Қоғам • 14 Наурыз, 2019

Денсаулық сақтау министрлігі: Тырысқақ ауруының таралу қаупі жоқ

1079 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2019 жылғы 11 наурызда Астана уақытымен сағат 24:00-де Дели-Астана бағыты бойынша ұшып келе жатқан «Эйр Астана» компаниясының әуе кемесі астананың халықаралық әуежайына келіп қонды. Авиакомпания агентінің хабарлауынша бортта дене қызуы 37ºС-тан жоғары, құсып, іш өтуіне шағымданған, тырысқақ ауруына күдікті транзитті жолаушы – Украина азаматы болған.

Денсаулық сақтау министрлігі: Тырысқақ ауруының таралу қаупі жоқ

Эпидемияға қарсы іс-шаралардың алгоритміне сәйкес әуежайдың барлық жер бетіндегі қызметтері дайын тұрды, шекара қызметі бортпен байланыс орнатты. «Эйр Астана» компаниясы қызметкерлерінің дұрыс жұмыс істеуі барлық қызметті уақтылы дайындыққа келтіруге мүмкіндік берді. Науқас ұшу кезінде барынша оқшауланды. Дәретханаға өңдеу жүргізілді, науқас үшін жеке дәретхана бөлінді, жолаушылар жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілді.

Астананың әуежайында ұшақты отырғызу үшін санитариялық тұрақ дайындалды, тіркеу жағдайын анықтау үшін жолаушылар санитариялық тұрақтан жеке бөлінген залға автобустармен жеткізілді. Бортқа инфекционист-консультант, екі эпидемиолог және ұшақты дезинфекциялық өңдеу жүргізетін топ жедел көмек машинасымен шықты.

Инфекционист науқасты қарап-тексерді, эпиданамнез жинады. Нәтижесінде: «Ауырлық дәрежесі орташа жіті ішек инфекциясы, тырысқақ?» диагнозы қойылды.

Науқастың емдеуге жатқызудан бас кезінде бас тартуына қарамастан, науқас жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауланды, зертханалық зерттеу үшін сынама алынды.

Науқастың емдеуге түскендегі жағдайының ауырлық дәрежесі орташа, регидратациялық және симптоматиялық ем алуда. Барлық зертханалық зерттеулердің (ПТР, серология және бактериология) нәтижелері алынғаннан кейін төртінші тәулікте соңғы диагноз қойылатын болады.

Бұл ретте, 5 санитариялық автокөлік және 15 медицина персоналы жұмылдырылды. Науқасты көшіргеннен кейін бортты, автобустарды, терминалдың күту залын, багажды дезинфекциялық өңдеу жүргізілді. Сондай-ақ авиалайнердің ағынды суын дезинфекциялық өңдеу жүргізілді. Жолаушыларды күтіп алушыларға және жолаушыларға жүргізілген

түсіндіру жұмысы эпидемиологтардың барлық талаптарын ұйымшылдықпен орындауға мүмкіндік берді.

Бұдан басқа, науқаспен тығыз байланыста болған әріптесі де қарап-тексерілді, ол да жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауланды. Санитариялық-карантиндік бақылау мамандары барлық байланыста болған 135 жолаушыдан және экипаждың 8 мүшесінен кейіннен тұрғылықты мекенжайы бойынша қаралуы үшін сауалнама алып, сұрау алу жүргізді. Қазақстан Республикасының байланыста болған азаматтары туралы ақпарат тұрғылықты мекенжайы бойынша одан әрі медициналық бақылануы үшін Денсаулық сақтау басқармасына жіберілді. Алыс-жақын шетелдің 101 транизитті жолаушысының ішінде 70 адам баратын еліне ұшып кетті, қалған жолаушылар 12 сағаттың ішінде ұшуды күтіп отыр. Транзитті жолаушылардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, шағым жоқ.

Оперативті уақтылы жұмылдырылған денсаулық сақтау министрлігі мен әуежайдың барлық қызметтерінің жұмысы жолаушылар мен астана тұрғындарының денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жағдайды бақылауда ұстап, ұшақ әуеде болған кезде де эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралардың толық көлемін жүргізді. Инфекцияның Қазақстанға таралуының алдын алу қамтамасыз етілді. Үндістаннан келетін барлық авиарейстерді ҚР ДСМ ҚДСК тұрақты бақылауға алып отыр.

Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу жалғастырылуда.