Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

Ақмола облысында малды асылдандыру жұмыстары қолға алынып жатыр

1097 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде екі жарым есеге арттыруды тапсырды. Міндетті жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысында малды асылдандыру жұмыстары қолға алынуда.

Ақмола облысында малды асылдандыру жұмыстары қолға алынып жатыр

Мәселен, фермерлік шаруашылықтарды дамыту мақсатында 2018-2027 жылдарға арналған арнайы бағдарлама әзірленді. Яғни, етті мал шаруашылығын дамытамын деушілерге жеңілдетілген шарттар бойынша несиелер берілуде. Әзірге бұл бағытта облыс көлемінде 24 жоба мақұлданған.

Ірі қараны асылдандыру күн тәртібінен түскен емес. Үкімет тарапынан мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға қолайлы жағдай жасалып келеді. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасымен етті мал шаруашылығын дамытамын деушілерге 4 процент үстемемен 15 жылға дейін несие берілуде. Оның алғашқы екі жылғы төлеміне демалыс беріледі. Мұндай жеңілдік бұрын-соңды болмаған.

Зеренділік кәсіпкер Баян Сковородникова мал басын асылдандырып, оны көбейту мақсатында жеңілдетілген несие алуды көптен бері ойлап жүрген болатын. «Сыбаға» бағдарламасы бұл ойын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Ол жылына 4 пайыздық есеппен 40 миллион теңге несие алып, ангус тұқымды 70 бас ірі қара сатып алған.

– Біздің шаруашылық жұмысын енді ғана бастады деуге болады. 2017 жылы 60 бас ірі қара сатып алдық. Ал, 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасына қатысуды ұйғардық. Сөйтіп, 14 проценттік көрсеткішпен 40 миллион теңге несие алдық, оның 10 пайызын мемлекет субсидияласа, кәсіпкер тек 4 процент бойынша төлейді. Бүгінде ақшаны алып, малды сатып алдық. Ангус тұқымды 70 бас ірі қара. Бұл өнімділігі жоғары мал. Сондықтан, одан жақсы өнім алудан үміттіміз. Малды желтоқсан айында әкелдік. Қазір жерсініп жатыр. Енді алдағы уақытта асыл тұқымды бұқа сатып алмақшымыз,–дейді кәсіпкер Баян Сковородникова.

Асыл тұқымды етті ірі қара мал шаруашылығын дамыту мақсатында қолға алынған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша биыл 24 жоба несиелендірілді. Оның жалпы құны 1 миллиард 105 миллион теңге.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Ақмола филиалы тарапынан 24 жоба мақұлданды. Шет мемлекеттен ірі қара малды енгізу жобасы іске асырылды. Соның ішінде бізге Ресейден, Чехиядан 502 бас асыл тұқымды ірі қара енгізілді. Қалған жобалар бүгінгі таңда шеттен кіргізу жобасы іске асып жатыр. 2019 жылы бұл іс Үкімет тарапынан қолдауменен іске асырылады. Биыл әрі қарай жалғастырылып жатыр, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Ақмола филиалы директорының орынбасары Абзал Кенжеахметов.

Ақмола  облысында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Малдың жыл сайынғы өсімі 2-7 проценті құрайды. Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша өткен жылы өңірде жаңадан 30 шаруашылық құрылған. Нәтижесінде 1 мыңнан аса асыл тұқымды мал сатып алынды, тағы 2 мың бас ірі қара сатып алу жобасы мақұлданды. Статистикаға көз салсақ, облыс бойынша бүгінде ірі қара саны 419 мың 500 бас. Ал, өндірілген еттің барлық түрі 58,4 мың тоннаны құрап отыр.

– Елбасының ірі қара мал эскпортының әлеуетін арттыру туралы тапсырмасын орындау бағытында жұмыс істеудеміз. Өткен жылы өңірден 712 тонна сиыр еті экспортталды, жоспар 700 тонна болатын, қазір бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жалпы, алыс және жақын шетелге ет экспортынан өңіріміз ортаңғы орындарда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі Серік Шайкөзов.

Ағымдағы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген көрсеткішке сәйкес, Ақмола облысына импорттық селекциядағы 9 мың ірі қара әкелінуі тиіс. Сондай-ақ, асыл тұқымды ірі қара өсіру мен сиыр еті өндірісімен айналысатын 181 ферма ашу жоспарланып отыр.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы