Аймақтар • 13 Наурыз, 2019

Қатты қалдықты өңдеуге кірісті

979 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кешені іске қосылды. Бұл фин инвесторларымен арада жүргізілген бірнеше жылдық әріптестіктің жемісі. «Жасыл экономика» аясында қызметін бастаған кәсіпорынның ашылуына өңір басшысы Алтай Көлгінов қатысты.

Қатты қалдықты өңдеуге кірісті

Фин инвесторларының бастама­сы­мен іске қосылған өңірдегі тұң­ғыш кешен жылына 100 мың тон­на қатты қалдықты өңдей алады. Бұл жөнінде шараға қатысқан финлян­дия­лық «ICM Recycling Creen Service Company» компа­ниясының құрыл­тай­шысы Кал­вер Каппер мен «Finnish Business Hub» орта­лығының директоры Мұхтар Ман­кеев айтып берді.

Бір қызығы, Оралдағы осы жоба­ның алғаш­­қы «кірпіші» Аста­на­дағы ЭКСПО-2017 көрмесінде қаланған. Дәлі­рек айтсақ, облыс басшылары мен фин кәсіпкерлерінің таныстығы сол кезден басталыпты. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде пайда болған бұл кешенді көтеруге 400 млн теңге жеке қаржы құйылған. Әзірге мұнда 45 адам қызмет етеді. Жақын арада өңдеу кешенінің қызметкерлері 100 адамға жетпек.

– Осы маңызды жобаны іске қо­су­­­ға екі жыл еңбек еттік. Әуелі ЭКСПО-2017 көрмесінде қатты қал­­­­дық­­­тарды өңдейтін финдік ком­па­ния­ның жұмысымен таныстық. Көп ұзамай Финляндия еліне арнайы бардық. Бұл ел көң-қоқысты 20 жыл бұрын өңдей бастаған екен. Қазір көп тәжірибе жинады. Бүгінде Астана және Алматы қалаларында да осындай кәсіпорын салынып жатыр. Финляндия компанияларымен ара­дағы келісім бойынша инвестор 400 млн теңге қаражатын осы кәсіп­орын­ның құрылысына жұмсады. Міне, бүгін қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрып­тайтын кешен іске қосылды. Біз­дің ұсынысымызды қолдаған фин­дік компания өкілдеріне және Фин бизнес хабының директоры Мұхтар Манкеевке алғыс айтамыз, – деді өңір басшысы А.Көлгінов.

– Финляндияда тұрмыстық қатты қалдықтың 99 пайызы қайта өңделеді. Қазақстандағы бұл көрсеткіш әзірге 11 пайызды ғана құрайды. Біз бүгін іске қосып отырған кешен Оралдағы өңделетін қалдық көлемін 23 пайызға жеткізуі тиіс. Әуелгі жоспарымызда бұл жерден биогаз өндіруді де көз­де­ген едік. Бірақ мұнда өрттің жиі болуы газ өндіруге мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан кешенде сұрыпталған қалдықтың жарамсыз бөлігін арнайы жерге жинап, алдағы 3-4 жылдан бас­тап биогаз өндіре бастаймыз, – дейді осы жобаның құрылтайшысы Калвер Каппер.

Енді қала билігінің алдында тұр­ғын­­дарды тұрмыстық қалдықты сұ­­­рып­­тап жинауға үйрету мәселесі тұр. Көп кешікпей Орал көшелерінде арна­йы қоқысты сұрыптап салатын түрлі жәшіктер пайда болмақ. Сондай-ақ бала­бақшалар мен мектептерден бас­тап қоқысты сауатты сұрыптау бағы­тында арнайы сабақ жүргізу жос­пар­лан­ған.

Өңір басшысы болашақта осындай кешен­дерді аудан орталықтарында да ашу жоспары бар екенін айтады. «Болашақта күл-қоқысты кәдеге жара­тып, қажетті заттар шығаруға, сон­дай-ақ биогаз өндіретін жағдайға да қол жеткізетін боламыз» дейді А.Көлгінов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы