Аймақтар • 13 Наурыз, 2019

Жылжымалы топтардың жұмысы нәтижелі

948 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында жұмыспен қамту орталықтарының жылжымалы мобильді топтары көп балалы және аз қамтылған, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға душар болған отбасыларына көмек қолын созу ісінде қарқынды жұмыс істеуде. Бұған облыс басшылығы да жіті назар аударып, жалпы жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр.

Жылжымалы топтардың жұмысы нәтижелі

Таяуда облыс әкімі Ерлан Қо­шанов Бұқар жырау ауда­нын­дағы Чкалов және Садовое ауыл­дарындағы көп балалы отбасыларға арнайы ба­рып, жұмыспен қамту орталық­тарының мобиль­дік топтары қалай жұмыс іс­теп жатқанын тексерді. Өңір бас­­шысының өзі ауыл тұрғын­да­ры­на 1 сәуірден бастап жәр­дем­ақының қалай өсетінін, мем­лекет тарапынан қандай көмек алуға болатыны жайында әңгімеледі. 

Бұқар жырау ауданында тұрғындармен болған кез­десу барысында атаулы әлеу­меттік көмектердің қалай есептелетінін, оны кімдердің ала алатынын, оған қандай құжаттар керек екенін нақты мысалдармен егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Байт Апейдің отбасы қосал­қы аула шаруашылығын есептегенде атаулы әлеуметтік көмек ретінде 10 мың теңге алып келген. Ал енді, 1 сәуірден бастап ай сайын жәрдемақы көлемі 95 мың теңгеге дейін өседі. Қаржылық қолдаудан бөлек, бұл отбасында жұмыспен қамту мәселесі де шешілді. 38 жастағы отағасының ешқандай мамандығы болмаған. Жұмыс­пен қамту орталығының мамандары оған қай жерде тегін оқуға болатынын, одан кейін тұрақты жұмысты қалай табу керектігін айтып берді.

– Біздің төрт баламыз бар. Жолдасымның тұрақты жұ­мысы жоқ, мен үй шаруасындамын. Баспана жалдап тұрамыз. Енді Мемлекет басшысының ар­қа­­сында мемлекеттен алатын жәрдемақымыз көбейді. Егер күйеуім жұмыс тапса, бола­шақ­та өз үйіміз болады деп ой­лай­мын. Біз бұл мүмкіндіктер тура­лы мүлдем білмеген едік, енді міне мамандар түсіндірді, тегін оқу жөнінде айтты. Мен қазір кішкентай баламмен үйде отырмын. Күйеуімнің білімі жоқ еді, оқуға жіберемін. Одан кейін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз деп уәде етті, – дейді отанасы Бира Ақерхан. 

Атаулы әлеуметтік көмек алатын­дардың көбі ипотека алу мүмкіндігі туатынына қуа­ныш­ты екендіктерін жеткізді. Егер отбасының бір мүшесі жұмыс істеген жағдайда бұл мүмкін болады. 

Татьяна Глушконың отбасы жақында Чкалов аулына көшіп келген. Бұрын ол атаулы әлеуметтік көмекті мүлдем алмаған. Татьяна жалғыз өзі 4 баланы тәрбиелеп отыр және асыраушысының қайтыс болуына байланысты берілетін 70 мың теңге жәрдемақыны алып келген. Енді бұл отбасы қосымша 90 156 теңге алатын болады. 

– Әзірге мен жұмыс істемей­мін. Кішкентай қызыммен үйде отырмын. Үлкен балаларым мектепте оқиды. Біздің Президентке көп балалы отба­сы­­ларының жағ­дайын ойлап жатқанына алғы­сымды біл­ді­ремін. Бұл үлкен қолдау. Теміртаудың ескі қала­сын­дағы балабақшаның құры­лысы аяқталған соң қызымды сонда беріп, өзім жұмысқа орналасамын. Бұл үшін алдымен оқу оқимын деп жоспарлап отырмын. Маған тегін оқу туралы айтып берді, – дейді Татьяна.

Бұқар жырау ауданында жұмыспен қамту орталығының жыл­жымалы мобильді тобы бір ай ішінде 29 елді мекенге барған.

– Біз әр отбасымен жеке жұ­мыс жүргіземіз. Қандай мәселе­лері бар екенін анықтаймыз. Күн сайын 4-5 елді мекенге барамыз. Күніне 140-150 адамға кеңес береміз, – дейді Бұқар жырау ауданының жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Жүнісова.

Қарағанды облысында бү­гінгі таңда жұмыспен қам­ту орталықтарының жылжыма­лы мобильдік топтары аймақ бойынша нәтижелі жұмыс істеуде. Мамандар үй-үйді аралап, 1 сәуірден бастап көмек қалай төленетіні туралы айтып қана қоймай, бизнесті дамыту үшін қайтарымсыз несиені қалай алуға болатынын, қайта оқудан өту және жұ­мыс табу туралы ақпаратты жет­кізуде. Бұдан бөлек, әр үйдің мекен­жайлық әлеуметтік картасы жасалуда. Онда отбасының бар­лық мәселесі көрсетіледі. Осы­лайша аймақта көп балалы, аз қам­тылған және өмірлік қиын жағ­дайларға тап болған отбасылар анықталу үстінде. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы