Аймақтар • 13 Наурыз, 2019

Әлемге әйгілі математик Түркістанда өз мектебін ашады

1507 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Уалбай Өмірбаевтың 1972 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жапон ғаламы М.Нагатаның есебін 2001 жылы, ағылшын математигі П.Конның есебін 2004 жылы шешкені әлемге мәлім.

Әлемге әйгілі математик Түркістанда өз мектебін ашады

ҚР Мемлекеттік және Америка математика қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлықтарының иегері, бүгінде АҚШ-та Детройт штатының Уейн университетінде дәріс беретін ғалым Түркістан қаласында өз мектебін ашпақ. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуде Уалбай Өмірбаев алдағы уақытта өңір оқушыларына ұдайы интерактивті жүйемен математика сабағын жүргізетінін айтты. Сондай-ақ, ғалым Түркістан қаласынан арнайы жоғары математикалық мектеп ашуға ниетті екендігін жеткізді.

Кездесуде өңір басшысы У. Өмірбаевқа әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. «Экономика, өндіріс салалары математика ғылымымен тығыз байланыста дамиды. Ғалымдардың ғылыми жаңалықтарының арқасында өнім артады. Нагата, Кон сынды әйгілі математиктердің есебін шешкен өзіңіздей әлемге танымал ғалымдардың елден шығып, әлемге күллі Қазақстанды танытып жатқандығы бізді қуантады. Енді туған жерге ту тігіп, Түркістан облысында, оның ішінде Түркістан қаласында өз мектебіңізді қалыптастырып, ауылдан шыққан талантты балаларымызды қолдауымыз қажет», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Ғалымжан Елшібай,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы