Әлем • 15 Наурыз, 2019

Қару-жарақ нарығы қалғымайды

1307 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Швецияның астанасы Стокгольм қаласында «Әлем проблемаларын зерттеудің халықаралық институты» 1966 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ағылшын тіліндегі аббревиатурасы – SIPRI (Stockholm International Peace Research Institute). Осы институт 1969 жылдан бері SIPRI-дің жылдық есебін жария­лайтын журнал шығарады. Онда басқа мәселелермен қатар әлемдегі қару-жарақ нарығының жағдайы туралы деректер берілген.

Қару-жарақ нарығы қалғымайды

Жалпы, SIPRI қару-жарақты шығару мен тасымалдау, қысқарту мен шектеу, бақылау мен қаржыландыру салаларында нақты деректер бере алатын ғылыми-зерттеу институты деген атағына кір келтірмей келе жатқан ұйым. Өз деректерін институт барлық ашық дереккөздерінен алады. Оның құрамындағы сарапшылар әлемнің көптеген елдерінен шақырылған. Институт БҰҰ және ЕО сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Ғылыми ұйымның зерттеу бағыттарына аймақтық және жаһандық қауіпсіздік, қарулы қақтығыстар мен оларды шешу жолдары, әскери шығындар мен қарулы күштер, қарулануды бақылау, қарусыздану және таратпау мәселелері жатады. Соның ішінде әсіресе, әлемдік қару-жарақ нарығының қазіргі жағдайы мен болашақ бағдарын айқындайды. 

Осы институттың қару-жарақ нары­ғының ахуалы туралы былтырғы қо­ры­тындысына қарағанда соңғы бес жылда АҚШ әлемдік рыноктың 36 пайызын қам­туға қол жеткізген. Оның бес жылдағы үле­сінің өсімі 6 пайыз. Дәл осы жылдарда Ре­сей өзінің үлесін 17 пайызға азайтып алған. Бұл құлдырау негізінен Үндістан мен Венесуэлаға шығарылатын қарудың азайғанына байланысты болған. 

Қазір кез келген БАҚ-тың жазбаларына күдікпен қарауға тура келеді. Өйткені біразы деректерді бұрмалап, өздерінің қолайына қарай бұрып жариялайтынын көріп жүрміз. Мысалы, Ресейдің мем­лекеттік халықаралық RT (Russia To­day) телеарнасы өткен жылдың 18 жел­тоқсанында ғана Ресейдің қорғаныс өнер­кәсібі саласы қару сатуды 8,5 пайызға ұл­ғай­тып, оны 37,7 млрд долларға жеткізді деп қуана хабарлаған еді. (Авторлары Р.Шимаев пен А.Румянцева) Сөйтіп Ресей осы нарықтың 9,5 пайызын қамтып, 100 өндірушінің арасынан Ұлыбританиядан озып, екінші орынға шықты делінген онда. Енді SIPRI-дің деректеріне қарасақ, ол соңғы бес жылдағы экспортын 17 пайызға азайтып алғаны белгілі болып отыр...

«Қазір АҚШ әлемнің 98 мемлекетіне қару шығарады. Оның ішінде әскери ұшақтар, шағын қашықтарға жететін қанатты және баллистикалық зымырандар, басқарылатын бомбалар бар», деп жариялады SIPRI-дің қару-жарақ және әскери шығыстар бағдарламасының директоры О.Флорант. Осы лауазымды тұлғаның айтуына қарағанда Ресей 48 елге қару-жарақ экспорттап, АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Оның экспортының жартысы Үндістан, Қытай және Алжирге шығарылады.

Экспорттың өсімі жағынан соңғы төрт жылда Франция алға шыққан. Осы кезеңде ол қару-жарақ экспортын 43 пайызға ұлғайтқан. Ал Германия 13 пайызға өсірген. Осының арқасында қару-жарақ сату рыногының 6,8 пайызын қамтыған Франция үшінші орынға шығып тұр, ал Германия (6,4%) төртінші, Қытай (5,2%) бесінші орында. Осы бес мемлекет әлемдегі қару-жарақ сатудың 75 пайыздық үлесіне ие. Посткеңестік елдер арасынан Ресейден кейінгі экспортер Украина. Оның танк, броньды транспортер сияқты әскери жарақтары Нигерия, Таиланд, Хорватия, Қытай және Алжир сияқты мемлекеттерге экспортталады.

Қару-жарақ сатып алушылардың негізгі бөлігі Таяу-Шығыс елдері, барлық импорттың 87 пайыздық үлесі соларға тиесілі. Соның ішінде Сауд Арабиясы соңғы төрт жылда қару сатып алуды 192, Мысыр 206 пайызға ұлғайтқан. Әсіресе АҚШ қаруларын сатып алатындар осы аймақ елдері. Соның ішінде Сауд Арабиясы, БАӘ, Түркия мемлекеттерін осы қатарда атауға болады. Сонымен бірге Америка қарулары Оңтүстік Корея мен Аустралияға да миллиардтаған долларға шығарылады. Тайвань, Үндістан, Сингапур, Ирак, Мысыр елдері де америкалық қаруларға қомақты қаражаттарын сарп етеді.

Ресей қаруын алушылардың тізімін Үндістан бастап тұр. 2016 жылға дейінгі белгілі болған деректер осы ел Ре­сей қаруын 13,4 млрд долларға алға­нын айтады. Бірақ былтыр күзде «Рос­оборон­экспорт» және басқа да қорғаныс сала­сының компаниялары Үндістан алған қаруы үшін ақы төлей алмай отырғанын жариялады. Өйткені Ресейдің осы компаниялары АҚШ тарапынан жасалып отырған шектеулер (санкциялар) тізіміне енген, сондықтан үндістандық банкілер доллармен есеп айырыса алмай отыр. Қазір Ресей тарапы осындай тығырықтан шығудың жолын ұлттық валютамен есеп айырысудан іздеуде. Ондай тәжірибе де қолданысқа ене бастады. Мәселен, былтыр Үндістан Ресейдің «АлРос» компаниясынан алмаз алғанда өзінің Ресейдегі есепшоты арқылы рубльмен есептескен. Алайда, ондағы қаражат барлық шығынды өтеуге жете бермейді. Оның үстіне Мәскеу мен Дели қару-жарақ саудасы жөнінде 2012 жылдан кейін келісімшарт та жасамаған екен. Осыны сылтауратқан Үндістан үстіміздегі жылдың қаңтар 

айында Ресейдің С-400 кешенінен бас тартты. Ол ол ма, СУ-57 негізінде жасалған шабуылдаушы ұшақтың бесінші буынынан да бас тартып, есесіне Франциядан Rafale ұшағын сатып алған. Сөйтіп Ресей АҚШ санкциясының кесірінен қару-жарақ саудасы жөніндегі өзінің ең басты импортерінен де айрылып қалғалы отыр. Бұл үрдіс басқа тұтынушыларының арасынан да шығуы мүмкін. 

Ресей қаруын тұтынушы импортердің бірі Қазақстан. Біздің сатып алған қаруы­мызға ұлттық валютамен есепте­суімізге кедергі аз. Сондықтан алыс шетелдердегі әріптестеріне өткізуі қиындап кеткен қа­ру-жарағын Ресей ҰҚШҰ шеңберіндегі одақтасы – бізге арзандатылған бағамен сатса, Қазақстан үшін тиімді болар еді.

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»