық Банк белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуде. Бағдарламаны іске асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі, сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді», — деді Е. Досаев.

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов өткен екі айдың қортындысы бойынша бюджеттің барлық деңгейлерінде 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда кірістердің өсу қарқыны байқалатынын айтты: мемлекеттік бюджет — 17,4%, республикалық бюджет — 23,2% және жергілікті бюджет — 4,1%.

«Мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 108,6%-ға, олардың ішінде республикалық кірістер – 102,7%-ға, жергілікті бюджеттер – 128,4%-ға асыра орындалды», — деді Ә. Смайылов.

Мемлекеттік бюджет шығыстары 94,9%-ға, республикалық – 95,6%-ға, жергілікті бюджеттер 95,9%-ға атқарылды. Республикалық бюджет шығыстары 1 трлн 870 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 86 млрд теңгеге атқарылмады. Оның 11 млрд теңгесі — үнемдеу. Ал, игерілмеу сомасы 75 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 54 млрд теңгеге төмен.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 559 млрд теңгені құрағаны аталып өтті. 24 млрд теңге орындалмады. Барлық өңірлердегі игерілмеудің басты себебі: келісімшарттардың ұзақ жасалуы және сол себепті қазынашылық органдарында кеш тіркелуі, жұмыстардың кестеден қалуы. Алматы қаласындағы басты себеп — әкімдіктің басқару құрылымының өзгеруі.

Бұдан өзге, мемлекеттік сатып алулар веб-порталы арқылы камералдық бақылау шараларымен 220 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу процедуралары қамтылды. Жалпы сомасы 81 млрд теңгеге бұзушылықтарға жол берілмеді.

370 аудиторлық іс-шаралар жүргізілді. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен 11 млрд теңге сомасына бұзушылықтар жойылды.